Екі жаңа модульді спорт залы ашылды

Oinet.kz 17-10-2026

fa3893a5-084f-4548-9025-910b4bf885f8.jpeg

Шымкент қаласының Қайнарбұлақ және Нұрсәт шағынаудандарында ангар үлгісіндегі екі модульді спорт залының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа нысандар тұрғындардың, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасап, бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Спорт залдарының ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.

Қала әкімі спорт инфрақұрылымын дамытуда тұрғындарға қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті.

«Әр шағынауданның тұрғындары тұрақты жаттығып, денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік алуы маңызды. Біз спорт нысандарының қолжетімділігіне ерекше назар аудара отырып, қаланың спорт инфрақұрылымын дамытуды жалғастырамыз», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Модульді спорт залдарының құрылысы 2025 жылдың қараша айында басталған. Жобалар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып, Шымкент қаласына сыйға берілді. Бұл бастама шағынаудандардағы спорт нысандарының санын арттырып қана қоймай, тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Жаңа спорт залдары баскетбол, волейбол және шағын футбол ойнауға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Нысандардың ішкі құрылымы спортшылардың жаттығуына және жарыстар өткізуге бейімделген. Мұнда ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер және 50 көрерменге арналған орындар қарастырылған. Сонымен қатар, суық мезгілде де жаттығу өткізуге мүмкіндік беретін жылыту жүйелері орнатылған.

Мұндай нысандардың тұрғын үй аумақтарына жақын орналасуы балалардың спорт секцияларына қатынауын жеңілдетеді. Ал жабдықталған залдарда түрлі спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Бұл жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне, қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыруына және спорттық дағдыларын қалыптастыруына ықпал етеді.

Қайнарбұлақ пен Нұрсәт шағынаудандарында ашылған жаңа залдар Шымкенттің спорт инфрақұрылымын толықтырып, бұқаралық спортты дамытуға қызмет етеді. Ендігі міндет – тұрғындардың осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау.


ДВА НОВЫХ МОДУЛЬНЫХ СПОРТИВНЫХ ЗАЛА ОТКРЫЛИ В ШЫМКЕНТЕ
Түркістан облысында 338 мәслихат депутаты сайланады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу