«Ағыбаев қызметтен кетеді»

Oinet.kz 11-11-2026

Screenshot_1.png 

 «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Нұралхан Көшеровтің халықпен кездесулері жалғасып жатыр. Алдын ала бекітілген кесте бойынша өткен аптаның жұмасында облыс басшысы Келес ауданының тұрғындарымен жүздесіп, талап-тілектерін тыңдады.

Келес – 2018 жылы Сарыағаштан бөлініп шыққан жас аудан. Халқы өте пысық. Шекараның шебінде жатқан өңір – сауда-саттыққа да, ауыл шаруашылығына да қолайлы. Алайда дәл қазір келестік шенеуніктер ауданды өрге сүйрейтін осы потенциалды пайдалана алмай отырған сияқты. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың мойнына алған бірқатар мәселені шешпегенін, аудандағы кейбір белсенділердің оның жұмысына көңілі толмай отырғанын «Рейтинг» газетінде біз бұған дейін жазғанбыз. Міне, бізге жеткен соңғы ақпараттарға қарағанда, жақын арада Келестің әкімі Ағыбаев қызметтен кеткелі жатқан көрінеді. Мұны сол жұмадағы облыс әкімінің халықпен жүздесуінде жергілікті белсенділердің бірі ашық айтты.

Кездесуде баяндама жасаған Нұралхан Көшеров Келес ауданындағы бірқатар жетістікке тоқталды. Бірақ анау айтқандай, керемет дейтіндей жаңалық жоқ. Жалпы Келес қазір көштен кейін қалып бара жатқандай әсер қалдырады. Жиында облыс басшысы:

– Жалпы былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштері негізінде Келес ауданы 13-ші орынды иеленген. Ал биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 17-ші орынға ие болды. Келес ауданы ауыл шаруашылығы, сауда және кәсіпкерлік салаларында әлеуеті жоғары өңір бола тұра даму көрсеткіштері енді-енді түзеліп келе жатыр, – деді.

Көшеровтің осы сөзінен көп жайтты аңғаруға болады. Бұл Келестің әлеуетіне ғана емес, аудан басшысы Жәнібек Ағыбаевтың жұмысына берілген баға десек қателеспейміз.  Өзіңіз сараптап қараңыз, Түркістан облысындағы 17 аудан, қаланың ішінде 17-інші орынды алу нені білдіреді? Бұл дегеніңіз көштің соңында салпақтап қалды дегенді сыпайылап жеткізу ғой. Ауыл шаруашылығы, сауда саттығы дамыған, халқы еңбекқор аудан мүмкіндігін толық көрсете алмай, рейтингтегі ең соңғы орынды иеленсе, оған кім кінәлі?

Естеріңізде болса, былтыр Жаңа жылдың алдында Келес ауданы Қошқар ата ауылдық округіндегі  елді мекендерді жалғап тұрған көпір құлап, бірнеше ауыл байланыссыз, ауыз сусыз қалды, оқушылар онлайн білім алуға көшті. Жергілікті шенеуніктер көпірдің құлайтынын алдын ала білгенін, бәрі бақылауда болғанын мәлімдеуден танбады. Ал тұрғындар бұл туралы аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевқа екі жыл бұрын айтқан, әкім мәселені шешуге уәде бергенімен, ешқандай әрекет жасамағанын айтумен болды. Абырой болғанда көпшіліктің көз алдында құлаған көпірден ешкім зардап шеккен жоқ. Тіпті ол шенеуніктердің карьерасына да кері әсерін тигізбеді. Кездесуде облыс әкімі осы көпір мәселесіне арнайы тоқталды. Нысанның құрылысы өткен айда басталып, мердігер жұмысына кірісіп кеткен. Облыс басшысы көпірдің биыл пайдалануға берілетінін мәлім етті. Бұдан кейін кезек сұрақ-жауапқа келді.

 Жиында ауыз су, жолға қатысты сұрақтар жиі қойылды. Мұның ішінде ауыз су айырықша тоқталуды қажет етеді. Облыстың осы саладағы көрсеткіштерін кері тартып отырған Келес ауданы десек, қателеспейміз. Президенттің 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекенді ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етуді жүктегені белгілі. Ал «Рейтинг» газетінде бұған дейін жазғанымыздай, Жәнібек Ағыбаев әкімдік ететін Келесте дәл қазір алыстағы ауылдарды былай қойғанда, аудан орталығы – Абай ауылының тұрғындары ауыз суды тасып ішеді. Себебі Өзбекстаннан келетін ауыз судың көлемі халыққа жетпейді. Ал енді мемлекеттің арнайы ауыз су бағдарламасы бойынша бөлінген жүз миллиардтаған теңгелер бұл проблеманы неге шеше алмады? Қыруар қаржы Абай ауылын қалайша айналып өтті? Мұның бәрі жергілікті атқамінерлердің жауапсыздығына, жайбарақаттығына барып тіреледі. Биыл жазда осы мәселені қозғап, мақала жазғанымызда келестік шенеуніктер  ауданның ауыз сумен 100 пайыз қамтылып қойылғанын мәлім еткен еді. Ал енді мына қызықты қараңыз, облыс басшысымен өткен осы жолғы кездесуде баяндама жасаған Жәнібек Ағыбаев:

«Аудандағы 83 елді мекеннің 79 елді мекені немесе 95,2% ауыз сумен қамтылған», – деді. Сонда 100 пайыз деген көрсеткіш қайда қалды? Келесте ауыз суға қатысты проблемалар соңғы уақытта әлеуметтік желіде де жиі көтеріледі. Әсіресе, шіліңгір шілдеде жағдай қиын. Шамасы, әкім Ағыбаев ел осылай улап-шулап жатқан кезде 100 пайыз дегенімізге бәрібір ешкім сенбейді деген болу керек. Бірақ 95,2 пайыз дегенге де бәрібір ешкім иланбайды ғой.  Аудан орталығы – Абай ауылы жаз бойы суды «водовозбен» тасып ішіп отырғанда ол қалайша 95,2 пайыз болады? Тұрғындардың ауыз суға қатысты  сауалына жауап берген облыс басшысы проблеманы шешу үшін арнайы жоба әзірленгенін, бұл жобаның Үкіметтен қолдау тапқанын мәлім етті.

– Бұл жұмысты ендігі жылдың соңына дейін бітіруге тырысамыз. Ауыз су мәселесін  түбегейлі шешетін боламыз, – деді облыс басшысы.

Ауданда өткен жиындарда өткір мәселе қойып жүрген жергілікті белсенді Нұржүрек Махаев деген азамат көгалдандыру жұмыстарына көңілі толмайтынын білдірді.  

«Ауылда 2021 жылы еккен ағаштарымыз көлеңке, көрік беріп тұр. Ал енді біздің Абайдағы көгалдандыру көңілден шықпайды. Көктемде көшет егеді күзге дейін ол ағаш жоқ болады. Гүл егеміз ол да дұрыс гүлдемейді. Биыл еккен ағаштар келесі жылы қурап тұрады, келесі жылы қайтадан ақша бөледі, білмеймін сонда бұл ақша шығарудың жолы ма?!»,– деген қоғам белсендісі әңгімесінің соңын:

– Жәке, рақмет, Құдай қаласа, жақында кетейін деп жатыр екенсіз. Алла сапарыңыз сәтті болсын! Жаңа әкім елге жанашыр болып келсін, Құдай қаласа! – деп аяқтады. Бұл көпшілік үшін күтпеген жағдай болды. Жәке деп отырғаны аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев екендігі айтпаса да түсінікті ғой.

– Сіздер мен үшін кадрлық шешімді шығарып қойыпсыздар ғой, – деген облыс әкімі әңгіменің соңын әзілге қарай бұрған болды. Осыдан кейін залда отырған ақсақалдардың бірі облыс, аудан басшыларына ризашылығын білдіріп, кездесуді шұғыл аяқтау жөнінде ұсыныс айтты. Бәрі алдын ала бекітілген сценарий, әрине. Келестегі кездесу осылайша бір жарым сағатқа жуық уақыт созылып, ақырына жетті.  

Жәнібек Ағыбаев Келес ауданының әкімі лауазымына 2022 жылдың желтоқсанында тағайындалған. Оған дейін Шымкентте, Астанада, Түркістанда қызмет еткен. Енді бір айдан кейін оның  әкімдік мерзімі түгесіледі деген сөз. Яғни, «жақында кетейін деп жатыр екенсіз» деген сөз бекер айтылып отырған жоқ. Соңғы уақытта Ағыбаевтың қызмет ауыстыратыны туралы әңгімелер әлеуметтік желіде де көп  жазылып жүр. 

Келестің оған дейінгі әкімі Ақментай Есбаевтың кезінде ауданда сыбайлас жемқорлық өршіді. Отставкаға кетуі тиіс Есбаевқа сол кезде өте көп кешірім жасалғанын уақытында «Рейтинг» газетінде біз талай мәрте көтердік. Есбаевтың үшінші мәрте жазған арызынан кейін отставкаға кеткені белгілі. Оның орнын басқан Ағыбаевтың да елдің сенімін ақтағаны шамалы болып тұр.   

Келеске енді есеп үшін емес, ел үшін жұмыс істейтін әкім керек.

 

«Рейтинг» газеті, 11 қараша 2026 жыл.  


Болатбек Әлиев жаңа қызметке тағайындалды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу