Әлеуметтік инфрақұрылымға серпін берген серіктестік

Oinet.kz 17-11-2026

Бүгінгі таңда отандық экономиканың өсімі мен әлеуметтік инфрақұрылымның жаңаруы мемлекет пен жекеменшік сектордың тиімді ынтымақтастығына тікелей тәуелді. Соңғы жылдары елімізде Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) және концессия механизмдері өңірлерді дамытудың басты тетігіне айналып отыр. Мәселен, ағымдағы жылы бұл бағытта 3,65 триллион теңгеге келісімшарттар түзіліп, оның шамамен 2 триллион теңгесі тікелей нақты инвестиция ретінде тартылды.

image.png

Елде жасалған МЖӘ жобаларының 60 пайыздан астамы білім беру саласына тиесілі. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша тек осы салада 881 шарт жасалған. Бұл бастамалар мектептерді, балабақшаларды, студенттік жатақханаларды, асханаларды, спорт аймақтары мен жылу қазандықтарын кешенді түрде қамтиды.

Бұл бағыттағы белсенділік бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр – мұнда 244 шарт жасалған. Одан кейінгі орындарда Шығыс Қазақстан (114 шарт), Абай (80 шарт) және Атырау облыстары (79 шарт) орналасқан. Жалпы алғанда, республикада 2008 жылдан бері 1 443 МЖӘ және концессия шарты жасалып, оның 788-і жүзеге асырылуда, 499 жоба аяқталған, ал 156 шарт әртүрлі себептермен бұзылған.

«Бүгінде МЖӘ тетігі білім беру мен денсаулық сақтаудан бастап энергетика мен инфрақұрылымға дейін түрлі салада қолданылады. Жобалар өңірлердің нақты қажеттіліктеріне негізделіп, халыққа пайда әкелуге тиіс. Орталықтың міндеті – олардың сапалы әзірленуіне және тиімді іске асырылуына жәрдемдесу»,- дейді «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Хамбаров.

b2cd1cc8-089a-446c-ab83-6028a78893c7.pngЕлімізде бизнес пен билік арасындағы серіктестікке серпін берген «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заң 2015 жылы қабылданған болатын. Сол уақыттан бері жинақталған тәжірибе мен нарықтың өзгермелі сұраныстары ескеріліп, бұл бағыттағы құқықтық база үздіксіз жетілдіріліп келеді. Соның ішінде 2025 жылы енгізілген заңнамалық реформалар саланың тынысын ашқан маңызды бетбұрыс болды. Атап айтқанда, МЖӘ мен концессия заңнамалары біртұтас жүйеге біріктіріліп, конкурстық талаптар қайта қаралды, келісімшарт түрлері ықшамдалып, жобалардың сапалы әзірленуіне деген жауапкершілік арта түсті. «Жаңа тәртіп МЖӘ жобаларын жылдам әрі сапалы дайындауға, сондай-ақ оларды іске асыру шарттарын мемлекет пен бизнес үшін түсініктірек етуге мүмкіндік береді. Қазақстандық МЖӘ моделі жобалардың өмірлік цикліне қатысты негізгі халықаралық тәсілдерге, соның ішінде ЕРЕС пен UNCITRAL ұстанымдарына сай келеді. Мұны Азия даму банкі, Еуразиялық даму банкі және басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшылары бірнеше рет атап өтті»,- дейді Басқарма төрағасы.

Мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестіктің басты қозғаушы күші – халықтың нақты сұранысы мен инвестициялық тартымдылық. Бүгінде өңірлерде қай салада түйткіл басым болса, кәсіпкерлердің қаржысы да ең алдымен сол бағытқа жұмылдырылуда.

 «Мемлекеттік жекеменшік әріптестік заң аясында жеке тарапқа берілетін бірқатар жеңілдіктер де бар, салған ақшасын қайтаратын көздер де бар. Кез келген жобаны іске асыру ол сұранысқа байланысты. Өңірлерде, халықта қандай сұраныс болса – сол бағытта жобалар іске асырылады. Барлық жобаларды алатын болсақ, оның 56 пайызы білім беру саласына, 18 пайызы денсаулық сақтау саласына қатысты жобалар, үшінші орында инфрақұрылымдық жобалар, логистика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына байланысты»,- дейді Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айдос Көбетов. Сонымен қатар ол 2028 жылға дейін білім, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қорғау салаларында 43 жоба жүзеге асырылатынын жеткізді. 

Мемлекет пен бизнестің бірлескен еңбегі әсіресе еліміздің оңтүстік аймақтарында айқын көрініс табуда. Бүгінде Түркістан облысы жеке инвестиция тарту жағынан оқ бойы озық тұр. Өңірде құны 16 миллиард теңгеге жуықтайтын 253 жоба сәтті жүзеге асырылып, аймақтың әлеуметтік келбетін түбегейлі жаңартуда. Оның басым бөлігі, яғни 200-ден астам жоба білім саласына бағытталған. Соның арқасында мектептердегі орын тапшылығы азайып, 26 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен қамтылса, жүздеген оқу орны заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталды. Сондай-ақ өңірдегі жол қауіпсіздігін арттыру үшін орнатылған «Сергек» бейнебақылау кешендері жол апаттарын екі есеге дейін азайтуға септігін тигізді. Мұнымен қоса, медициналық орталықтар мен ардагерлер үйі жаңғыртылып, 4 мыңға жуық тұрғынның тұрақты спортпен шұғылдануына жаңа кешендер есігін айқара ашты. Елді мекендердің көшелері жарықтандырылып, 700 гектардан астам аумақ абаттандырылды.

Осындай игі бастамалар Жамбыл облысында да қарқынды жүргізілуде. Мұнда жалпы сомасы 6,5 миллиард теңгеден асатын 34 жоба өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға қызмет етуде. Атап айтқанда, 950 бүлдіршін балабақшаға жолдама алып, 23 мектептің асханасы жаңартылды, бұл өз кезегінде екі мыңнан астам оқушының сапалы тамақтануына жол ашты. Сонымен қатар аймақта 45 шақырымнан астам электр желілері тартылып, жол қозғалысын реттейтін озық smart-жүйелер мен екі мыңнан астам бейнебақылау камерасы іске қосылды.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – елдің әлеуметтік-экономикалық келбетін түбегейлі өзгертіп, инфрақұрылымды жаңғыртуға серпін беретін қуатты тетік. Заңнамалық базаның жетілдіріліп, барлық рәсімдердің цифрлық форматқа көшуі бұл саланың ашықтығы мен тиімділігін арттыра түспек. Өңірлердегі нақты жетістіктер мен ауқымды жоспарлар бизнес пен биліктің бірлескен күші халықтың өмір сүру сапасын арттырып, тұрақты дамуға жол ашатынын айқын дәлелдейді.

Импорттан – индустрияға: Отандық кәсіпкерліктің діңгегін бекемдеген бетбұрыс
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу