Сыршыл ақынның қоңыр күздегі «Көңіл көктемі»

Oinet.kz 12-11-2026

 Өткен аптада Сарыағаш қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының  (ҚЖО) мүшесі сыршыл ақын, ұлағатты ұстаз, білікті басшы, профессор Әбілсапар Тұрғынбаевтың 75 жас мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті.

image.png

     Ә. Тұрғынбаев 1951 жылы Түркістан облысы, Төлеби ауданының Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1973 жылы Сарыағаш ауданындағы «Қызыл Ту» қазіргі «Сарыағаш» аудандық газетінде әдеби қызметкерден бастап, тілші, бөлім басшысы болып, сегіз жылда біраз тәжірибе жинаған қаламгер аудандық партия комитетінде нұсқаушы болады. Бес жылдан кейін арнайы жолдамамен Алматыдағы Жоғары саяси партия мектебін бітіріп, аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінде идеология бөлімінің жауапты қызметкері болып істейді. Партия тараған соң Сарыағаш ауданы әкімдігінде Аппарат басшысы, одан кейінгі жылдары N 20 кәсіптік-техникалық училищеде директор, N 5 оқу-өндірістік орталығын құрып, осы базада N 71 Ұлттық кәсіптік бағдар мектебін ашып басқарады.  2006 жылдан N 4  Гагарин атындағы мектепте директор қызметін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шығады.

    Әбекең жоғарыда аталған бірнеше мемлекеттік мекемелерді басқара жүріп, елдің қоғамдық-әлеуметтік өміріне белсене араласып, «Қазақстанның білім беру ісінің үздік қызметкері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атақтарын иеленеді.

    Ақынның «Жүректегі жазулар», «Өзім және өзгелер…», «Сезім сыры», «Қаратөбеден қарасаң…», «Ауылдың адамдары…» секілді сегіз жыр-сұхбат, естелік және тағы басқа әдеби жинақтары баспадан шыққан. Бұл шығармалардың өн бойынан туған жерге деген сағыныш, адам жанының иірімдері, өмір мен уақыттың сырлары сезіледі. Ел-жұртқа танымал қарымды қаламгер Әбілсапар Мырзақұлұлы қазіргі күні де көппен бірге қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, түрлі мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, жыр әлемінде сыршыл сезім мен терең ойды тоғыстырған ақынға биыл ҚЖО Басқармасының шешімімен «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағы берілді.  

     Ақынның жырлары – жүректен шыққан сыр десек, ал азаматтық болмысы мен ұстаздық жолындағы ұзақ жылдардағы ерен еңбегі – кейінгі буынға үлгі-өнеге!

     Алматыдан Сарыағашқа арнайы келген ҚЖО Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақиық ақын Қасымхан Бегманов, аудан басшысы, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері және жастар бір күнде 75-ке толған ақын, Әбілсапар Тұрғынбаевтың үш бірдей іс-шарасына қатысты. 

     Алдымен Қ. Бегманов бастаған тау тұлғалар ақынның "КӨҢІЛ КӨКТЕМІ" атты жаңа кітабының тұсауын кесті. 

image.png

     Мерейтойға арналған шара аясында ақынның «Қалам қуатымен дараланған дарын» атты кітап көрмесі қойылып, оның өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби шолу жасалды. 

     Содан соң Сарыағаш аудандық Мәдениет үйінің драма ұжымы мен аудандық орталық кітапхананың бірлесе ұйымдастырған ақынның мерейлі 75 жасына арналған «Сыршыл ақын сырлары жырларында» атты поэзиялық кештің шымылдығын қайраткер қаламгер Қ. Бегманов ашып, ҚЖО Басқарма төрағасының құттықтау хатын оқып, мерейтой иесіне заманауи шапан жапты.  

    Өз кезегінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Талипов әкімінің атынан ақынға дайындалған адресат пен марапатын тапсырып, сый-сиапат жасады.    

      Мерейтойға келген көпшіліктің өтініші бойынша  ақиық ақын Қ. Бегманов өлең оқып, оқырмандарын риза етті. 

     Кеш барысында ұлағатты ұстаз, белгілі ақын Әбілсапар Мырзақұлұлына ҚЖО Түркістан облыстық филиалының директоры Айдар Сейдазым, облыс басшысының құттықтау хатын тапсырып, қазақ дәстүрімен ақсақалға шапан кигізді.

     Әдеби-сазды поэзиялық кешке Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының аудандарынан  келген қонақтар және жергілікті көрермен қауым ақынның сырлы да сырбаз әлеміне сапар шегіп, қарымды қаламынан туған жыр жауһарларымен қауышып және оның өлеңдеріне жазылған әсем әндерді тыңдап, көңілдері көтеріліп қалды. 

     Жиында сөз алған Ә.Тұрғынбаевтың әріптестері мен достары, Сарыағаш ауданның Құрметті азаматтары дәрігер-қаламгерлер Айтбай Тәсілов, Жарылқасын Ергешов, Мұстапа Сүлейменов, Өмірзақ Байболатов, Асқар Байзахов, Алаш әдеби сыйлығының иегері ақын әрі сазгер Әлібек Тойлыбай, ардагер ұстаз басшылар Өмірбек Бекмұрзаев, Төлеген Көкетаев, журналист-жазушы Көшкінбай Елікбаев, ақын-драматург Сайлаухан Жоланов, ақын әрі термеші Айболат Маймақов тағы басқа азаматтар құттықтады.

     Әдеби кешке жиналған қауым өлеңнің өрнегінен ақынның болмысын, ақынның әр шумағынан оның жүрек лүпілін сезініп отырды. Әдебиетке деген құрмет пен өнерге деген іңкәрлік тоғысқан рухани кештің әр сәті көңілге шуақ сыйлады. Бұл кеш – бір адамның мерейтойын ұлықтаудан гөрі, тұтас бір шығармашылық ғұмырдың өнегесін, өлеңге айналған өмір жолын, ұлт руханиятына сіңірген еңбегін ардақтаған тағылымы мол басқосу болғаны анық.  

    Кештің мазмұнын аша түскен ерекше сәттердің бірі – аудандық мәдениет үйінің драма ұжымы сахналаған «Абылайұлы Пошан датқа» әңгімесінен қойылған көрініс болды. Сахналық қойылым арқылы тарихи тұлғаның болмысы мен елдік рухы көрерменге әсерлі жеткізілді.

     Алыста іссапарда жүрген қоғам қайраткерлері Әбекеңнің жақын достары ақын Әкім Ысқақ, заңгер ғалым Есберген Алауханов, жазушы Шойбек Орынбай құттықтауларын жолдады.      

      Әдеби-сазды поэзиялық кеште өлең оқылып, ән шырқалып, естелік айтылып, жүректерге жылылық ұялатып, көрерменге әсері ерекше болды. Бұл рухани кештің мазмұны терең, көркемдік деңгейі жоғары болғанын сезініп, әдебиетке, ақынға деген құрметтің, ізеттің әдемі көрінісі мен үлгісін көрдік.

     Руханият пен әдебиеттің мерейін асқақтатқан тағылымды кеш ақынның шығармашылық әлемін танытып, өнегелі өмір жолына тағзым етуге, жыр құдіретін сезінуге арналды.

    Ақын Әбекең кешке атсалысқан өнерпаздар мен барша қатысушыларға өзінің жаңа «Көңіл көктемі» кітабын сыйға тарту еткені рухани кештің шырайын аша түсті.

     Поэзиялық кештің соңы мерейтойлық салтанатқа ұласып, ақынның еңбегін елеп, қадір-қасиетін бағалаған аудан халқы мерейтой иесіне ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Бұл – ақынға, оның шығармашылығына, азаматтық болмысына, ел руханиятына сіңірген еңбегіне деген халықтың шынайы ықыласының белгісі деп білдік.

     Қабыл ДҮЙСЕНБИ, журналист-жазушы, қоғам қайраткері

Қаржыңды басқарсаң, болашағыңды бағамдайсың
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу