Еңбекке ынта болса, мүмкіндік те табылады

Oinet.kz 12-11-2026

Еңбек – адамның қоғамдағы орнын айқындап қана қоймай, ел экономикасының дамуына ықпал ететін негізгі күштің бірі. Сондықтан халықты тұрақты жұмыспен қамту, кәсіби біліктілігін арттыру және табыс табуына жағдай жасау кез келген мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды бағыт саналады. Бүгінде еңбек нарығы да өзгеріп, жұмыс іздеу мен жұмысқа орналасудың жаңа тәсілдері қалыптасып келеді. 

image.png

   Қазақстан жұмыссыздықпен күресте тиімді саясатты ұстанып, көршілерінен әлдеқайда көш ілгері келе жатқан мемлекет. Әсте, сандарды сөйлетсек, бұған көз жеткізесіз. Мамандардың мәліметінше   ағымдағы жылғы үшінші тоқсанда республикадағы жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрап отыр. Осы кезеңде елдегі жұмыс күшінің саны 9 миллион 849 мың адамға жетсе, соның 9 миллион 403,4 мыңы экономика салаларында еңбек еткен. Олардың 7 миллион 247,7 мыңы жалдамалы қызметкер болса, 2 миллион 155,7 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны 73,3 мың адамға артқан. Еңбек етушілердің басым бөлігі сауда, білім беру, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларына тиесілі. Ал 15-34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық 2,9 пайызды құраған.

    Қазір түйіндемеңізді арқалап,  есіктерді  қағып, әр мекеменің табалдырын тоздыратын заман келмеске кеткен. Бүгінде үйде отырып-ақ, бір батырманы басу арқылы екі қолға бір күрек табуға болады.   Айталық, азаматтар Enbek.kz электрондық еңбек биржасына түйіндемесін орналастырып, өзіне лайық бос жұмыс орындарын іздей алады. Жұмыссыз ретінде тіркелу, әлеуметтік төлемдерге өтінім беру, қайта даярлау курстарына қатысу секілді қызметтер де осы жүйеге біріктірілген. Бұған қоса, жасанды интеллект негізіндегі жаңа қызмет жұмыс іздеу үдерісін жеңілдетуге бағытталған. Азаматтың келісімімен оның білімі, еңбек өтілі мен кәсіби дағдылары туралы мәліметтер жинақталып, цифрлық түйіндеме жасалады. Жүйе осы деректерге сүйене отырып, үміткерге сәйкес келетін бос жұмыс орындарын ұсынады.

Цифрлық жұмыспен қамту қызметі шілде айынан бастап Павлодар және Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде іске қосылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаевтың айтуынша, бұл тетік жұмыс іздеушіге бос орындарды өзі іздеумен шектелмей, оның білімі мен тәжірибесіне сәйкес ұсыныстарды алдын ала алуға мүмкіндік береді. Егер азаматқа белгілі бір дағды жетіспесе, жүйе тегін онлайн курстар мен дуальды оқыту мүмкіндіктерін де ұсынады.

«Біз азамат жұмыс іздеп жүргенде оған жай ғана бос орындардың тізімін ұсынумен шектелмей, оның білімі мен тәжірибесіне сәйкес келетін жұмысты алдын ала іріктеп беретін жүйеге көшіп жатырмыз. Азаматтың рұқсатымен еңбек жолы, кәсіби дағдылары мен білімі туралы ақпарат жинақталып, цифрлық түйіндеме қалыптастырылады. Осы мәліметтер негізінде лайықты жұмыс орындары ұсынылады. Жоба басталғалы екі айда қатысушыларға 59 мың хабарлама жіберіліп, соның арқасында шамамен 3 мың адам жұмысқа орналасты», – деді Бахтияр Жазықпаев.

2f861c69-79c6-445e-9c81-f57e7e21194e.png

Жұмыспен қамту саясатында жастарға айрықша көңіл бөлінеді. Себебі оқу орнын аяқтаған жас маман үшін алғашқы жұмыс орны мен тәжірибе жинақтау оңайға соқпайды. Осы мәселені шешуге бағытталған «Жастар практикасы» бағдарламасы биыл да жалғасуда. Биылғы он айдың ішінде  бағдарлама арқылы 21 981 жас маман жұмысқа орналасқан. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 25 мыңға жеткізу жоспарланған. Ал еңбек өтілі мол, бірақ жұмыс табуда қиындыққа кездесетін аға буын өкілдеріне «Күміс жас» жобасы көмек көрсетіп келеді. Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында осы жоба аясында 10,3 мың адам жұмысқа орналасқан. 

Елімізде жұмыс іздеп, өз жолын таба алмай жүрген жандарға бағдаршам болар JOLTAP әлеуметтік жобасы іске қосылғанын айта кетейік.  Су жаңа жоба аясында 22,3 мың адам тегін оқудан өтіп үлгенген.  Түлектердің 60 пайызы жұмысқа орналасса, 23 пайызы фрилансер ретінде еңбек етіп жүр. Сонымен бірге 2 мыңнан астам қатысушы жеке кәсібін ашқан. Жоба курстары жергілікті кәсіпорындардың сұранысына қарай әзірленеді. 

 «Мәселен, тігіншілікке қызығатын адам пішу мен тігуді үйренумен қатар, дайын өнімін қалай сататынын да білуі керек. Ол үшін әлеуметтік желілерде тауарды таныстыру, маркетплейстермен жұмыс істеу, есеп жүргізу және салық мәселелерін түсіну маңызды. Сондықтан біз қатысушылардың қажетті курстарды біртіндеп меңгеріп, оқу барысында алған білімін нақты іске айналдыруына көмектесеміз. Біздің мақсатымыз – адамды тек мамандыққа үйрету емес, оның жұмысқа орналасуына немесе жеке кәсібін бастауына қажетті дағдыларды қалыптастыру», – деді JOLTAP әлеуметтік жобасының жетекшісі Дана Жүнісова.

image.png

Халқымыз «Еңбек түбі – береке» деп бекер айтпаған. Тұрақты табыс пен тұрмыс игілігі де, кәсіби өсу мен жеке жетістік те ең алдымен адамның еңбегіне байланысты. Бірақ еңбек етуге ынталы жанға мүмкіндік пен бағыт-бағдар қажет. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан жұмыспен қамту жобаларының маңызы да осында. Олар жұмыс іздеген адамға жол көрсетіп қана қоймай, жаңа кәсіп игеріп, өз күшіне сенуге мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, елдің басты байлығы – еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтар. Сондықтан әр адамның жұмыс табуы мен өз еңбегінің жемісін көруі ел дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып қала береді.

Қыздың үнсіздігі — некеге келісім: Талибан үкіметі балалар некесін заңдастырмақ
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу