Түркістан облысында 338 мәслихат депутаты сайланады

Oinet.kz 22-10-2026

 images.jpg

Түркістан облысында мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау науқаны қыза бастады. 29 қарашаға белгіленген саяси науқанды ұйымдастыру мәселелері облыстық аумақтық сайлау комиссиясының отырысында қаралды.

Жоспарға сәйкес, кандидаттарды ұсыну 14 қазанда басталды, 27 қазан күні сағат 18:00-де аяқталады. Кандидаттарды тіркеу мерзімі 1 қараша күні сағат 18:00-ге дейін белгіленген. Сайлау алдындағы үгіт жұмыстары кандидаттарды тіркеу аяқталғаннан кейін басталып, 28 қараша сағат 00:00-де тоқтатылады. 28 қараша – тыныштық күні, ал 29 қараша – дауыс беру күні.

Өңірдегі сайлау науқанын ұйымдастыруға барлығы 1285 сайлау комиссиясы жұмылдырылады. Олардың құрамында 7 976 маман бар. Сайлау жүйесіне облыстық, 17 аудандық және қалалық, округтік және учаскелік комиссиялар кіреді. Облыс бойынша 952 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның 26-сы жабық учаскелер санатына жатады.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 1 қазандағы реестріне сәйкес, Түркістан облысында 1 миллион 209 мың 560 сайлаушы тіркелген. Бұл өңір халқының 56 пайызына тең. Осыған байланысты сайлау комиссияларының, округтердің тізімдерін дер кезінде жариялау және азаматтарды өздерінің дауыс беру учаскелері туралы хабардар ету жұмыстарына басымдық берілмек.

Алдағы сайлау қорытындысында облыс бойынша барлығы 338 мәслихат депутаты сайланады. Оның 46-сы облыстық мәслихат құрамына кіреді: 23 депутат партиялық тізім арқылы, тағы 23 депутат бірмандаттық сайлау округтері бойынша сайланады. Қалған 292 депутат аудандық және қалалық мәслихаттарға бірмандаттық округтер арқылы өтеді. Оның ішінде 44 депутат қалалық, 248 депутат аудандық мәслихаттарға сайланады.

 


ЕКІ ЖАҢА МОДУЛЬДІ СПОРТ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу