Еңбек күшін ел игілігініне жаратқан жоба

Oinet.kz 24-07-2026

Көші-қон – картадағы халық қозғалысы ғана емес, елдің еңбек нарығына, өңірлердің дамуына және адами капиталына тікелей әсер ететін маңызды үдеріс. Бір өңірде маман тапшы болса, енді бір аймақта еңбек ресурсы жеткілікті болуы мүмкін. Сондықтан бүгінгі көші-қон саясатының мақсаты – азаматтарды бір жерден екінші жерге көшірумен шектелмей, адамға жаңа ортада орнығып, еңбек етуіне мүмкіндік жасау.

image.png

Қазақстанда осы бағыттағы саясат кезең-кезеңімен жаңғыртылып келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек нарығының сұранысы мен елдің әлеуметтік-экономикалық басымдықтарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыруда. Оның негізгі бағыттарының бірі – экономиканы қажетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету, ішкі еңбек нарығын қорғау және сұранысқа ие білікті мамандарды тарту.

Бұл жерде мәселе тек адам санында емес, оның сапасында. Қазіргі экономикаға белгілі бір салада еңбек ететін кез келген адам емес, нақты кәсіби дағдысы бар маман қажет. Сондықтан сұраныстағы кәсіп иелеріне Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу тәртібін жетілдіру, шетелдік жұмыс күшін тарту тетіктерін реттеу және қазақстандық мамандардың тәжірибесін арттыру үшін тәлімгерлік институтын дамыту көзделіп отыр.

Көші-қон саласы да заман талабына сай цифрлық кеңістікке көшуде. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен ықпалдастырылған бірыңғай цифрлық платформаны дамыту жұмыстары жүргізілуде. Мұндай жүйе құжат айналымын жеңілдетіп қана қоймай, азаматқа қажетті мемлекеттік қызметті уақытылы әрі қолжетімді алуға мүмкіндік береді.

Көші-қонның маңызды бағыттарының бірі – еңбек күші тапшы өңірлерге азаматтарды ерікті түрде қоныстандыру. Бұл – бір жағынан, жұмыс іздеген адамға жаңа мүмкіндік берсе, екінші жағынан, кадр жетіспейтін өңірлердің мәселесін шешуге көмектесетін тетік.

Өңіраралық еңбек ұтқырлығы бағдарламасы аясында 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 3 420 адамға қоныс аударуға арналған субсидия, ал 3 432 азаматқа тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге өтемақы берілген.

Биыл қоныс аударған әр отбасы мүшесіне берілетін біржолғы субсидия 70 АЕК немесе 302 750 теңге болып белгіленді. Ал тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтер шығындарын өтеуге арналған өтемақы отбасы құрамына және қоныстанатын елді мекенге қарай 64 875 теңгеден 129 750 теңгеге дейін төленеді.

«Қоныс аударғанға қоныс жайлы болсын» деген тілек бар. Ал бүгінгі міндет – сол тілектің артындағы нақты жағдайды қалыптастыру. Яғни азамат жаңа жерге барған кезде баспанасыз немесе жұмыссыз қалмай, кәсібін жалғастырып, отбасын орнықтыра алатындай жағдай жасау.

Осы ретте қоныс аударушыларға берілетін экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 млн теңгеге дейін ұлғайтылғанын айта кетейік. Бұл қаражатты жаңа өңірден жеке тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. Сонымен бірге көшу шығындарын өтеу, баспана жалдау мен коммуналдық төлемдерді субсидиялау және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шаралары қарастырылған.

Мұндағы маңызды өзгерістің бірі – бағдарламаға қатысушылардың қатары кеңейіп келеді. Бұған дейін ол негізінен жұмыссыз азаматтарға бағытталса, қазір еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар мен шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да мемлекеттік қолдауды пайдалана алады.

Бағдарламаның бірнеше жылдық нәтижесі де қуантарлық. Сала мамандарының дерегінше 2017 жылдан бері жобаға 73,9 мың адам қатысып, 31 мың адам тұрақты жұмысқа орналасыпты. Бұл көші-қон саясатының әлеуметтік жоба ғана емес, еңбек нарығын теңестіруге бағытталған экономикалық құралға да айналып келе жатқанын көрсетеді.

Ең бастысы – азаматтың жаңа жерге барғаннан кейінгі тағдыры. «Басқа жерге барсаң, бақыт іздеме, кәсіп ізде» дегендей, қоныс аударудың нәтижесі адамның жұмыс тауып, тұрақты табысқа қол жеткізуімен өлшенеді. Сондықтан қазіргі саясатта тұрғын үймен қамтамасыз ету мен жұмысқа орналастырудың қатар қарастырылуы маңызды.

Бұл мүмкіндіктерді цифрлық жүйе арқылы пайдалану да жеңілдеп келеді. Қоныс аударуға өтінім беру, ұсынылатын өңірлер картасымен танысу, сұранысқа ие мамандықтарды көру және қолайлы бос жұмыс орнын таңдау migration.enbek.kz порталы арқылы онлайн жүзеге асырылады.

Көші-қонның артында әрдайым адамның тағдыры тұрады. Бір отбасы үшін қоныс аудару – жаңа үй, жаңа жұмыс және балалардың болашағына жасалған қадам болса, тұтас өңір үшін бұл – еңбек ресурсы мен демографиялық әлеуеттің артуы. Сондықтан көші-қон саясатының нәтижесін тек көшіп барған адамдардың санымен емес, олардың жаңа ортада қаншалықты орныққаны және ел экономикасына қаншалықты үлес қосып отырғанымен бағалау маңызды.

Халқымыз «Елге ел қосылса – құт» дейді. Бүгінгі көші-қон саясатының мәні де осы сөздің астарында жатыр. Бір өңірге қоныс аударған әр отбасы – жаңа тұрғын ғана емес, сол аймақтың еңбек және демографиялық әлеуетін арттыратын күш. Ал азамат үшін жаңа қоныс – жаңа жұмыс, жаңа мүмкіндік, жаңа өмірдің бастауы.

Сондықтан көші-қон саясатының түпкі мәні – адамдарды бір жерден екінші жерге көшіру емес, адамға жаңа жерде жаңа мүмкіндік ашу.


Инклюзивті қоғам: мүмкіндік бәріне ортақ
Берекелі елдің бастауы – берік отбасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу