Мамандар АПВ бойынша тәжірибе алмасты

Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен «Жатыр мойны обырының алдын алу, иммундаудың рөлі» тақырыбында семинар өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – медицина қызметкерлерінің адам папиллома вирусы (АПВ) инфекциясы, жатыр мойны обырының алдын алу және АПВ-ға қарсы вакцинацияның маңызы жөніндегі білімін арттыру, сондай-ақ медициналық ұйымдарда иммундау жұмыстарын тиімді ұйымдастыру.
Семинарға Денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдардың емдеу ісі және емхана бойынша басшы орынбасарлары, иммунолог мамандары, қатысты. Іс-шара барысында АПВ инфекциясының эпидемиологиясы, жатыр мойны обырының алдын алу, иммундаудың маңызы және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мәселелері бойынша баяндамалар ұсынылды.
«АПВ-ның эпидемиологиясы» тақырыбында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің PhD-докторанты А.Бишманова баяндама жасады. Баяндама барысында АПВ инфекциясының таралу ерекшеліктері, инфекцияның қауіп факторлары және оның жатыр мойны обырының дамуындағы рөлі туралы ақпарат берілді. Ал, «Жатыр мойны обырының алдын алудағы иммунизацияның рөлі» тақырыбында Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс координаторы З.Утегенова баяндама жасап, АПВ-ға қарсы вакцинацияның жатыр мойны обырының алдын алудағы маңызына, иммундау жұмыстарын ұйымдастыруға және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігіне тоқталды.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің бас маманы Г.Буйраева санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және иммундау мәселелері бойынша ақпарат ұсынды. Ал, аталған департаменттегі Инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің басшысы А.Әмір АПВ инфекциясының алдын алу және эпидемиологиялық бақылау бағытындағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс иммунолог маманы Ж.Асқарова АПВ-ға қарсы иммундаудың ерекшеліктері, вакцинацияның тиімділігі мен қауіпсіздігі және медицина қызметкерлерінің ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудегі рөлі туралы баяндады.
Семинар барысында қатысушылар АПВ-ға қарсы вакцинацияны ұйымдастыру, медициналық ұйымдардағы иммундау жұмыстарын жетілдіру, халық арасында вакцинацияға деген сенімді арттыру және ата-аналарға дұрыс әрі ғылыми негізделген ақпарат беру мәселелері бойынша пікір алмасты. Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, мамандармен ашық пікір алмасу жүргізілді.


