Қаржыңды басқарсаң, болашағыңды бағамдайсың

Oinet.kz 20-10-2026

Қазақ «Есепсіз дүние жоқ» деп бекер айтпаған. Малдың басын түгендеп, қыстың қамын жаз ойлаған жұрт үшін барды бағалау мен ертеңді болжау бұрыннан маңызды болған. Бүгінде заман өзгерді: малдың орнын банк шоты, қолма-қол ақшаның орнын цифрлық төлем басқанымен, есепке деген қажеттілік жоғалған жоқ. Қайта несие, депозит, онлайн сауда мен инвестиция қатар жүрген уақытта әр шешімнің мәнін түсіну бұрынғыдан да маңызды.  

image.png

    Қаржы қызметі қолжетімді болған сайын, қаржылық шешім қабылдау да жиілеп барады. Қолындағы смартфон арқылы төлем жасауды білетін адам жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін түсінбеуі, депозиттің табыстылығын инфляциямен салыстырмауы немесе мессенджердегі жалған инвестициялық ұсыныстың арбауына түсуі мүмкін.  Демек, қаржылық сауаттылық дегеніміз – ақша туралы терминдерді жатқа айту емес. Ол – табысты жоспарлау, тәуекелді бағалау, шарттың ұсақ әрпіне дейін назар аудару, қарыздың шегін білу және қаржылық қысымға ұшыраған кезде дұрыс шешім қабылдай алу қабілеті. Қазіргі қаржылық сауаттылық – осы өзгерген ортада ақшаны ұқсатып қана қоймай,  болашағыңды жоспарлай білу.

    Қаржылық шешімнің бәрін адамның жеке жауапкершілігіне ысыра салуға болмайды. «Үйдегі есепті базардағы нарық бұзады» демекші, бағаның өсуі, табыстың төмендігі,  тұрақсыз жұмыс, күтпеген ем-дом шығыны да отбасы бюджетін шайқалтады. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттыру халыққа «ақшаны дұрыс жұмсауды үйретумен» шектелмеуі керек. Азамат қаржы өнімінің шартын түсінетіндей ақпаратқа, құқықтарын қорғайтын тетікке және қиын жағдайдан шығуға көмектесетін кеңеске қол жеткізуі қажет.

    Қазақстандағы қаржылық ахуалды несие нарығынан бөлек қарастыру мүмкін емес. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2025 жылдың соңында халыққа берілген несиенің  жалпы көлемі 24,8 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде тұтынушылық кредиттер 16,7 триллион теңгені құраған. Бір жылда халыққа берілген несие 19,8 пайызға өскен. 

    Несие – тұрмыстық мәселені шешудің, білім алудың, баспана сатып алудың немесе кәсіп бастауға қаражат табудың бір жолы. Алайда ол болашақ табыстың белгілі бір бөлігін алдын ала жұмсау дегенді де білдіреді. Бүгін алынған ақшаның төлемі ертеңгі айлықтан, ал келесі айдың міндеттемесі одан кейінгі табыстан өтеледі. Осылайша, бар тапқанын банкке беріп отырған адам қалайша ақша жинайды? 

    Бұл ретте қаржылық сауаттылықты насихаттау қарыз алған адамды кінәлауға айналмауы тиіс. Қарызын өтей алмай жүрген азаматқа «ақшаңды дұрыс жұмсамадың» деу мәселені шешпейді. Оған берешекті қайта құрылымдау тәртібін түсіндіру, кредитормен келіссөз жүргізуге көмектесу, заңды құқықтарын көрсету қажет. Сонымен қатар азамат жаңа қарыз алудың себебін анықтап, отбасылық бюджетін қайта қарауды үйренгені жөн.

    Қазақстанда осы міндеттерді шешуге бағытталған жобалардың бірі – «Қарызсыз қоғам». Жоба азаматтардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға, қарыз жүктемесін басқаруға, банк пен микроқаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелерді түсінуге көмектеседі. Мұндай бастаманың маңызы – қаржылық мәселеге тап болған адамға жалпы кеңес қана емес, өзінің жағдайына қатысты түсіндіру мен бағыт-бағдар беруінде.

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің  өткен жылғы есебіне сәйкес, үш жыл ішінде 1,4 миллион азамат қаржылық сауаттылық бойынша оқудан өтіп, миллионнан астам адам заңгерлік және қаржылық кеңес алған. Жоба аясында 703 мың қарыз алушының 754 миллиард теңге көлеміндегі берешегі реттелген.

    Түркістан облысында былтырғы  жылы қаржылық сауаттылықты арттыру курстарына 17 аудан мен қала тұрғындары тартылған. Оның ішінде 3 494 азамат онлайн, 2 378 адам офлайн форматта оқудан өткен. 

   Миллионнан астам халқы бар Шымкентте де қарыз мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.  Қала бойынша 2025 жылы DE санатындағы азаматтарды оқыту жоспары 22 200 адамды құраған. Сонымен қатар, несие төлемін 90 күннен астам мерзімге кешіктірген азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсетілген. Нәтижесінде жоба аясында 34 814 адам қамтылып, жоспардың орындалу көрсеткіші 156,8 пайызға жетіпті. Ал биылғы жылға 18 900 шымкенттікті оқыту жоспарланған. 

   Жоба өкілдерінің  айтуынша,  2026 жылғы мамырда жүргізілген сауалнама нәтижесі халықтың несие жүктемесі едәуір жоғары екенін аңғартқан. Яғни сауалнамаға қатысушылардың 73 пайызында кредиттік міндеттеме бар, ал 47 пайызы ай сайынғы кірісінің жартысынан көбін қарыз өтеуге бағыттайды.

   Берешекті қайта құрылымдау азаматтың төлем жасау тәртібін уақытша реттеуге көмектескенімен, оның қаржылық дағдарыстан толық шыққанын білдірмейді. Жоба мәліметі бойынша, қарызы реттелген адамдардың шамамен 40 пайызы кейін қайтадан несие рәсімдейді. Бұл қаржылық қиындықтың себебін анықтап, азаматтың табысы мен шығысын жоспарлау дағдысын қалыптастыру қажеттігін көрсетеді.

    Қаржылық сауаттылық сабағы адамға қарыздың зиянын айтып, қорқытып қою үшін емес, өз жағдайын өзгертуге мүмкіндік беретін нақты білім беру үшін қажет. 

   Қаржы саласындағы тағы бір өзекті мәселе – азаматтардың алаяқтық әрекеттерден қорғана білуі. Қазіргі таңда «виртуалды ұрылардан» айла артылмай тұр. Есігіңді емес, картаңызды бұзып, бар жиған-тергеніңізден айыратын әккі ұрылар былтыр  100 мыңнан астам адамды сан соқтырып,  шамамен 3 млрд теңгені қалталарына басқан. Цифрлық технология сіздің жеке басыңызға қатысты ақпараттарды, қаражатыңызды қорғауға қауқарлы. Әйтседе технология «сенім», «аңқаулық» секілді адамның эмоциясына қарсы тұра алмайды. Сондықтан қаржыңызды басқару, қорғау ең алдымен өзіңізге, біліміңізге байланысты.   

   Әлемдік тәжірибеде қаржылық білімді мектеп жасынан бастап оқытуға ерекше мән беріледі. Мысалы, Ұлыбританияда қаржыға қатысты тақырыптар мектеп бағдарламасының жекелеген пәндері арқылы қамтылады. Австралияда қаржылық білім беру тұтынушы құқығы, бюджет жүргізу және экономикалық шешімдермен байланыстырыла оқытылады. ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі де қаржылық білімді бір реттік науқан емес, адамның өмір кезеңдеріне қарай жалғасатын үдеріс ретінде қарастыру қажеттігін көрсетеді.

   Қазақстан осы тәжірибеден бірнеше бағытта сабақ ала алады. Біріншіден, қаржы туралы білімді тек ересектерге арналған семинарлармен шектемей, мектеп бағдарламасында тәжірибелік тапсырмалармен бекіту керек. Оқушыға пайызды есептеуді үйрету аздық етеді: оған белгілі бір табыспен айлық бюджетті жоспарлау, қажет пен қалауды ажырату, жарнамадағы ұсыныстарды салыстыру, онлайн сатып алудың қауіпсіздігін бағалау сияқты тапсырмалар беру маңызды.

   Екіншіден, қаржылық білім әр адамның өмірлік жағдайына бейімделуі керек. Студентке шәкіртақыны басқару мен алғашқы жұмыс табысынан жинақ жасау пайдалы болса, жас отбасыға ипотека мен сақтандыру шарттарын түсіну қажет. Кәсіпкерге ақша ағынын жоспарлау, салық міндеттемелерін есептеу және жеке қаражатын кәсіптің қаржысынан бөлу маңызды. Зейнет жасындағы адамға алаяқтықтан қорғану мен жинақтың қауіпсіздігі туралы түсіндіру қажет.  Бұл ретте қаржы ұйымдары, мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері және бұқаралық ақпарат құралдары бір-бірінен бөлек жұмыс істемей, азаматқа түсінікті әрі тексерілген ақпарат ұсынуға күш біріктіргені жөн.

    Қазақстанда қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген зерттеулерге сүйенген Ұлттық банктің 2025 жылғы есебінде халықтың қаржылық сауаттылығының жиынтық индексі 42 пайызға жеткені көрсетілген.  2020 жылы бұл көрсеткіш  39,07 пайыз болса, 2021 жылы 39,52, 2022 жылы 40,3, 2023 жылы 40,5 пайыз болған. Сандарға зер салсақ, әрине, ілгерілеу бар, алайда әлі де атқарылатын жұмыс аз емес екенін аңғартады.

     «Адам ақшаны басқаруы керек, ақша адамды емес» дейді   американың атақты бизнесмені Дейв Рэмси. Ия, расында ақша адамға өмір сүру үшін қажет. Алайда адамның өмірі ақшаға қызмет етпеуі керек. Әлемдік бестселлерге айналған «Бай әке, кедей әке» кітабының авторы Роберт Кийосаки  айтқандай  «Қаржы сауаты ақшадан құдіретті» екенін түсінетін кез келген секілді.  Өйткені ақшаны басқару дағдысы жеке адамның тұрмысын ғана емес, қоғамның экономикалық тұрақтылығын да айқындайды.

 Айнұр ОҢҒАРБАЕВА

Берекелі елдің бастауы – берік отбасы
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу