«Арамызда сатқындар бар...». Сыздықбековтің сөзін Меңдіқұлов қалай түсініп жүр?

«...Ол әншейін әңгіме емес, менің шын позициям. Маған берілген тапсырма, мен одан ешқашан қайтпаймын. Президентіміз тапсырма беріп отыр. Ақшаны ұрламаңыздар, халықтың ақшасы – ол сіздердің бала-шағаларыңыздың ақшасы. Сіздерге сабақ болсын, бұдан кейін де осылай болады».
2024 жылдың ақпанында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әкімдіктегі ең шулы жиналысында осылай деген болатын. Осы жиында Сыздықбековтің:
«Арамызда сатқындар бар. Айтқан сөзге, уәжге тоқтамай, өткен жылдан бері қаншама осы әңгімелерді тыңдап отырып, артымыздан пышақ тыққанмен бірдей... Бір емес, бірнеше рет айттым, осы жерден алып кетіңіздер», – деген сөзінен кейін залға кірген антикордың тергеушілері қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Момыновты алып кеткен еді. Кейін Момынов бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен сегіз жылға сотталған.
Осы шулы оқиға болған кезде Ғабит Сыздықбековтің Шымкенттің әкімі қызметіне кіріскеніне небәрі бес ай толған екен. Содан бері екі жыл сегіз айдан астам уақыт өтіпті. Осы аралықта Сыздықбековтің ескертулерді елемейтіндерге қатысты ұстанымы өзгерді ме? Өзгерсе, қаншалықты өзгерді? Бұл сұраққа дәл қазір біржақты жауап беру өте қиын. Неге дейсіздер ме?
Жуырда «Рейтинг» газетінің редакциясына Шымкенттегі қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына қарасты «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының бұрынғы жұмысшысы Ерғали Рүстембеков келді. Ол екі жыл бұрын жұмыстан заңсыз шығарылған (заңсыз шығарылғаны сот шешімімен дәлелденген). Осы заңсыздықтармен күресудің, соттасулардың салдары шығар, бүгінде денсаулығы сыр берген. Бірақ ол жоғарыда аталған басқармадағы әділетсіздіктермен күресті әлі күнге дейін жалғастырып келе жатыр.
Рүстембеков бұған дейін «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнында басшылық қызмет атқарған Асқар Булешовтің жалған болуы мүмкін деген дипломына қатысты мәселені көтерген (бұл жөнінде «Рейтинг» газетінде мақала жариялағанбыз). Алайда ұзақ жылдар бойы күмәнді дипломды пайдаланып келген Булешовтің үстінен ешқандай қылмыстық іс қозғалмады, ол жұмыстан «өз еркімен» босатылып кеткен еді. Бірақ бұл жолғы әңгіменің дипломға қатысы жоқ.
Рүстембековтің бізге айтқан арыз-шағымына қарағанда, былтыр күзде Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына қарасты коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорынның директоры мен бас инженеріне қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігімен, яғни пара алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
– Бізге мәлім болған деректерге қарағанда, алдын ала сөз байласқан директор мен бас инженер әлдебір кәсіпкерден ақша алып, оны мекемеде тексеру жүргізіп жүрген аудиторға беруге оқталған көрінеді, – дейді Е. Рүстембеков.
Дәл қазіргі уақытта бұл қылмыстық істің тағдыры мүлдем жұмбақ. Тергеу әлі жүріп жатыр ма, әлде тоқтатылды ма, белгісіз. Сол себепті біз мақалада үстінен параға қатысты іс қозғалды деген директор мен бас инженердің аты-жөнін де, олар қызмет еткен кәсіпорынның да атауын жазғанымыз жоқ. Оның үстіне, бұл мәлімет біздің мақаламыздың негізгі тақырыбына жатпайды. Негізгі мәселе мынау.
–ҰҚК-ның Шымкент қаласы бойынша департаменті 13 шілдеде Шымкент қаласының әкімдігіне осы заң бұзушылықтарға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде ұсыныс хат жолдаған. Хатта кәсіпорын директоры мен бас инженерді атқарып отырған лауазымынан босату мәселесі де жазылған. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығымен, Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының және тиісті лауазымды тұлғалардың қатысуымен ұсынысты талқылап, оның нәтижесі туралы бір ай ішінде жауап беру қажеттігі жазылған, – дейді Рүстембеков.
Арызданушының айтуынша, әкімдік бұл хатты орындау үшін Рзабек Меңдіқұлов басшылық жасайтын қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына жолдағанымен, осы уақытқа дейін аталған екі қызметкер лауазымдарынан босатылмаған. Олардың тәртіптік мәселесінің қаралған-қаралмағаны да белгісіз күйде қалған.
Сонда қалай болғаны? Құзырлы орган әкімдікке заң бұзушылықтарға ықпал еткен мән-жайларды жоюды талап етеді, жауапты қызметкерлердің тәртіптік мәселесін қарауды ұсынған. Арада үш айдан астам уақыт өтсе де, ешқандай әрекет болмаған ба? Бұл «арқадан пышақ ұратындарды» аямайтын, коррупцияның кез келген көрінісіне төзімсіздік танытатын Шымкент қалалық әкімдігіне жарасатын тірлік пе?
Біз мәселенің мән-жайын білу үшін мекемелерге, құзырлы органдарға журналистік сауал жолдадық. Алғаш болып қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловқа хат жібергенбіз. Жауап оның орынбасары Қуаныш Умиралиевтен келді. Орынбасар жоғарыда аталған хаттың бар екендігін және оның басқармаға биыл 13 шілдеде келіп түскенін растады. Алайда жауапта:
– Ұсыныстағы мән-жайлар туралы мәліметтерді үшінші тарап болуыңызға байланысты ұсына алмайтынымызды хабарлаймыз, – деп жазылған. Біз басқармадан ұсыныстағы мән-жайларды емес, оның орындалуын, нәтижесін сұрадық емес пе? Сыбайлас жемқорлық – қоғам үшін маңызы бар мәселе. Оның үстіне, біздің сұратып отырғанымыз қылмыстық іс емес, тәртіптік іске қатысты. Шенеуніктерге қатысты тәртіптік істің нәтижесін жария етуге болмайды деген тәртіп қай заңда жазылған? Меңдіқұловтың мұнысы жауаптан жалтару ма, әлде өздері жасаған жөнсіз тірліктерді жасырып-жабу ма?
Рүстембековтің айтуынша, дәл осындай хатты ҰҚК Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне де жолдаған. Осыған байланысты біз аталған департаментке де журналистік сауал жолдаған болатынбыз. Хатқа департамент басшысы Қ.Қадырбековтің өзі жауап берді. Ол да өздеріне ҰҚК-дан хат келіп түскенін растады.
– 17.07.2026 жылы Департамент тарапынан ұсыну Шымкент қаласының әкімдігіне және Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына құзыреттілік шегінде қарау үшін жолданған, – делінген жауапта. Сонымен бірге Қ.Қадырбеков ұсынуды қараусыз қалдыру немесе онда көрсетілген заңбұзушылықтарды жоюға шара қолданбау, сол сияқты ұсынуға уақытылы жауап қайтармау үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 664-бабының талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын жазыпты. Алайда жауаптан түсінгеніміз, Мемлекеттік қызмет істері департаменті Меңдіқұловқа жолдаған хаттың одан әрідегі тағдырына бас ауыртпаған сияқты. Неге? Жайшылықта жемқорлыққа қатысты мәселе туралы ұзақ-сонар әңгімелер айтатын, шенеуніктердің тәртібін тікелей қадағалайтын департаменттің арқаны кеңге салуына не себеп болды?
Айтпақшы, біз өткен аптада осы іске қатысты ҰҚК-ның Шымкент қалалық департаментінен де хат алдық. Ол жақтан келген жауап тым қысқа болды. Департамент мұндай мәліметтерді прокуратурадан немесе полициядан алуымызға кеңес беріпті. Неге полициядан? Әлде ҰҚК істі полицияға өткізді ме? Өкінішке қарай, көкейдегі көп сұрақ сол күйі жауапсыз қалды. Шымкентте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларының қазіргі жай-күйі осы болғаны ма?
Мақаламыздың басындағы қала әкімі Сыздықбеков айтқан сөздерге қайта оралайық. Жалпы, осы сөздерден байқасаңыздар, Ғабит Әбдімәжитұлы сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісін мемлекетке жасаған сатқындық деп қабылдайды. Ал оның қарамағындағы Рзабек Меңдіқұловтың ұстанымы қалай? Ол керісінше, қарамағындағы қызметкерлердің заң бұзғанын әшкерелеу мен жазалауды сатқындық деп түсіне ме? Естеріңізде болса біз бұған дейін Рзабек Меңдіқұловтың бұйрығымен «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнында сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен айналысатын офицер-комплаенс лауазымына сыбайлас жемқорлық баптары бойынша сотталып шыққан азаматтың тағайындалғанын жазған едік. Сол кезде «бұл заңға қайшы емес» деп ақталған басқарма басшысының бұл жолғысы қаншалықты заңды?
Ал сыбайластыққа қатысты «позициясы шынайы», «ешқашан қайтпайтын» қала әкімі Сыздықбеков қарамағында болған осындай тірліктерден қаншалықты хабардар? Бұл бойынша тиісті шаралар қолданылды ма? Жауапты енді тек қала әкімінің өзінен күтуден басқа амал қалмаған сияқты.
Не де болса әліптің артын бағып көрейік.
«Рейтинг» газеті, 21 қазан 2026 жыл.


