Түркістан облысында төртінші бауыр трансплантацияланды

Oinet.kz 18-05-2026

4баур.jpg

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында бауыр трансплантациясы бойынша күрделі жоғары технологиялық операциясы сәтті өтті. Бұл – өңірде жүзеге асырылған төртінші бауыр трансплантациясы. Операция А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқарма төрағасы, профессор, академик Болатбек Баймахановтың жетекшілік еткен білікті мамандар тобының қатысуымен өткізілді.

Науқас 39 жастағы азамат. Оған созылмалы В вирусты гепатиті мен дельта агент аясында дамыған бауыр циррозы диагнозы қойылған. Сонымен қатар, порталдық гипертензия, өңеш көктамырларының варикоздық кеңеюі, гиперспленизм синдромы, асцит және бауыр энцефалопатиясы секілді ауыр асқынулар анықталған. Ол 2015 жылдан бері диспансерлік есепте тұрған. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы уақытта сырқаттың асқынуына байланысты бауыр трансплантациясы пациенттің өмірін сақтап қалудың жалғыз тиімді тәсілі болған.

Донор ретінде науқастың 36 жастағы туған сіңілісі өз еркімен келісім берген. Ол толық медициналық тексеруден өтіп, донорлыққа қарсы көрсетілімдер анықталмаған.

Күрделі операцияны А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы мен Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы мамандарынан құралған бірлескен команда жүзеге асырды. Операцияға хирург-трансплантологтар Н.Мәуленов, М.Досханов, А.Хаджиева, Е.Тауасаров, Н.Садуақас және Б.Өтебеков қатысты. Анестезиологиялық сүйемелдеуді Е.Муталиев пен А.Пралиев жүргізді.

Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты. Дәрігерлердің динамикалық бақылауында, операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтуде. Трансплантацияланған бауырдың қызметі біртіндеп қалпына келуде. Мамандардың пікірінше, бұл күрделі операция өңірдегі трансплантология саласының дамуына тың серпін беріп, тұрғындарға жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра түседі.


Министр Түркістандағы оңалту орталығының жұмысын оң бағалады
Түркістан дәрігері «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу