Ең қымбат автокөлікті қай облыстың әкімі мінеді?

Oinet.kz 24-08-2019 1386

Screenshot_3.jpg

Облыс әкімдерінің атқарып отырған барлық іс-әрекеттерін «Елбасы тапсырмасымен» байланыстырып, кей жағдайда жауапкершілікті Президентке аудара салатын «әдеттері» бар. Туалет салса да тапсырма болғанын алдымен ауызға алатын шенеуніктеріңіз кей мәселеде ақпақұлақ. Елбасы тапсырмасын «ұмытып» немесе орындамаудың түрлі жолын табатындар аз емес. Батыс Қазақстан облысы әкімінің көлігіне қатысты шыққан әңгіме осыдан үш жылдан астам уақыт бұрынғы Елбасы сөзін еске салып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы өткен индустриялық форумда мем¬лекеттік қызметкерлердің отан¬дық көліктен ат-тондарын ала қашуларын мәдениетсіздікке, бассыздыққа балап: "...Бұлар "Мерседеспен" ғана жүргісі келеді. Керек болса, қалтасынан шығарып сатып ал¬сын. Дереу тыйым салыңдар! Бұ¬ған бюджеттің қаражаты жұм¬салмасын! Өзін ауқатты санай¬тындар 200 мың долларға көлік мінгісі келсе, мінсін!.. Бізде тан¬кіні жеңіл көлік ретінде сататын болса, оған да мінуге дайын. Яғни өз-өзін көрсету үшін техниканы мәртебе деп санайтындар бар...", – деп сүйектен өтетін сөз айтқан болатын. Мемлекеттік қызметкерлердің отандық көлікке мінуі тиіс екендігі одан кейінгі жылдары да айтылды. Бірақ... Президенттің пікіріне қосылып, күні ертең отандық көлікке ауысатындай кейіп танытқан шенеуніктер шетелдік көліктерге жарма¬суларын жалғастырып жатыр. Елбасы айтқандай «өз-өзін көрсету үшін техниканы мәртебе деп санайтындар» әлі де аз емес. Әсіресе, облыс әкімдері арасында.

Жуырда бұқаралық ақпарат құралдарында Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновтің құны 56 млн теңге немесе 169 мың доллар тұратын көлік мініп жүргені жарияланды. Аймақ басшысы мініп жүрген көлік арнайы тапсырыс бойынша жасалған. «Уральская неделя» басылымының хабарлауынша, Қазақстандағы Audi маркасының ресми дилері болып табылатын Алматыдағы «Mercur Auto» компаниясы сәнді, әрі мінсіз «Audi» көлігінің соңғы үлгісі «A8 Long-ты» Орал қаласына өздері жеткізіп берген. Бұл модельге енді тапсырыстар қабылданбайтын көрінеді. Оралда бұл көліктің бөлшектері сатылатын және жөндейтін жер болмағандықтан, көлік бұзылып қалған жағдайда Самараға немесе Атырауға апаруға тура келеді екен. Осы арада А.Көлгінов Елбасы тапсырмасын орындаған болар деген де ой келеді. Өйткені Елбасы «Өзін ауқатты санай¬тындар 200 мың долларға көлік мінгісі келсе, мінсін!..», демеп пе еді. Ал Көлгіновтің кедей емес екені анық. Дегенмен, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Жарқын Жұмаділов басшысының көлікті сатып алмағанын мәлімдеді. «Әкімнің қызметтік көлігі үшін бюджеттен қаржы бөлінбеді. Яғни, жаңа көлік сатып алынған жоқ. Осы уақытқа дейін болған «Мерседес» көлігінің жалға алу уақыты 2016 жылдың 31 желтоқсанында аяқталған болатын. Жаңа жылдан бастап, «Ауди» А8 көлігі жалға алынғаны рас. Аренда ай сайын 50 мың теңге», -депті әлеуметтік желідегі парақшасында баспасөз-хатшысы. Алайда мұндай «шикарный» көлікті ай сайын 50 мың теңге төлеп арзан жалға алуға болатынына күмәнданушылар көп. «Уральская неделя» басылымы салыстырмалы түрде «CITY такси» бюджеттік 2012 жылғы «Reno Logan» көлігін айына 110 мың теңгеге жалға алуға дайын екенін айтады.

Screenshot_4.jpg

Көлгіновтың көлігін көргендер өзге әкімдердің мініп жүрген мәшинесі қандай екенін білгісі келері анық. Осы орайда «informburo.kz» өткен жылы зерттеу жүргізіп, 14 облыс әкімінің қызметтік көліктері бойынша рейтингін түзген. Облыс әкімдерінің тек екеуі ғана елімізде құрастырылған көлікті қалапты. Елбасы сөзінен қорытынды шығарған кімдер дерсіз. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 2014 жылы шыққан «Kia Mohave» көлігін жұмысқа мініп жүр. Сондай-ақ, Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев «Skoda Superb-ты» қызметтік көлігі ретінде пайдаланатынын хабарлапты. Алайда, облыс аудандарын аралағанда әкім «Lexus-қа» мінеді екен.

14 облыс әкімінің алтауы өздерінің өңірлердегі жұмыс сапарында тек «Lexus 570» көлігін мінгенді қалайды, ал он төрт облыстағы бірінші басшылардың жартысы S санатты «Mercedes-Benz-ті»тізгіндейді. Ал, енді бағасы мен көліктің «жасына» келсек, ең арзаны және ең жасы Б.Сапарбаев мініп жүрген елімізде құрастырылған «KIA Mohave» болып тұр. Ол 2014 жылғы және сол кездегі баға бойынша 14 млн. теңге тұрады. Бұл орайда, Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің 2008 жылы шыққан қызметтік көлігі «Toyota Land Cruiser» арзандау секілді – 13 млн. теңге. «informburo.kz» келтірген өткен жылғы дерек бойынша ең ескі де, арзан көлікті Атырау облысының әкімі мініп жүр екен. Нұрлан Ноғаевтың «Mercedes-Benz» қызметтік көлігі 2004 жылғы және бағасы 3,5 млн. теңге. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов үшін 2006 жылы шыққан Mercedes-Benz S350 көлігі 22,3 млн теңгеге сатып алынған. Ал, Батыс Қазақстан мен Атырауды айтпағанда ең қымбаты Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың 29,2 млн. теңгелік «Mercedes-Benz-і» болып тұр. 

Еліміздің үш облысында аймақ басшыларының екі көлігі бар екен. Оның бірі негізгі болып саналса, екіншісі алыс аудандарға шығатын кезде мінетін кезекші ретінде пайдаланылады. Мысалы, Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев үшін 2013 жылғы «Skoda Superb» көлігі сатып алынған. Оның бағасы – 9 661 000 теңге деп көрсетілген. Ал 2010 жылғы «Lexus» әкім үшін 22 285 400 теңгеге түскен. Яғни, облыс әкімдері арасында жоғарыда біз айтып өткен А.Көлгіновтен кейін автопаркі ең қымбат әкім ретінде аталып отыр. Екі көлік жалдап отырған әкімнің тағы бірі – Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков. Облыс әкімдігі қызметтік - Mercedes-Benz S500 және кезекшілік - Lexus Lx570 көлігін жалдайды екен.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қандай көлікпен жүр? Естуімізше, облыстағы маңызды шаруалардан қолы босай қоймаған Ж.Түймебаев көлік ауыстыру мәселесін қозғамаған. Яғни, қызметке кіріскенге дейін әкімдіктің автогаражында тұрған «Mercedes-Benz S500» және «Toyota Land Cruiser» көліктерін пайдалануда. Олардың жалпы құны 34 млн. теңге болады екен.

Мұрағаттан, 2017 ж

«Мұғалім болу үшін директорға кемі 1000 доллар бересің»
«Синий кит» (Көк кит) ойыны жайлы не білеміз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу