Даудан көз ашпаған полицей енді қызметін сақтап қала ма?

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің бұрынғы төрағасы Данияр Мейірхан жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу дерегі бойынша кінәлі деп танылды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оған 1500 айлық есептік көрсеткіш, яғни 6 миллион 487 мың 500 теңге айыппұл салды. Алайда үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
19 қарашада жарияланған сот шешімі жабық отырыста қабылданған. Данияр Мейірхан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 123-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Аталған бапта жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлегені үшін айыппұлдан бастап, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бір қарағанда, бұл – жоғары лауазымды полиция қызметкеріне қатысты кезекті дау ғана емес. Өйткені Данияр Мейірханның есімі бұған дейін де Түркістан мен Шымкенттегі қызметі кезінде бірнеше мәрте қоғамдық резонанс тудырған оқиғалармен байланысты аталған.
Ол ішкі істер органдарындағы қызметін 2003 жылы бастаған. 2017 жылы Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы қызметін атқарып жүрген кезінде прокуратура қызметкерін мас күйінде көлік жүргізгені үшін тоқтату оқиғасы төңірегінде дау туындады. Сол кезде полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты заңдылық мәселесі де көтерілген еді.
2019 жылы Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы қызметінде жүргенде мектеп мұғалімімен болған жанжал қоғамда үлкен талқыға түсті. Полиция басшысының мұғаліммен дөрекі сөйлесіп, оны бөлімшеге жеткізуге байланысты әрекеттері сынға ұшырады. Осы оқиғадан кейін Мейірхан қызметтік тексеру кезеңінде уақытша шеттетіліп, кейін Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметіне ауыстырылды.
Алайда арада бірнеше жыл өткенде оның есімі тағы да қылмыстық іске байланысты аталды. 2022 жылдың сәуірінде Түлкібас аудандық полиция бөлімін басқарған кезінде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталып, кейін кепілмен босатылған. Бұл іс сол жылдың қазан айында қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Осыдан кейін ол Шымкент қалалық патрульдік полиция полкінің командирі қызметіне тағайындалды.
Бірақ Шымкенттегі қызметі де ұзаққа созылмады. 2023 жылдың қыркүйегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген тексеруден кейін Данияр Мейірхан мен оның орынбасарлары қызметінен босатылды. Сол кезеңде Мейірхан полиция жүйесіндегі заңбұзушылықтар туралы бірнеше рет мәселе көтеріп, өзіне қатысты әрекеттерді сол мәлімдемелерімен байланыстырған болатын.
Соған қарамастан, ол кейін ІІМ жүйесіндегі қызметін жалғастырды. 2024 жылдың қыркүйегінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалып, кейін комитет басшысының міндетін атқарды. Ал 2025 жылдың қыркүйегінен бастап осы комитетті басқарды.
2026 жылдың сәуірінде оның төңірегіндегі дау қайта өршіді. Әлеуметтік желілерде комитет қызметкерлерінің басшыға қатысты шағымдары жарияланып, 20 бағынышты қызметкердің ұжымдық арыз түсіргені туралы ақпарат тарады. Мейірханға қызметкер әйелге қысым көрсету және лауазымдық өкілетін асыра пайдалану жөнінде айыптаулар айтылды. ІІМ өтініштердің түскенін растады. Тексеру аяқталғанға дейін ол қызметінен уақытша шеттетілді.
Кейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сталкинг дерегі бойынша қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады. Алайда жеке айыптау тәртібімен қаралған іс сотқа жетіп, 19 қарашада айыптау үкімімен аяқталды.
Ендігі мәселе – Данияр Мейірханның мемлекеттік қызметтегі және ІІМ жүйесіндегі болашағы. Бірнеше рет даулы оқиғалардың ортасында қалған, енді жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеу дерегі бойынша кінәлі деп танылған бұрынғы комитет төрағасы қызметін сақтап қала ала ма? Үкім заңды күшіне енген жағдайда оның полиция органдарындағы қызметіне қандай құқықтық баға беріледі? ІІМ бұл мәселеге қатысты қандай шешім қабылдайды?
Әзірге бұл сауалдарға нақты жауап жоқ. Үкім заңды күшіне енбеген. Дегенмен қоғам үшін маңыздысы – лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне келгенде заң талаптарының бәріне бірдей қолданылуы.


