Айғағы бар қылмыс қалай қысқарды?

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірінде «Арамызда сатқындар бар...», Сыздықбековтің сөзін Меңдіқұлов қалай түсініп жүр?» деген тақырыппен жарияланған мақалада Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына қарасты кәсіпорында лауазымды басшылардың сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын, бұл істің соңы сиырқұйымшықтанып кеткенін, ақыр соңында күдіктілердің қылмыстық жаза түгілі тәртіптік жаза алғаны да күмән туғызатынын жазғанбыз.
Арада бір апта уақыт өтсе де қоғамда қызу талқыланған мәселеге қатысты не энергетика басармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов, не Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Берік Әшірбеков жауап берген жоқ. Бұл сонда «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» дегеннің кері ме, әлде «Үндемегендік келіскеннің белгісі» ме? Шымкент қаласы әкімінің коммуналдық салаға жауапты орынбасары Берік Беркімбаевтың тамызда Парламент депутаты болып кеткені белгілі. Оның орнына ешкім тағайындалған жоқ. Дәл қазір үшінші мегаполисте коммуналдық саланың иесіз, бақылаусыз қалып кеткендей күй кешіп жатқанын бір жағы түсінуге де болатын шығар.
Еске сала кетейік, былтыр күзде жоғарыда аталған басқармаға қарасты, қарамағында жүздеген жұмысшысы бар коммуналдық кәсіпорынның директоры мен бас инженеріне қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қалалық департаменті Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігімен, яғни пара алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. «Рейтинг» газетіне арызданушы Ерғали Рүстембековтің айтуынша, екі басшыға кәсіпкерден ақша алып, оны мекемеде тексеру жүргізген аудиторға беруге оқталды деген күдік келтірілген. Кейінірек ҰҚК осы іс бойынша екі басшының тәртіптік мәселесін қарау жөнінде Шымкент қалалық әкімдігіне ұсыныс хат берген. Ұсыныс хатта ол екеуін атқарып отырған қызметінен босату қажеттігі де жазылған. Алайда осы ұсыныстың орындалғаны туралы ешқандай ақпарат жоқ.
Біз осы іс бойынша Меңдіқұлов басшылық ететін энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қалалық департаменттеріне журналистік сауал жолдағанымызбен жартымды жауап ала алмаған едік. Өткен аптада осыған байланысты Шымкент қалалық прокуратурасынан хат келді.
Прокуратураның мәлімдеуінше, 2026 жылдың 13 шілдесінде пара алу дерегі өз дәлелін таппауына байланысты қылмыстық құқық бұзушылық Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігінен 190-баптың 2-бөлігінің 3) тармағына, яғни алаяқтыққа қайта сараланған. Осыдан кейін қылмыстық іс Ұлттық қауіпсіздік комитетінен Шымкент қалалық Полиция департаментінің өндірісіне өткен. Біздің шамалауымызша, жоғарыда аталған бап (190 баптың 2-бөлігі, 3-тармағы) сыбайлас жемқорлық қылмыстардың санатына кірмейді. Оның полицияның тергеуіне беру осыменен байланысты сияқты. Ең қызығы, мына мәліметте:
«18.09.2026 жылы Шымкент қаласының Полиция департаменті қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағына сәйкес тоқтатқан», – делінген прокуратураның жауабында.
Қысқасы, бастапқыда «пара алу» дерегі бойынша қозғалған іс тоғыз айдан кейін алдымен «қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық жасау» бабына ауыстырылады, тағы үш айдан кейін қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылған. Міне, мәселе қайда жатыр. Осы жерде айта кетейік, редакцияға арызданушы Ерғали Рүстембеков бізге ҰҚК-ның Шымкент қаласы бойынша департаментінің әкімдікке жолдаған жоғарыдағы ұсыныс хатымен таныстырған болатын. Хатта ҰҚК жасырын тергеу амалдары кезінде жазылып алынған әңгімелерді келтірген. Хатта сондай-ақ, қос күдіктінің аудиторға беремін деп, кәсіпкерден 2 миллион теңге алғаны жазылған. Әрине, ұсыныс хат тергеу қорытындысы емес. Дегенмен осындай айғағы бар істің қалайша қысқарып кеткенін енді Шымкент қалалық Полиция департаментінің басшысы Мұхтар Қожаевтан сұрау керек шығар. Егер генерал күдік қалмайтындай мәселенің басын ашып беруге құлық танытса деңіз.
Жоғарыдағы мәліметтерден байқағандарыңыздай, қылмыстық істің бабы мен тергейтін органы ауысқан 13 шілдеде ҰҚК Шымкент қалалық әкімдігіне директор мен инженердің тәртіптік мәселесін қарау жөнінде ұсыныс хат берген. Бірақ оның орындалғаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Рүстембековтің айтуынша, директор мен инженер әл күнге дейін қызметтерін атқарып жатыр.
Әзірге бір нәрсе анық: қылмыстық іс тоқтатылғанымен, қоғамның бұған қатысты сұрақтары тоқтаған жоқ. «Рейтинг» газеті бұл мәселеге қатысты енді Президент Әкімшілігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің пікірін сұратуды жөн көріп отыр.
Не де болса әліптің артын бағып көрейік.
«Рейтинг» газеті, 28 қазан 2026 жыл.


