Сарбасовтың ісі қайта қаралады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовты 12 жыл бас бостандығынан айыру жөніндегі үкімнің күші жойылды. Полковниктің ісі Шымкентте қайта қаралатын болады. 28 қазанда Астанадағы кассациялық сот Сарбасовқа қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімін де, апелляциялық алқаның қаулысын да толық жойды.
Бұл іс алғашқы сатыда – Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралған болатын. Үкім былтыр қазан айында шықты. Сот Сарбасовты тағылған айыптар бойынша кінәлі деп тапты. Атап айтқанда жергілікті кәсіпкер әйелден оның мектебі мен колледжіне қамқорлық жасау үшін ірі көлемде ақша алған. Бұдан бөлек Денсаулық сақтау басқармасында медициналық жабдық сатып алу кезінде 92 млн теңге қаражаттың жымқырылуына жол берген (қызметтік әрекетсіздік). Сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім бұдан кейін Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасында қаралды. 2026 жылғы қаңтарда алқаның қаулысымен үкімнің Сарбасовтың пәтерін тәркілеу және сатылған Toyota Land Cruiser 200 үшін 17 млн теңге өндіріп алуға қатысты бөлігінің күші жойылды. Ал ең бастысы – 12 жылдық жазаны және мемлекет кірісіне 70 млн теңге өндіру өзгеріссіз қалдырылды.
Іс бұдан кейін Астанадағы кассациялық сотта қаралған. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, бұл сот істен үш заңбұзушылық тапқан.
Біріншісі – алқа билердің дауыс беру кезінде ҚПК-нің 656-бабының 3, 4-бөлігі бұзылған. Кейбір алқабилер жауап беруден қалыс қалған. Ал заңда қалыс қалуға тыйым салынған. Әркім «иә, дәлелденді» немесе «жоқ, дәлелденбеді» деп нақты жазуы керек. Бірінші сотта дауыс 6-5 болған. Бір дауыс тағдыр шешкен.
Екіншісі – қойылған сұрақтар бойынша. Алқабилерге сұрақтар күрделі заң терминдерімен қойылған. Қарапайым адам түсінбейтін сұраққа қалай жауап береді?
Үшіншісі – тілге қатысты. Сарбасовтың адвокаты Жасұлан Әсілбековтің айтуынша, аудармашы шеттетіліп, 21 рет судьяның өзі аудармашы болған. Алқабилердің бір бөлігі орысшаны толық білмеген. Енді осыншама заңбұзушылыққа жол берген судья жауапқа тартыла ма? Осы уәждердің бәрі уақтысында апелляциялық алқада айтылған. Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы оған неге құлақ аспаған? Қорғаушының уәжін неге жоққа шығарған?
Әрине, кассациялық соттың шешімі Сарбасов ақталды дегенді білдірмейді. Ол қамауда. Іс Шымкентте басқа құраммен қайта қаралады. Бірақ болған жәйт Шымкент сотының мемлекет жүктеген міндетті қаншалықты дәрежеде орындап отырғанын байқатады емес пе? Егер алқа билер соты жай ғана сырт көз үшін жұмыс істейтін болса, ондай жүйе, ондай сот кімге керек?
Шымкент қалалық сотының төрағасы Әділхан Шайхисламұлы мәселенің мән-жайына неге түсінік бермейді? Әлде төраға «соттар ештеңеге жауап бермейді, ешкімге есеп бермейді» деген қасаң қағиданың төңірегінен ұзағысы келмей ме?


