Әлеуметтік қолдау: көмек кімге және қалай жетуі керек?
Адам өмірінде мемлекет көмегіне мұқтаж болатын кезеңдер аз емес. Бірі жұмысынан айырылып, тұрмыстық қиындыққа тап болса, енді бірі жасының ұлғаюына байланысты қолдауға зәру. Сондықтан мемлекеттік көмекті азаматтардың нақты жағдайына қарай саралап, шын мұқтаж жандарға бағыттау мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

Осы орайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік көмектің атаулылығын арттыруға бағытталған пилоттық жобаны қолға алмақ. Жаңа бастаманың мақсаты – отбасылардың нақты материалдық жағдайын ескере отырып, бюджет қаражатын шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау. Себебі қолданыстағы кейбір әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде отбасының әл-ауқаты толық ескерілмей, табысы жоғары отбасылар да қиын жағдайда қалған азаматтармен бірдей көмек алуы мүмкін. Пилоттық жоба аясында әл-ауқаты жоғары және ауқатты санаттарға жатқызылған отбасыларға берілетін 36 әлеуметтік төлемнің 12 түрін ұсыну тетігі қайта қаралады. Бұл мемлекеттік міндеттемелерден бас тарту емес, керісінше, көмекті қажеттілігіне қарай әділ бөлудің жаңа тәсілі. Жобаны үйлестіру үшін министрлік жанынан арнайы жобалық офис құрылып, оның құрамына Президент Әкімшілігі, Үкімет Аппараты, Құрылтай өкілдері мен сарапшылар қауымдастығының мүшелері енгізілген. Өзгерістер кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, азаматтардың заңды құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына басымдық беріледі.
«Біз жәрдемақыны формальды тағайындаудан отбасының нақты мұқтаждық деңгейін бағалауға көшіп жатырмыз. Отбасының мүліктік және әлеуметтік жағдайы бағаланатын болады», – деген еді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Әлеуметтік қолдаудың мұндай үлгісі халықаралық тәжірибеде де кеңінен қолданылады. Мәселен, Ұлыбританияда Universal Credit төлемін тағайындау кезінде отбасының табысы, жинақтары мен инвестициялары есепке алынады. Аустралияда JobSeeker Payment алушының және оның жұбайының табысы мен активтеріне қарай белгіленеді. Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанда да әлеуметтік көмек көрсету кезінде отбасының материалдық жағдайын бағалау тетіктері бар. Қазақстанда да атаулы әлеуметтік көмек табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен отбасыларға көрсетіледі.
Мамандардың мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың басынан бері атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) 40,4 мың отбасыдан 218,2 мың адам алыпты. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша тағайындалған көмектің жалпы көлемі 23,1 млрд теңгені құраған. Биыл АӘК көрсетуге мемлекеттік бюджеттен 62,7 млрд теңге қарастырылған дейді жауаптылар.
Әлеуметтік қорғаудың тағы бір маңызды тетігі – арнайы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру. 2026 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша, елімізде мұндай қызмет көрсетуге 625 ұйым лицензия алған. Оның 463-і коммуналдық мемлекеттік мекеме болса, 162-сі үкіметтік емес ұйымдар. Жалпы берілген лицензия саны – 707. Ал арнайы әлеуметтік қызметтерді 108 мыңға жуық адам пайдаланып отыр. Олардың қатарында мүгедектігі бар азаматтар, жалғызбасты қарттар, тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары бар.
Қарттық – құрметке лайық кезең. Еңбекпен өткен ғұмырдың зейнетін көріп отырған аға буын өкілдерінің тұрмысын жақсарту, денсаулығын сақтау және қоғаммен байланысын үзбеуіне жағдай жасау мемлекет назарындағы маңызды мәселелердің бірі. Қазір Қазақстанда зейнетақы алатын 2,6 миллионға жуық азамат бар. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 10 пайызға өсті. Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ең жоғары мөлшері 118 пайызына дейін жеткізілді. Сонымен қатар биыл шамамен 120 мың қарт азаматты қолдауға 6,6 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталды. Бұл қаржы дәрі-дәрмек алуға, емделуге, коммуналдық шығындарды өтеуге, қатты отын сатып алуға және сауықтыру шараларына жұмсалады.
Адамның жасы ұлғайғанымен, өмірге деген құлшынысы мен жаңа нәрсеге үйренуге деген ынтасы бәсеңдемеуі керек. Осы тұрғыдан алғанда, аға буын өкілдеріне қамқорлық көрсету тек материалдық қолдаумен шектелмей, олардың белсенді өмір сүруіне де бағытталуы тиіс. Осы ұстаныммен елімізде 132 "Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы" жұмыс істейді. Мұнда егде жастағы адамдардың денсаулығын нығайтуына, білімін жетілдіруіне, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасалған. Мәселен, Астана қаласындағы осындай орталыққа 23 мыңнан астам зейнеткер тіркелген. Алты аудандық бөлімшеге күн сайын 2,5 мыңнан астам адам келеді. Мұнда 20 бағыт бойынша үйірмелер мен секциялар, 30-дан астам қызығушылық клубы ұйымдастырылған. Зейнеткерлер йога, цигун, би, волейбол, үстел теннисімен шұғылданып, компьютерлік сауаттылық пен шет тілдерін үйренеді. Қолөнер, тігін, поэзия, вокал сабақтарына да тегін қатыса алады. Мұндай орта адамның тек уақытын тиімді өткізуіне емес, жаңа достар тауып, өзін қоғамға қажет сезінуіне де ықпал етеді.
«Жетім көрсең, жебей жүр, жесір көрсең, демей жүр» деген халық даналығы қазақ қоғамында әлсізге сүйеу болу ежелден адамдық парыз саналғанын білдіреді. Бүгінгі әлеуметтік саясаттың да мәні осында. Мемлекеттік көмектің міндеті – тек қаржы үлестіру емес, қиындыққа тап болған жанның еңсесін тіктеп, өз өмірін өзі алып жүруіне жағдай жасау. Ал шынайы қолдау мұқтаж адамның қолына дер кезінде жетіп, оның ертеңіне сенім ұялатқанда ғана өз мақсатына жетеді.


