Инклюзивті қоғам: мүмкіндік бәріне ортақ
Ерекше қажеттілігі бар балаға өзгеше көзбен қарау оның өзіне деген сеніміне әсер етеді. Ал қатарластарымен бірге білім алып, ойнап, ортақ іс-шараларға қатысуы баланың қоғамға бейімделуіне ғана емес, өз мүмкіндігін тануына да жол ашады. Сондықтан инклюзия – баланы өзгелерден бөліп оқыту емес, оның ерекшелігін ескере отырып, ортақ ортада бірге дамыту болып табылады.

Ал баланың өміріндегі әрбір кішкентай жетістік – тұтас отбасы үшін үлкен қуаныш. Мұны мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалтуға арналған пилоттық жобаның нәтижелерінен де көруге болады. Қазіргі таңда бастама Шымкент қаласы, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында жүзеге асырылып келеді. Жоба іске қосылғалы 628 бала үй жағдайында кешенді оңалтудан өткен. Оларға 405 арнайы оңалту техникалық құралы берілді. Ең маңыздысы – олардың 470-інде, яғни шамамен 75 пайызында оң өзгеріс байқалған. Тұрақты жүргізілген сабақтардың нәтижесінде 130 бала басын өздігінен нық ұстай алатын, 76 бала өздігінен отыратын деңгейге жеткен. 78 бала тірек құралдарының көмегімен тұруды меңгерсе, 34 бала алғашқы қадамдарын жасаған.
Бұл сандардың әрқайсысының артында бір отбасының қуанышы тұр. Бір бала үшін алғашқы қадам – біз үшін күнделікті әрекет болса, ата-ана үшін жылдар бойы күткен арманның орындалуы. Сондықтан әлеуметтік қолдаудың тиімділігін тек бөлінген қаражатпен немесе көрсетілген қызмет санымен емес, адамның өмірінде болған нақты өзгеріспен бағалау маңызды.
Жобаның ерекшелігі де осында. Мамандар әр балаға жеке оңалту бағытын әзірлеп, отбасымен қашықтан тұрақты байланыста болады. Ата-аналар жаттығулардың орындалуын цифрлық күнделік арқылы белгілейді. Ал жиналған деректерді нақты уақыт режимінде талдау оңалту бағдарламасын қажет болған жағдайда жедел өзгертуге мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін жобаны Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарына кеңейту жоспарланған.
Инклюзияның тағы бір маңызды бағыты – білім мен спорт. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың өз қатарларымен бірге жалпы білім беретін мектептерде оқуына жағдай жасау – олардың қоғамнан оқшауланбауының маңызды кепілі. Инклюзивті білім беру үшін мектеп ғимаратының бейімделуі жеткіліксіз. Мұғалімнің дайындығы, арнайы педагог, психолог пен логопедтің көмегі, оқу бағдарламасының баланың қажеттілігіне қарай бейімделуі де қажет.
Сол сияқты спорт та адамның өз мүмкіндігін танытатын кеңістікке айнала алады. Қазір Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар спортшыларға арналған 16 клуб пен 2 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 8 мыңға жуық спортшы тұрақты түрде жаттығады. Бұл – ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамдағы рөлі тек көмек алушы деңгейімен шектелмейтінін көрсететін маңызды мысал.
Мұндай жетістіктер қоғамдағы қалыптасқан түсінікті де өзгертуі тиіс. Ерекше қажеттілігі бар адамды тек көмекке мұқтаж жан ретінде қабылдау – ескірген көзқарас. Олар да спортшы, маман, өнерпаз, кәсіпкер, ата-ана немесе қоғам белсендісі бола алады. Оларға ең алдымен аяушылық емес, құрмет пен мүмкіндік қажет. Заң мен бағдарлама қанша жерден жақсы болғанымен, инклюзия қоғамның санасында орнықпайынша, мәселе толық шешілмейді. Ерекше қажеттілігі бар адамды көргенде оны мүсіркеу объектісі ретінде емес, қоғамның тең мүшесі ретінде қабылдауымыз қажет. Себебі инклюзия – біреуге жақсылық жасау емес, әр адамның құқығын мойындау.
Қазақстан 2023 жылғы 7 маусымда Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялап, осы бағыттағы халықаралық міндеттемелерін күшейтті. Ал Инклюзивті саясат тұжырымдамасы әр адамның өмір сапасын арттыруға, кедергілерді жоюға және тең мүмкіндік қалыптастыруға бағытталған.
Дегенмен нағыз өзгеріс тек құжаттар мен жобалардан емес, күнделікті қарым-қатынастан басталады. Автобуста арнайы орынға құрметпен қарау, пандустың алдына көлік қоймау, ерекше қажеттілігі бар баланы қатарынан бөлмеу, оның пікірін тыңдау – бұлардың бәрі инклюзивті қоғамның қарапайым, бірақ маңызды қадамдары.
Халқымыз «Адамның күні – адаммен» дейді. Бұл сөз бүгінгі инклюзия ұғымының да өзегін дөп басады. Қоғамның күші – бәрінің бірдей болуында емес, әртүрлі адамдардың бір ортада тең өмір сүре алуында.
Құрмет дегеніміз – ерекше қажеттілігі бар адамды үнемі аяп, оның орнына бәрін жасап беру емес. Құрмет – оның таңдауына, пікіріне, жеке кеңістігіне және дербестігіне мән беру. Кейде біз «көмектесейін» деген ниетпен адамның өз бетінше әрекет ету мүмкіндігін шектеп қоямыз. Сондықтан ең дұрыс қолдау – қажет кезде қол ұшын созу, ал қажет болмаған жағдайда адамның өз еркіне мүмкіндік беру.
Сондықтан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жағдай жасау – тек мемлекеттің немесе әлеуметтік қызметкерлердің міндеті емес. Бұл – баршамызға ортақ жауапкершілік. Кедергісіз орта салынған ғимараттан ғана емес, кедергісіз көзқарастан да құралады. Әр адам маңызды. Әр адам құрметке лайық. Ал шынайы инклюзия – ешкімді қоғам шетінде қалдырмайтын орта қалыптастырудан басталады.


