Берекелі елдің бастауы – берік отбасы
Мемлекеттің негізгі іргетасы жері немесе оның астындағы қазба байлығы емес. Кез-келген елдің іргетасын сол мекеннің адамдары құрайды. Ал адамзат бар жерде отбасы деген үлкен институттың қалыптасуы заңдылық. Демек, отбасы институты – мемлекеттің өзегі һәм жүрегі. Сондықтан бағзы заманнан бері ұлттар алдымен мықты мемлекет емес, мықты отбасы жүйесін қалыптастыруға тырысып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «әр отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен гүлденуінің негізі, сондықтан мемлекет отбасы институтына қолдау көрсетіп, оны жан-жақты жүргізетінін» айрықша атап өткен болатын. Отбасы институтын нығайту мен дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Осы мақсатта өткізілетін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өнегелі отбасыларды дәріптеп, ұлттық тәрбиені насихаттауға үлес қосып келеді.
Отбасы мәселелеріне қатысты құқықтық дауларды қарау тәжірибесі бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың жүйелі жүргізіліп отырғанын көрсетеді. Конституциялық Сот алимент өндіру, бала асырап алу, бала күтімі кезеңін есептеу және жалғызбасты ата-аналардың құқықтарына қатысты соңғы үш жыл ішінде жүзден астам өтінішті қараған. Мамандар өткен жылы сотқа 10 мыңнан астам өтініш түскенін айтады. Қуантарлығы, олардың ішінде отбасылық мәселелерге қатысты шағымдар азайыпты. Бұл құқықтық қорғау тетіктерінің тиімділігін аңғартады.
Отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау да жылдан-жылға кеңейіп келеді. Бүгінде Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның үйлестіруімен ел аумағында 160 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарға жыл басынан бері 50 мыңнан астам азамат жүгініпті. Соның нәтижесінде 43 мыңға жуық отбасы құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек алған және 6 мыңға жуық отбасы ұзақ мерзімді әлеуметтік сүйемелдеуге енгізілген дейді сала мамандары.
Мемлекеттік қолдау тек туындаған мәселелерді шешумен шектелмейді. Отбасындағы тәрбиені күшейтуге бағытталған «Ата-аналар академиясы» жобасы осының айқын мысалы. 2025 жылы Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарында 2 500-ден астам адам арнайы оқытудан өтті. Ал 2026 жылдан бастап жоба республика бойынша іске асырылып, оқу бағдарламалары ata-ana.kz платформасы арқылы көпшілікке қолжетімді бола түсті.
Отбасы институтын қорғаудың құқықтық негізі де айқын белгіленген. Еліміздің жаңа Конституциясының 30-бабында неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде танылып, отбасы, ана, әке және баланың мемлекет қорғауында болатыны бекітілген. Бұл норма отбасы құндылықтарын сақтауға және әрбір азаматтың заңмен қорғалуына негіз қалайды.
Отбасы құндылықтарын нығайтуға қоғамдық ұйымдар да белсенді үлес қосуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы «Аналар кеңесі» ұлттық құндылықтарды, отбасы тәрбиесін және жастарға тағылым беруді насихаттап келеді. Ал «Ақсақалдар алқасы» ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етсе, жыл сайын аталып өтетін Отбасы күні қоғамдағы отбасы институтының маңызын кеңінен дәріптеуге мүмкіндік береді.
Отбасы институтын қолдау, ұлттық құндылықтарды сақтау және жас ұрпақтың саналы тәрбиесіне жағдай жасау алдағы уақытта да мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
«Отбасы өмірді кемеліне келтіреді... бақыт әкеледі» деген екен әлемге әйгілі ағартушы Антон Макаренко. Ия, расында да әрбір отбасы бақытты болса, ел бақытты.


