Инклюзивті қоғам: Мейірім мен қолдаудың ортақ мекені

Oinet.kz 11-11-2026

Әрбір адамның қоғамнан өз орнын тауып, кедергісіз өмір сүруі – өркениетті елдің басты көрсеткіші. Бүгінгі таңда елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғап қана қоймай, олардың әрбір бастамасына қолдау көрсету, әрбір тұлғаның потенциалын көре білу басты орынға шықты. Себебі инклюзивті қоғам – бұл тек әлеуметтік көмек қана емес, әрбір азаматтың тең құқылы өмір сүруіне жағдай жасайтын ортақ құндылық.

image.png

Бүгінгі таңда Қазақстанда мүгедектігі бар 756 мыңнан астам адам тұрса, олардың әрқайсысының өзіндік арман-мақсаты, таланты мен қоғамға қосар үлесі бар. Мемлекет тарапынан бұл азаматтардың тек әлеуметтік жағдайын жақсарту ғана емес, олардың қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуына жан-жақты жағдай жасалуда.

Елімізде 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданып, оның аясында 13 бағыт бойынша 52 ауқымды шара жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыт тек әлеуметтік жәрдемақы төлеумен шектелмей, сапалы білім алуға, қолжетімді орта қалыптастыруға және жұмыспен қамтуға бағытталған. Мәселен, қажетті оңалту құралдары мен шипажайлық емге тапсырыс беруді жеңілдететін «Әлеумет» порталының мүмкіндіктері кеңейіп, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптама рәсімдерін цифрландыру арқылы 83,4 мыңнан астам өтінім қашықтан қаралды. Бұдан бөлек, Семей, Тараз, Астана сынды өңірлерде жаңа оңалту орталықтары ашылып, балаларға арналған «Қамқорлық» жобалары өз нәтижесін беруде.

Инклюзивті қоғам құру – тек әлеуметтік көмек көрсету емес, әрбір азаматтың потенциалын бағалап, оның қоғам өміріне тікелей қатысуын қамтамасыз ету. Бұл туралы қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс- депутаты  Ерлан Әбдиев өз сөзінде ерекше атап өтті:

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзияға бағытталған әрбір іс, яғни мүмкіндігі шектеулі адамнан диагнозды көрмей, оның арғы жағындағы потенциалын көруден басталуы керек деп айтқан болатын. БҰҰ-ның мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенциясының басты ұраны – «бізсіз біз туралы ешнәрсе жоқ», яғни әрбір жасалған қадам мүмкіндігі шектеулі жандардың  қатысуымен жүзеге асуы тиіс. Осы қағидат елімізде де көрініс тауып келеді. Мәселен, Мәжіліс мандатына квота берілді. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі әрі «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының жетекшісі ретінде менің басты мақсатым әрбір қазақстандыққа тең мүмкіндік жасау болды. Осы қызмет аясында қабылданып жатқан заңдарды инклюзивті ету бағытында тұрғын үй, құрылыс және салық кодекстеріне 146 түзету енгіздік», – деді қоғам қайраткері.

Расында да, ерекше жандардың өмірге деген құштарлығы мен қажыр-қайраты таңғалдырмай қоймайды. Қоғам мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай жүйелі қолдаулар мен жанашырлық қадамдар елімізде шынайы кедергісіз ортаның қалыптасуына берік негіз қалайды.

Қазақстанда 10,8 мың мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтылды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу