Импорттан – индустрияға: Отандық кәсіпкерліктің діңгегін бекемдеген бетбұрыс

Oinet.kz 16-11-2026

Кез келген мемлекеттің экономикалық егемендігі мен ертеңге деген сенімі оның өз ішінде өндіретін өнімімен, төл кәсіпкерлігінің қуатымен өлшенеді. Шикізатты шетелге шикі күйінде жөнелтіп, одан өңделген дайын тауарды еселеп қымбат бағаға қайта сатып алу – уақыт өте келе ел экономикасын тұралататын қауіпті үрдіс. Сондықтан бүгінде Қазақстанның экономикалық саясаты түбегейлі жаңа арнаға бет бұрды: басты басымдық – ішкі нарықты қорғау, импортқа тәуелділікті азайту және отандық тауар өндірушілерге жан-жақты серпін беру.

image.png

Бүгінде әлемдік нарықта алпауыт мемлекеттердің өзі ішкі өндірушілерін қорғау үшін батыл қадамдарға баруда. Бұл үрдіс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауы бойынша еліміздегі ішкі нарықты қорғау деңгейі тым төмен екенін (небәрі 128 тарифтік емес шара) ашық айтып, сауда саясатында батыл өзгерістер жасауды міндеттеді. Президенттің пайымынша, экономикамыздың өзге елдерге ашық болуы ұлттық бизнестің мүддесін аяқасты ету деген сөз емес – мемлекет өз өндірушілерін қорғауға міндетті.

Осы стратегиялық бағыт аясында Үкімет жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік сектордың сатып алуларындағы жергілікті өнімдер мен қызметтер үлесін 60 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Еске салсақ, 2023 жылы мониторинг субъектілері жалпы сомасы 25,9 трлн теңгеге тауар мен қызмет сатып алса, соның 12,9 трлн теңгесі ғана отандық кәсіпорындарға тиесілі болып, елішілік құндылық 49,7%-ды құраған еді. Ендігі меже – бұл көрсеткішті жаңа белеске көтеру.

Бұл ретте нарықты жалған өндірушілер мен алыпсатар делдалдардан тазарту үшін цифрлық бақылау күшейтілді. Бұрынғы «СТ-KZ» және индустриялық сертификаттардың орнына «Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі» іске қосылды.

«Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен оларды өндірушілер туралы ақпаратқа қол жеткізудің бірыңғай нүктесін қамтамасыз ететін осы тізілімге өнім шығарып отырған, өндірістік қуаты жеткілікті әрі даму әлеуеті бар нақты кәсіпорындардың ғана енуі аса маңызды», – деп атап өтті Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Бүгінде бұл цифрлық жүйеде 10 мыңнан астам (алғашқы кезеңде 6,6 мыңнан астам компания тіркеліп, оның 4 467-сі толық қазақстандық, 2 146-сы қайта өңделген өнім шығарған) кәсіпорын қамтылған. Тізілімге енген бизнеске мемлекеттік қолдау басым тәртіппен беріледі, алайда олардың алдына өндірісті жаңғырту, еңбек өнімділігін арттыру және қызметкерлердің жалақысын өсіру сынды нақты қарсы міндеттемелер қойылады.

Кәсіптің күретамыры – қолжетімді капитал

Кәсіпкерлік үшін ең өзекті мәселе – қолжетімді қаржы. Бұл бағытта мемлекет ауқымды капитал көздерін іске қосты. Үкімет «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге дейін ұлғайту арқылы оның нақты секторды қолдау мүмкіндігін 8 трлн теңгеге жеткізді. Қазірдің өзінде бұл қаржының 4 трлн теңгеден астамы игеріліп, 8 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісіне көмек көрсетілді, ал олардың 96%-ы – шағын және орта бизнес өкілдері. 2027 жылға қарай холдинг институттары арқылы қаржыландыру көлемін 10 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланған.

Әрине, қаржылық сауаттылық пен қолжетімді капиталсыз өндірістің өркен жаюы екіталай. Мемлекет бұл түйткілді шешуде тек ірі алпауыттарға ғана емес, экономиканың күретамыры саналатын шағын және орта бизнеске де айрықша сенім артып отыр. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы алты айының өзінде шикізатқа тәуелді емес салада тер төгіп жүрген 69 отандық кәсіпорынға 418,5 миллиард теңге көлемінде демеу көрсетілді. Қуантарлығы, осы қолдауға ие болғандардың басым бөлігі, яғни 61 пайызы – өңірлерде ісін дөңгелетіп отырған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері. Бұл қаражат олардың өндіріс көкжиегін кеңейтіп, нарықтағы орнын нығайтуына жол ашты.

Сонымен қатар ескірген қондырғылармен бәсекеге қабілетті өнім шығару мүмкін емесін ескерген Үкімет өндірісті жаңғырту ісіне де серпін берді. Соңғы үш жыл көлемінде Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 153 отандық өндірушіге 943 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. Бұл жай ғана цифрлар емес – бұл еліміздің түкпір-түкпірінде бой көтерген су жаңа зауыттар, қайта жабдықталған заманауи өндірістік желілер мен жаңа технологиялардың көрінісі.

image.png

Ал қарапайым кәсіпкер үшін қаржы институттарына жол ашып, сенімді көпірге айналған «Даму» қорының орны тіпті бөлек.  «Қордың қолдауы кәсіпкерлерге жаңа тыныс берді. Соның арқасында олар өндіріс ауқымын кеңейтіп, заманауи жабдықтар сатып алуға, айналым қаражатын толықтыруға және ел азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік алды. Айталық 2024 жылдан бері биылғы тамыз айына дейінгі аралықта қор өңдеу өнеркәсібіндегі он мыңнан астам (10,3 мың) бастамаға 2,2 триллион теңге көлемінде несиелік қолдау білдіріп, талай кәсіпкердің идеясын шындыққа айналдырды. Оның ішінде 4 674 жобаның несие пайызы субсидияланып, кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесі жеңілдесе, 3 633 жобаға кепілдік берілді, ал 1 998 бастама тікелей жеңілдетілген қаржыландыру тетігін пайдаланды», – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ субсидиялау департаментінің бас менеджері Майра Биболова.

Көп жағдайда іс бастаймын деген азаматтардың қолын байлайтын басты кедергі – кепілзаттың жетіспеушілігі еді. Бұл мәселе де назардан тыс қалмай, өткен жылдың сәуір айында арнайы кепілдік қорларының тетігі іске қосылды. Нәтижесінде кепіл мүлкі жеткіліксіз болса да, іске деген ынтасы мен нақты жоспары бар үш мыңнан астам кәсіпкер мемлекеттің кепілдігіне сүйеніп, өз кәсібін өрістетуге мүмкіндік алды.

Сұраныс бар жерде – өсім бар: Офтейк-келісімшарттар несімен тиімді? 

Өнім өндіру бір бөлек, оны өткізу – кәсіпкердің басты бас ауруы. Бұл түйткілді шешу үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар жүйесінде отандық бизнеске айрықша басымдық берілді. Егер 2024 жылы мемлекеттік сатып алулар аясында отандық өндірушілермен 370 млрд теңгеден астам сомаға 145 мыңнан аса келісімшарт жасалса, өткен жылы шарттар саны 169 мыңға, ал жалпы құны 456 млрд теңгеге жетті.

«Самұрық-Қазына» қорының сатып алу жүйесінде де жергілікті өндірушілерді қолдайтын 16-дан астам тетік жұмыс істейді. Отандық кәсіпорындарға 30%-ға дейін алдын ала төлем жасау, төлем мерзімін қысқарту және түрлі қамтамасыз ету жарналарынан босату жеңілдіктері берілген. Нәтижесінде ағымдағы  жылдың алғашқы алты айында отандық кәсіпорындармен 594 млрд теңгеге 3,8 мыңнан астам шарт жасалды (өткен жылмен салыстырғанда 46%-ға артық), оның ішінде 343 млрд теңгеге 171 ұзақмерзімді келісімшарт бар. Жалпы жер қойнауын пайдаланушылар мен ірі квазимемлекеттік компаниялар биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында отандық бизнеспен 466,1 млрд теңгеге ұзақмерзімді және офтейк-шарттар бекітіп, ірі кәсіпорындар айналасында жергілікті өндірістердің берік экожүйесін қалыптастыра бастады.

Әсіресе, офтейк-келісімшарттар – кәсіпкерлер үшін таптырмас құрал. Ол әлі өндіріске енбеген жаңа тауарды шығаруды қолға алған бизнеске болашақ өніміне алдын ала тапсырыс алуға мүмкіндік береді. Мамандардың мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында шамамен 47 млрд теңгеге 115 офтейк-шарт жасалып, импортты алмастыратын 53 млрд теңгенің 9 жобасы мақұлданды, ал 74 млрд теңгенің тағы 13 жобасы қаралу үстінде.

image.png

Шетел нарығына жол ашылып, тексеріс азайды

Ішкі нарықта буыны бекіген отандық өндірушілерге шетелдік нарықтарды бағындыруға да мемлекеттік қолдау қарастырылған. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі металлургия, машина жасау, тамақ, химия өнеркәсібі және агроөнеркәсіп кешеніндегі 131 экспорттаушыға  653,7 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетіп, экспорттық мәмілелерді сақтандыру мен қаржылық тәуекелдерді азайтуға жәрдемдесті.

Сонымен қатар шағын және орта бизнестің еркін тыныстауы үшін тексерістерге жарияланған үш жылдық мораторий әкімшілік қысымды айтарлықтай азайтты. Дегенмен заң шығарушы орган өкілдері бұл жеңілдіктің барлық салаға бірдей жүрмеуі керектігін алға тартады.

ҚР Құрылтайының депутаты Олжас Құспековтың пікірінше, шетелге заңсыз қаржы аударумен, криптовалюта айналымымен, ойын бизнесімен (казино) айналысатын субъектілер, сондай-ақ адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін немесе қылмысқа жақын салалар мораторий аясынан тыс қалып, қатаң бақылауда болуы тиіс.

Бүгінгі таңда Қазақстанда отандық кәсіпкерлікті қолдау біртұтас экожүйеге айналды. Бизнеске тек несие беріп қана қоймай, оның өндірісін жаңғыртуға қаржы бөлу, шығарған өніміне алдын ала тапсырыс беру, ішкі нарықты жалған бәсекелестерден қорғау және экспортқа шығару бір жүйеге тоғысты. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, «Қазақстанда жасалған» белгісін сапа мен бәсекеге қабілеттіліктің айқын символына айналдыру.

Инклюзивті қоғам: Мейірім мен қолдаудың ортақ мекені
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу