Мәслихат сайлауына кімдер түсіп жатыр?

«Біз бәріміз біртұтас қоғам болып, Әділетті Қазақстанды құру ісін қолға алдық. Әділеттілік қағидаттарын халқымыз арасында дәріптеп жатырмыз. Шын мәнінде, әділеттілік ең жоғары рухани құндылық десек, дұрыс болады. Жаңа партияға «Әділет» атауын бердік».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған құттықтауында жұртшылыққа осылай деді. Президенттің бұл сөзі жай ғана саяси ұран емес, әрине. Әділетті қоғам құру үшін ең алдымен мемлекеттік органдардың жұмысы ашық, ал халықтың атынан өкілдік ететін азаматтардың жауапкершілігі жоғары болуы керек. Бұл талап жергілікті өкілді орган – мәслихаттарға, халықтың қалаулысы атанған депутаттарға да тікелей қатысты.
Ал алдағы 29 қарашаға белгіленген мәслихат сайлауын өткізу Президент айтқан әділеттілік қағидаларына қаншалықты сәйкес келеді? Тақырыпты тарқатып айтайық.
Жалпы, биліктің барлық буынын жаңғыртып жатқан Жаңа Қазақстанда мәслихаттың маңызына бұған дейін Президент бірнеше мәрте тоқталған болатын. Қайбір жолы Мемлекет басшысы депутаттардың бюджет қаражатының жұмсалуын қатаң бақылауға тиіс екенін ескертті. Жергілікті бюджеттерді жоспарлау кезінде депутаттарға толық ақпарат берілмейтіні, бюджет жобаларының мәслихат қарауына соңғы сәтте ұсынылатыны сынға алынды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев депутат халық пен билік арасындағы көпір болып, нақты нәтижеге қол жеткізуге тиістігін атап өтті. Өз міндетін орындамаған немесе депутаттық әдепті бұзған азаматтардың жауапкершілігін күшейту қажеттігі де айтылған. Яғни, бұған дейінгі конституциялық, парламенттік реформалар мәслихатпен жалғасуы тиіс. Оның алғашқы жемісі осы сайлау нуқанында байқалуы керек.
Бұған дейін хабарланғандай, мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-де (кеше кешке) аяқталды. Үміткерлерді тіркеу 1 қарашаға дейін жалғаса береді. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 28 қараша сағат 00:00-де тоқтатылады. 28 қараша – тыныштық, ал 29 қараша – дауыс беру күні.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес Түркістан облысында 1 миллион 209 мың 560 сайлаушы тіркелген. Бұл облыс тұрғындарының 56 пайызына тең. Алдағы сайлауда облыс бойынша барлығы 338 мәслихат депутаты сайлануға тиіс. Оның 46-сы облыстық мәслихат құрамына кіреді: 23 депутат партиялық тізіммен, тағы 23 депутат бірмандаттық округтер бойынша сайланады. Қалған 292 орын аудандық және қалалық мәслихаттарға тиесілі. Оның ішінде 44 депутат қалалық, 248 депутат аудандық мәслихаттарға сайланады.
Алайда сайлаудың алғашқы кезеңі аяқталғанымен, көкейде жауабы табылмаған көп сұрақтар қалды. Соның бірі кандидаттар туралы ақпараттың қолжетімділігіне қатысты.
Өткен аптаның сенбісінде «Әділет» партиясының Түркістан облыстық және Шымкент қалалық филиалдары өздерінің конференцияларын өткізіп, алдағы мәслихат сайлауына партия атынан ұсынылған кандидаттардың тізімін бекітті. Партияның филиалы үшін конференция шешім қабылдайтын ең басты орган саналады. Әрине, жиын барысында «жүзден жүйрік мыңнан тұлпар» шыққан таңдаулылардың аты-жөндері ресми түрде аталған шығар, бірақ тізімнің екі-үш күн бойы не әлеуметтік желіде, не ресми сайттарда жарияланбағаны әрқилы ойларға жетелейді. Ал мәслихат сайлауында әжептәуір мандат алып жүрген «Ақ жол», «Республика», «Ауыл» партияларының конференция өткізгені туралы мәліметтер мүлдем жоқ дерлік. Бұған дейінгі саяси науқандарда облыстық, аудан, қалалық әкімдіктердің сайттарында әр округ бойынша сайлауға түсуге өтініш білдірген кандидаттар туралы мәліметтер күн сайын дерлік жарияланып отырған еді. Бұл жолы облыстық, аудандық сайлау комиссиялары тіркеу аяқталғанша жұмған ауыздарын ашпады десек өтірік емес. Сонда мұндай құпиялық не үшін керек, кімге керек? Мұны бір деңіз.
Екіншіден, жоғарыда айтқан «жүзден жүйрік» шыққан кандидаттарды партияішілік іріктеу мәселесі де назар аудартады. Үміткерлер қандай өлшемдер бойынша таңдалды, олардың қоғамдық жұмысы мен кәсіби тәжірибесі қалай бағаланды? Таңдаулылар іріктелетін праймериз өтті ме, өтпеді ме? Әрине, партия праймериз өткізуге міндетті емес. Дегенмен әділдік қағидаларын басты ұстаным еткен кез келген партия ең мықты деген үміткерді анықтау үшін қандай да бір жүйе жасауы немесе шара өткізу тиіс емес пе? Бұл сұраққа да жауап табу қиын. Естеріңізде болса, 2021 жылы өткен сайлауда «Нұр Отан» партиясы кең көлемде праймериз өткізген. Праймериз демократиялық елдерде кеңінен қолданылатын, саяси науқандардың ең қызықты кезеңі саналады. Осы бір жақсы үрдіс жаңа Қазақстанда жалғасын таппай қалғаны өте өкінішті.
Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, «Әділет» партиясы Түркістан облыстық мәслихатына партиялық тізіммен 23 орынға 46 үміткер ұсынылған. Бұған қоса, бірмандаттық 23 округтің әрқайсысына бір-бір үміткерді қосқан. Сол 23-тің 7-еуі бұған дейін облыстық мәслихатта депутат болғандар. Әрине жаңа есімдер де көп. Арасында ағасының орнын інісі басқан факті де кездесетін көрінеді. Айтпақшы, өткен жолғы сайлауда басқа партияның атынан депутат болғандар арасында бұл жолы «Әділеттің» туын көтеріп жүргендері де, керісінше бұған дейін «Аманаттың» сапында болып, енді қалайда мандатқа қол еткізу үшін басқа партияның атынан додаға ат қосқандар да жоқ емес. Себебі түсінікті, жеңімпаздың бәрі 100 пайыз «Әділеттіктер» болуы қисынға келмейтіндіктен қандай жолмен болсын депутаттық мандатты иеленбей тынбайтындардың біреулері өзге партиядан немесе өзін өзі ұсыну жолымен жеңіске жететін әккі әдіс баяғыдан бері сынақтан өткен сценарий. «Ақтар келсе – ақ жалауды, қызылдар келсе – қызыл жалауды көтеріп шыға келетін» мұндай саясаткерлердің ұстанымынан гөрі, науқан сайын түсін өзгертетін туға бейімдігі басым ба деген ой келеді. Науқан сайын партиясын өзгертетін кандидаттардың елге қызмет етемін деген ұстанымдарына, сайлаушысы жүктеген аманатқа қаншалықты адал екендігін әрине, уақыт көрсетеді.
Қысқасы, мәслихат сайлауы Президент айтқан талаптарды жүзеге асырудың нақты қадамы бола ала ма? Бұл сұраққа дәл қазір жауап беру ертерек. Сондықтан елді ерекше қызықтыратын бұл тақырыпқа алдағы нөмірде кеңірек тоқталатын боламыз.
«Рейтинг» газеті, 28 қазан 2026 жыл.


