Жолдыхожаевтың жұмбақ «отставкасы»

Oinet.kz 18-11-2026

780817371_2609382582816222_6913542262553472548_n.jpg 

Саясатта «Өткелде ат ауыстырмайды» деген тәмсіл жиі айтылады. Бұл – шешуші, қиын, қауіпті сәтте басшыны, адамды, жоспарды ауыстырма деген сөз. Бірақ саясат – қысқа күнде қырық құбылатын дүние. Қатып қалған нәрсе жоқ. Мәселен, күні кеше Ақорда саяси науқан қызған кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын ауыстырды.

Ал партиялардың белсенділігі ғана емес халықтың билікке деген сенімі  сыналар сәт – сайлау науқанында елдегі бас партияға айналған «Әділеттің» Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев қызметінен кетуі нені білдіреді?

Күні кеше карьерасы күрт көтерілген, партиядағы басшылық қызметі мәслихатта жалғасқан, атақ-абыройға бөленіп, әріптестерінің сеніміне ие болған азамат бір пәсте көлеңкеде қалды? Бұл – шенеуніктік тағдыр ма, әлде мандаттың тағдыры ма? Бақ кімнің басына барып қонбайды дейсіз. Бірақ бақтың баста мәңгі тұрмайтыны да әу бастан түсінікті ғой. Жолдыхожаевтың басындағы жағдай – соның жарқын мысалы, бәлкім.

Сонымен, «Әділет» партиясының Шымкент қалалық филиалында не болып жатыр?

Мұрат Жолдыхожаев – «Аманат» партиясының Шымкенттегі өкілдігіне жетекшілік еткен соңғы басшы, «Әділеттің» мегаполистегі филиалының тұңғыш төрағасы. Бұл биікке жету үшін ол біраз баспалдақты жүріп келген. Ол 2016 жылы Ордабасы аудандық мәслихатының депутаты болған. Бұл кезде ол әлі отызға да толмаған жас жігіт. Ордабасы – Жолдыхожаевтың туған жері. Кейбіреулер оның карьерасын осы ауданда туып-өскен, бүкіл Қазақстанға белгілі бизнесмен-миллионермен байланыстырады. Оның шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін білмедік. Бірақ жалпы Жолдыхожаевты жоғарыдағы ықпалды адамдармен байланыстыру, осыған қатысты әрқилы әңгімелерді өрбіту мұнымен бітпейді. Оған кейінірек тоқталамыз.

Ресми өмірбаяны бойынша Жолдыхожаев кәсіпкерлікпен айналысады. Ол ешқашан мемлекеттік қызметте істемеген. 2019 жылдан бастап  Сенат депутатының көмекшісі қызметін атқарған. Жолдыхожаевтың осыдан кейінгі жолы қасіретті қаңтардан соң «Нұр Отаннан» «Аманатқа» айналған партияда жалғасады. Яғни, ол атауы да, алға қойған мақсаты да өзгерген партияға жаңа есім, өңірлік жаңа көшбасшы болып келді десек қателеспейміз.  Алғашқыда партияда жастар кеңесінің төрағасы болған. 2024 жылдың маусымында  партияның Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы лауазымын иеленді. Жолдыхожаевтың елдің назарына іліккен кезі осыдан кейін басталды. Ал елдің назарына іліккен адамның артынан сөз ергіш келеді. Осы жылдары Жолдыхожаевты кейбіреулер елдегі ықпалды топтармен байланыстырды. Төраға ауыр атлетика федерациясының вице-президенті қызметін атқарып келе жатқан азамат. Ал аталған федерацияның президенті атышулы бизнесмен Гаджи Гаджиев екендігі белгілі. Естеріңізде болса, былтыр Гаджи Гаджиевке қатысты  «ұсталды, кеденде көлеңкелі бизнеспен айналысады, бұл істің басы-қасында Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу тұр» деген ақпарат құралдарында айыптаулар айтылып жатқан кезде әлеуметтік желідегі әрқилы болжамдар, жел сөздер Мұрат Жолдыхожаевты да айналып өткен жоқ. Алайда бұл әңгімелердің бәрі нақты фактілерге негізделмеген. Бар болғаны Гаджиев пен Жолдыхожаевтың  бір іс-шарада қатар болғаны, бір федерацияда қызмет еткені ғана. Бірақ Қазақстанда шындықтан бұрын негізсіз әңгімелердің тез тарайтыны белгілі. Және ол лауазымды тұлғалардың карьерасына, оның көпшілік ортадағы беделіне үлкен әсер етеді. Жолдыхожаевты осы «жел сөздер» құлатты ма, әлде әлдебіреулер негізсіз әңгімелерді оны құлату үшін әдейі  пайдаланды ма? Бәлкім шындықтың беті ашылған соң дәуірлеуге бет бұрған  Жолдыхожаевтың бірден жолы кесілді ме?   Бұл сұрақтың  жауабын уақыттың еншісіне қалдырамыз. Негізгі әңгімеге оралсақ.

Мұрат Жолдықожаевтың шарықтаған кезі биыл болды десек, артық айтқанымыз емес. Шымкент қалалық мәслихатының бір емес, екі шақырылым депутаты, оның үстіне «Аманат» партиясының жетекшісі болып жүрген ол шілденің басында «Әділет» партиясы Саяси кеңес бюросының дауыс беру қорытындысы бойынша партияның Шымкент қалалық филиалының басшысы болып сайланды. Жолдыхожаевтың өзі әлеуметтік желідегі парақшасында: «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының бірінші конференциясында қалалық партияның басшысы болып сайландым»,– деп жазды.  Саяси карта қайта сызылғанда бірден «Әділет» партиясының қалалық филиалының төрағасы болуы көп нәрсені аңғартады. Ең бастысы, бас партияның басшысы болуды төрағаның жеке қасиеттері ғана шешпейтінін бесіктегі бала да біледі ғой. Сол кезде Шымкент қалалық әкімдігінің Жолдыхожаевқа қатысты арнайы жоспары болды десек, қателеспеуіміз мүмкін. Бұл қандай жоспар?

780140510_1367440505561065_9011611040000807113_n.jpg17 шілдеде төраға одан да үлкен секіріс жасады. Мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде тіркеліп, осыдан кейін қызметінен кеткен Бахадыр Нарымбетовтің орнына Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы болды. Бір сөзбен айтқанда, ол билік иерархиясы бойынша Шымкентте әкімнен кейінгі екінші адамға айналды. Мәслихат төрағасы – жай депутат емес,  мұндай орынға отыратын адамды «жоғарымен» келісіп қояды. Демек, шілдеде Жолдыхожаевқа «жоғары жақ» сенген, оны «өз адамымыз» деп санаған. Алайда «Аманаттың» атынан сайланған әрі партия төрағасы болып жүрген Жолдыхожаевтың «Әділетке» төраға болуы заңдық тұрғыдан біраз сұрақтарды туғызғаны рас.  Біз осы жөнінде Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаевтан сұраған болатынбыз. Ол Жолдықожаевтың жеке мандат бойынша сайланғанын, сол себепті оның партиядан кеткенімен, мандаттан айырылмайтынын алға тартты. Осылайша биліктің қос тізгінін (партия мен мәслихат) ұстаған Жолдыхожаевтың енді тасы өрге домалауы тиіс еді.   Алайда жағдай осыдан кейін күтпеген жерден күрт басқа арнаға бұрылды.

Тамызда Құрылтай сайлауын ың-шыңсыз өткізіп алған Шымкент 29 қарашаға белгіленген мәслихат сайлауына кірісті. Сайлауда қалалық мәслихаттағы 32 депутаттың 16-сы партиялық тізіммен, 16-сы жеке мандатпен сайланады.  16 бірмандаттық округ бойынша 55 кандидат тіркелді. «Әділет» партиясы осы сайлауға партиялық тізім бойынша 27 кандидаттың аты-жөнін ұсынды. Олардың ішінде партия көшбасшысы Мұрат Жолдыхожаев жоқ болып шықты. Ел аң-таң қалды.

Арада он күн өтпей, дәлірегі өткен аптада ақпарат құралдарында Жолдыхожаевтың қызметтен кеткені, оның орнына Таймас Қамбатыровтың сайланғаны туралы мәлімет тарады. Таймас Қамбатыров – мәслихатқа «Әділет» партиясының атынан ұсынылған кандидаттардың (тізім бойынша)  ішінде бар. Жеке кәсіпкер. Бұған дейін партияның Еңбекші аудандық филиалына жетекшілік еткен. Қазір Қамбатыров бастаған топ күн сайын сайлауалды үгіт-насихат шараларының бел ортасында жүр.

Жолдыхожаевтың осылайша жұмбақ «отставкасынан» кейін көпшіліктің көкейінде шешілмеген бірқатар сауал қалды. Егер «әділеттіктердің» шын қалауы Жолдыхожаев болса, онда оның төрағалығы неге бар-жоғы үш айға созылды? Егер оны қызметтен алу қажет болса, ол неге дәл сайлау науқанының ең маңызды кезеңі – үгіт-насихат шаралары басталғаннан кейін жасалды? Қазір осы бойынша елдің аузында түрлі әңгімелер айтылады. Ең қызығы – Жолдықожаевтың қызметтен кеткеніне қатысты партия да жұмған аузын ашпай отыр.

Жолдыхожаев бұған дейін партия көшбасшысы ретінде әлеуметтік желіде өте белсенді болды. Соңғы рет ол Facebook-тегі парақшасында 28 қазанда Президенттің Жолдауына қатысты пікір білдірген екен. Алайда арада он күн өтпей жатып, ол жылы креслосын босатты. Әдетте келген-кеткен басшы, қоғам белсендісі  ең құрығанда әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы көпшілікке «рахмет» деп бір ауыз сөз жазады. Алайда Жолдыхожаев осы уақытқа дейін өзінің қызметтен кетуіне қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ. Бұл күдікті күшейте түседі. Бір нәрсе анық, сайлауға 20 күн қалғанда «өткелде ат ауыстыру» – бұл қалыпты ротация емес. «Бұл адаммен сайлауға бармаймыз» деген нақты шешім. Ал сонда «жоғарыдағылардың» қысқа күнде қырық құбылғанын немен түсіндіруге болады?  Қателік кімнен кетті? Партиядан ба, әлде әкімдіктен бе? 

P.S. Жалпы Шымкент қаласында соңғы уақытта кадрлық мәселеге қатысты түсініксіз жәйттардың көбейіп бара жатқаны рас. Қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев бір жылдан астам уақыт бойы басқарма басшысының міндетін атқарушы болып отыр. Оның кандидатурасына Туризм және спорт министрлігіндегі арнайы комиссиясы келісімінің алынған-алынбағаны әлі күнге белгісіз. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына қарасты кәсіпорынның басшылары сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен істі болады. Ақыр аяғында құзырлы органдар оларды атқарып отырған лауазымынан босату мәселесін қойып, әкімдікке ұсыныс хат береді. Алайда басқарма басшысы  Рзабек Меңдіқұловтың ұсынысты орындаған-орындамағаны әлі белгісіз. Енді міне, жуырда Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты екі басқарма басшысы қаржы жымқыру бабы бойынша сотталды. Бір қызығы, қылмыс Шымкентте болған, бірақ сот үкімі Таразда оқылды.   

Бұл тақырыптардың түйінін біз алдағы нөмірлерімізде тарқататын боламыз.  

«Рейтинг» газеті, 18 қараша 2026 жыл.


ҰҚК-ның төрағасы ауысты
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу