Қазақстан экспорты 60 млрд долларға жетіп, 7 жылдық рекорд орнатты

Oinet.kz 19-11-2026

Кез келген елдің сауда-саттық әлеуеті қарапайым қағидаға сүйенеді: ішкі нарықта сапа мен әділдік орнамайынша, сыртқы нарыққа шығу мүмкін емес. Өз тұтынушысының талабын орындап, құқығын мүлтіксіз қорғай алған өндіруші ғана жаһандық бәсекеге төтеп бере алады. Қазір Қазақстанда отандық экспорттаушыларға жан-жақты демеу көрсету мен ішкі нарықтағы сатып алушылардың мүддесін заңмен шегелеу ісі қатар қолға алынып, ортақ экономикалық межеге бағытталып отыр.

image.png

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шикізаттық емес секторды ілгерілету — экономикалық өсімнің басты қозғаушы күшіне айналды. 2026 жылдың сегіз айындағы қорытынды бойынша еліміздің сыртқы сауда айналымы 12,8%-ға ұлғайып, 102,96 млрд АҚШ долларына жетті. Соның ішінде жалпы экспорт көлемі 19,5% өсіммен 60,39 млрд долларды еңсерді. Әсіресе өңделген өнімдер саудасы қарқын алған: алғашқы жеті айда бұл көрсеткіш 18,6 млрд долларға жетіп, жалпы экспорттың 36,5%-дан астамын құрады. Жартыжылдық межедегі 15,2 млрд долларлық меже соңғы жеті жылдағы ең жоғары рекорд ретінде тіркелді.

Отандық өнімнің шетел асуына «Бәйтерек» холдингіне қарасты Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі (ЭКА) барынша дем беруде. Агенттік отандық компаниялардың сыртқы келісімшарттарын сақтандырып, қаржыландыру мен кепілдік беру арқылы тәуекелдерді барынша азайтуда. Жыл басынан бергі он айдың нәтижесінде 100-ге жуық кәсіпорынға 667,7 млрд теңге көлемінде демеу көрсетілді, ал оның ел экономикасына тигізген жиынтық әлеуметтік-экономикалық әсері 1,9 трлн теңгеден асты. Қолдау тапқан жобалардың 63%-ы шағын және орта бизнеске тиесілі. Өңірлер арасында Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай облыстары мен Алматы қаласы көш бастап тұр.

Цифрлық шешімдер де экспорттаушылардың жұмысын жеңілдетті. «Экспорттаушының жеке кабинеті» арқылы жарты жылда 120-ға жуық өтінім өңделсе, шетелдік сатып алушыларға арналған «Экспорттаушылар витринасы» онлайн-шоурумында шілде айына қарай 465 отандық компанияның 1 200-ден астам тауар түрі ұсынылды.

«Біздің басты міндетіміз — шикізаттық емес экспорт көлемін жай ғана арттыру емес, қазақстандық компаниялардың шетелдік нарықтарда ұзақ мерзімді әрі орнықты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай қалыптастыру. Ол үшін Агенттік шикізат сатып алудан бастап, кабель, азық-түлік немесе металл бұйымдары секілді дайын өнімді сыртқа өткізуге дейінгі бүкіл өндірістік тізбекті қамтуы тиіс. Яғни, ЭКА проактивті даму институтына және бизнестің кез келген кезеңінде демеу болатын толыққанды қаржылық экожүйеге айналуы қажет», - дейді Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Директорлар кеңесінің төрағасы Ерсайын Хамитов.

Сыртқы нарыққа жол ашу заңнамалық деңгейде де нығая түсті. Құрылтай қабылдаған Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жаңа келісім отандық кәсіпкерлер үшін үлкен кедергіні жойды. ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің түсіндіруінше, бұрын қазақстандық бизнесмендер Одақ елдерінің мемлекеттік сатып алуларына қатысу үшін сол мемлекеттердің банктерінен кепілдік алуға мәжбүр болатын. Енді банктік кепілдіктерді өзара тану тетігі енгізіліп, өз еліміздің қаржы ұйымдары берген кепілдік ЕАЭО аумағында тікелей жарамды болмақ. Сондай-ақ кедендік баждар бойынша қайталанатын нормалар алынып тасталды.

Экспорттық әлеует пен халықаралық сауда тетіктері жетілдірілгенімен, нарық мәдениетінің түпқазығы — қарапайым тұтынушының құқығын қорғау. Елімізде бұл сала «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңмен реттеледі. Аталған заңның 8 және 9-баптарына сәйкес, әрбір азамат қауіпсіз әрі сапалы өнім алуға, сондай-ақ тауардың құрамы, бағасы, жарамдылық мерзімі мен өндірушісі туралы шынайы ақпарат білуге толық құқылы. Егер сатып алынған заттан ақау шықса, 15-бап негізінде тұтынушы оны ауыстыруды, тегін жөндетуді, бағасын арзандатуды немесе қаражатын толық қайтаруды талап ете алады. Даулы жағдай туындағанда 42-бап азаматтарға сотқа, уәкілетті органдарға немесе қоғамдық бірлестіктерге жүгінуге мүмкіндік береді. Бұл ретте сауда жасаған сәтте кассалық чек пен кепілдік талонын сақтап қою — өз құқығыңызды дәлелдеудің ең сенімді құралы.

Бір сөзбен айтқанда, экспорт көлемін арттыру мен тұтынушы мүддесін қорғау — егіз ұғым. Мемлекет тарапынан жасалған жеңілдіктер өндіріс көрігін қыздырса, сатып алушының талапшылдығы кәсіпкерді сапалы тауар шығаруға міндеттейді. Ел экономикасының берік іргетасы да осы тепе-теңдіктен қаланады.

Экономиканы әртараптандыру – басты міндет
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу