Қазақстанда 10,8 мың мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтылды

Oinet.kz 10-11-2026

Әрбір азаматтың қоғамнан өз орнын тауып, еңбекпен еңсесін тіктеуі – мемлекет саясатының басты басымдығы. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, олардың кәсіппен айналысуына айрықша жағдай жасалуда. 

image.png

Мәселен, 2026 жылдың 1 қазанындағы дерек бойынша, мансап орталықтарының көмегіне жүгінген 29,5 мың азаматтың 18,2 мыңы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, нәтижесінде 10,8 мың адам тұрақты әрі субсидияланатын жұмыс орындарына орналасты.

Еңбек нарығындағы әділдік пен теңгерімді сақтау мақсатында қызметкерлер саны 50-ден асатын кәсіпорындарға 2-4 пайыз көлемінде арнайы квота белгіленген. Биыл осы квота аясында 16 706 жұмыс орны қарастырылып, екінші тоқсанның қорытындысы бойынша 6,2 мыңға жуық адам еңбекке араласты. Сонымен қатар әр жанның жеке ерекшелігі ескеріліп, есту, көру және тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар үшін 47 арнайы жұмыс орны ашылды.

Мемлекет тек жұмыс ұсынып қана қоймай, жаңа мамандық игеріп, өз кәсібін дөңгелетуге де серпін береді. Жыл басынан бері «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 3,6 мыңнан астам адам кәсіпкерлік әліппесін меңгерсе, 578 азамат тың бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды.

Әлеуметтік қамқорлық аясы тек еңбекпен шектелмейді. Биылғы тоғыз айда «Әлеумет» порталы арқылы 75 мыңнан астам қызмет алушыға 463,2 мыңға жуық оңалту құралдары, санаторийлік емдеу, ымдау тілі маманы мен жеке көмекші қызметтері ұсынылды. Бұл ретте жүйенің ашықтығы мен сапасын арттыруға ерекше мән берілуде.  Осы ретте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «Біздің басты мақсатымыз – мемлекеттік көмек шынымен мұқтаж жандарға кешіктірілмей жетуін қамтамасыз ететін, ашық әрі тиімді жүйе құру. Цифрлық құралдарды жетілдіріп, медициналық-әлеуметтік сараптама мен оңалту көмегінің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады», - деп  атап өткен еді.

Бұдан бөлек, кішкентай бүлдіршіндерге арналған «QH – мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасы да сәтті іске асуда. Бүгінде еліміздің бес өңірінде мамандардың сүйемелдеуімен балаларға қажетті техникалық жабдықтар тегін беріліп жатса, жыл соңына дейін бұл игі бастама тағы үш өңірде өз жалғасын таппақ.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қоғам мен мемлекеттің осындай ортақ қамқорлығы ерекше жандардың өмірге деген құштарлығын арттырып, ертеңгі күнге деген сенімін нығайта түсері анық.

Әлеуметтік қолдау: көмек кімге және қалай жетуі керек?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу