Әкім Ағыбаев мырза, бұл шуға не дейсіз? 124 миллион теңгені жалғыз адам жымқырмаған шығар

Oinet.kz 14-10-2026

Screenshot_3.png 

Былтыр Түркістан облысында бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен бірнеше аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен қаржыға жауапты қызметкерлері сотталған. Ел аузында ол «бухгалтерлер ісі» деген атпен белгілі. Осы істердің арғы жағында ашылмаған, күмән, күдікті көп жәйттар қалды. Құзырлы органдар миллиардтаған ақшалардың желініп жатқанын ұзақ уақыт бойы қалайша білмей қалды? Облыстық білім басқармасы не қарады? Білім бөлімдері басшыларының әрекеттері туралы да біржақты пікір айту қиын. Ең таңданарлығы, қисапсыз қаражаттарды оп-оңай жей беретін жүйені кім жасады? Олар неге жауаптан құтылып кетті?  Сол кезде құзырлы органдар, әкімдіктегі жауапты басшылар енді мұндай жағдайға жол бермеу үшін қажетті шаралардың бәрі жасалғанын айтып еді. Бос сөз болып шықты.

Жуырда Келес ауданында «Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің» қарапайым бухгалтері Нұрлыбек Сапарбеков сеніп тапсырылған 124,7 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал осы кітапханалар жүйесінің  директоры Ғалия Манахова «салғырттық» бабымен айыпталғанымен рақымшылыққа ілігуіне байланысты жазадан толық босатылды (сот үкімі әлі күшіне енбеген).

Жоқ, бұл жай ғана айыптау үкімі емес. Сот барысында біраз қызықты жәйттар анықталды. Бухгалтер темір тордың арғы жағына кетіп бара жатып жымқырылған қаражаттың дені осы аудандағы атқамінерлерге беріліп келгенін, бәрін солардың тапсырмасы бойынша жасағанын айтып шырылдаған. Бірақ сот  бұл уәждерді елеусіз қалдырды. Неге?

Сот үкіміне сүйенсек, Н. Сапарбеков бас бухгалтер лауазымына 2018 жылы тағайындалған. Ал қазына қаржысына қол салу 2023 жылдың қаңтарынан басталып 2026 жылдың қаңтарына дейін, яғни 3 жылға созылған. Басбух осы жылдары кітапхана қызметкерлерінің есепшоттарына негізсіз жалақы, іссапар және өтемақы төлемдерін аударып келген. Шотқа түскен қаражатты әріптестеріне қолма-қол шешкізіп, өзіне алып отырған. Жымқырылған ақшаның жалпы көлемі – 124 712 743 теңге. Яғни, ақша жеу көпшілікке белгілі сол баяғы ескі әдіс-тәсілдер бойынша жүргізілген.

Мұндағы басты күмәнді жайт – осыншама орасан зор жымқыруды үш жыл бойы бірде-бір мемлекеттік органның анықтамағаны. Аудандық бюджеттен ай сайын миллиондаған теңге «бөтен» есепшоттарға ағылып жатқанда, әкімдіктегілер,  ішкі аудиторлар мен қаржылық бақылау мамандары қайда қарады?

Сот отырысында Н.Сапарбеков өзінің кінәсін ішінара мойындай отырып, ақшаны жалғыз өзі «жемегенін», аудандық деңгейдегі бірқатар лауазымды тұлғаларға ай сайын «үлес» беріп тұрғанын ашық баяндаған. Сот үкімінде келтірілген жауаптарына қарағанда, ол Келес аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысына – 5 300 000 теңге,  экономика және қаржы бөлімінің басшысына – 10 000 000 теңге, қазынашылық бөлімінің басшысына – 5 200 000 теңге, ал мекеме директорына – 62 000 000 теңге берген. Сондай-ақ Н.Сапарбеков директорына бастапқы жарна ретінде 5 миллион теңге құйып, жаңа «Chery» маркалы автокөлік алып бергенін және оның баспанасының құрылысын аяқтауға қаржы бергенін мәлімдеген. Сотта куә ретінде жауап берген оның жұбайы М.Сапарбекова да күйеуінің үйге бума-бума ақша әкеліп, оның кітапхана директоры мен қаржы бөлімі басшыларына арналғанын айтқанын растаған.

Алайда, сот бұл мәлімдемелерді есепшінің жауапкершіліктен қашу мақсатында айтқан уәжі ретінде қарастырған. Себебі дәлелдейтін айғақ жоқ.  Ал жоғарыдағы бөлім басшылары сотқа тек куәгер ретінде қатысып, ақша алғандарын толықтай теріске шығарған.

Осы іс бойынша екінші сотталушы «Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-нің директоры Ғ. Манахова қызметтік ЭЦҚ-сын (электрондық цифрлық қолтаңбасын) 2018 жылдан бері есепшінің қолына беріп қойғанын алға тартқан. Сотта директор өзінің қаржылық құжаттарды түсінбейтінін, ЭЦҚ-ны қалай пайдалану керектігін де білмейтіндігін айтып ақталған. Мемлекеттік мекемені басқарып, миллиондаған бюджетке жауапты болып отырған басшының «мен ештеңе түсінбеймін» деген сөзі қаншалықты қисынды? ЭЦҚ – бұл заңды түрде тұлғаның өз қолы болып саналады. Басшының кілтін 3 жыл бойы басқа адамға сеніп тапсырып, ешбір төлемді тексермеуі – жай ғана салғырттық па, әлде сыбайластық схемасына көз жұма қарау ма?

Сотта жауап берген аудандық қазынашылық басқармасының басшысы мен экономика және қаржы бөлімінің басшысы «біз тек цифрлар мен отырғызылған сұраныстардың сәйкестігін тексереміз, ақшаның нақты не үшін және кімге аударылып жатқанын тексеруге құзыретіміз жоқ» деп жауап берген. Ал жоғарыдағы аталған орталықтандырылған кітапханалар жүйесі тікелей бағынатын Келес аудандық әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы мекеменің қаржылық есебі аудандық маслихат сессиясында бекітілетінін, өздеріне қаржылық есеп тапсырмайтынын алға тартыпты. Бұған сенуге бола ма? Жауапкершіліктен жалтару емес пе? Аудандағы салалық  бөлім басшысы өзіне бағынысты мекеменің (кітапхананың) жұмысын, әсіресе бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қадағалауға тікелей жауапты тұлғалардың бірі болып саналады. Жылдық есепті мәслихатқа ұсынар алдында оны салалық бөлім басшылары мен қаржыгерлер тексеріп, көз жеткізуі тиіс. Бәрін мәслихатқа ысыра салу ақылға қона ма?

Сот үкімімен Н.Сапарбеков 8 жылға сотталды. Ол сотқа дейін келтірілген шығынның бір бөлігін құйып тастаған. Сот қалған 115,9 миллион теңгені өндіруге үкім етті. Сонымен бірге оған тиесілі бір коммерциялық нысан мемлекет меншігіне тәркіленген.

Ал Ғ. Манахова ҚК-нің 371-бабының 2-бөлігімен (ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық) кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылғанымен, 2026 жылғы «Рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес  жазадан толық босатылды.

Естеріңізде болса, бүкіл ел-жұртты шулатқан «бухгалтерлер ісі» бойынша жымқырылған қаражаттар 2018-2023 жылдар аралығын қамтыған. Бұл туралы қылмыстық істер 2024 жылы қозғалды. Дәл сол Келес ауданында білім бөлімінің басшылары мен бухгалтерлері сотталды. Алайда арада бір жарым жыл өтер-өтпес дәл осы аудандағы басқа бір мемлекеттік мекемеде бюджет қаржысы дәл жоғарыдағыдай әдіс-тәсілдермен талан-таражға түскен және ол 2026 жылдың қаңтарына дейін жалғасқан. Сонда бұрынғы қылмыстық істерден келестік атқамінерлердің сабақ алғаны қайда? Қаржылық бақылауды күшейту туралы мәлімдемелер қайда қалды?

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Таяқтың бір ұшы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевқа да барып тірелетіні айтпаса да түсінікті. Бұған дейін де ауданда ауызсу, көпір, мектеп құрылысына қатысты мәселелер көтерілген еді. Енді бюджет қаржысының жымқырылуына байланысты тағы бір дау туындап отыр. Әрине, бухгалтердің қылмыстық әрекеті үшін аудан әкімін тікелей кінәлау дұрыс болмас. Бірақ мемлекеттік мекемелердегі қаржылық тәртіп пен бақылаудың әлсіздігі, бұрын анықталған заңсыздықтардың қайталануына жол берілуі біраз сауалдарды туындатады.

Келестік атқамінерлер бюджеттің миллиардтаған қаржыларының желге ұшуына себеп болған «Бухгалтерлер ісінен» неге сабақ алмады? Осындай жағдайларға қайтадан жол бермеу үшін қажетті шаралар неге толық жасалынбады? Өзіне тиесілі міндеттерді толық орындамағаны үшін Келес аудандық әкімдігіне қарасты бөлім басшылары, қазынашалық бөлімінің жауапты қызметкерлеріне тиісті шаралар қолданылды ма?  Сот бұл жөнінде неге жеке қаулы шығармады?

Ал енді аудандағы барлық мәселеге, оның ішінде бюджет қаражатының жұмсалуына, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерге тікелей жауапты Ж.Ағыбаевтың мойнында ешқандай жауапкершілік жоқ па?  «Кітапханадағы жемқорлық» ісі  осылайша ың-шыңсыз жабылып кете бере ме?   

Не де болса әліптің артын бағып көрейік.

«Рейтинг» газеті, 14 қазан 2026 жыл.


Президент мәслихаттарды таратады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу