Министр Түркістандағы оңалту орталығының жұмысын оң бағалады

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Түркістан қалалық балалар ауруханасына қарасты оңалту орталығына арнайы іссапармен келді. Министрді Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев пен оның орынбасары Жанболат Ділдәбеков және Түркістан қалалық балалар ауруханасының басшысы Алмат Байсалов қарсы алды.
Іссапар барысында министр балаларды оңалту орталығының жұмысымен жан-жақты танысып, науқас балаларға көрсетіліп жатқан ем-дом және оңалту шараларының жүргізілу барысын бақылады. Сонымен қатар, медициналық қызмет сапасын арттыру, заманауи оңалту әдістерін енгізу және қызметкерлердің кәсіби білімін жетілдіру бағытында бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Сапар аясында орталықта ем қабылдап жатқан балалардың ата-аналарымен сұхбат жүргізіліп, орталық жұмысы бойынша ой-пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Ата-аналар көрсетіліп жатқан медициналық көмектің сапасына ризашылықтарын білдіріп, балалардың оңалуына жасалып жатқан жағдайларға оң бағаларын берді.
Кездесу барысында орталық мамандары атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, алдағы жоспарлар мен даму бағыттарын ортаға салды. Министр балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырудың маңыздылығына тоқталып, орталық ұжымының еңбегін оң бағалады.


