Еркін ШАЛТАНОВ: Мүмкіндігі шектеулілер қашанғы шырылдайды?

Көзі қарақты, санасы ояу оқырманның ойына қайта оралтып қоялық, 2024 жылдың маусымында «Рейтинг» газетінде біз Сауран ауданында құрылысы тым ұзаққа созылған оңалту орталығына қатысты «Мүгедектерді шырылдатқан шенеунік» деген тақырыппен көлемді мақала бергенбіз. Содан бері екі жыл өтіпті. Сол жылдың қазан айында пайдалануға берілген «Самғау» оңалту орталығында туындаған шағым мен шу әлі күнге дейін шешілмей шиеленіскен мәселеге айналғаны өкінішті-ақ. Міне, тағы да қалам тербеуге тура келіп отыр. Бұған «Рейтинг» газеті арқылы шырылдаған шындықты жеткізгісі келген Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Шапағат» мүмкіндігі шектеулі азаматтар қауымдастығының төрағасы Еркін Шалтановтың жанайқайы түрткі болып отыр.
Лентасы қиылған кезде жаңа орталық «ізгілік пен мейірімділіктің ордасы», «қамқорлық пен жанашырлық орталығы», «жүректерге жылулық пен үміт сыйлайтын мекен» деп дәріптелген еді. Өкінішке қарай, бүгінде ол дау-дамай мен қазына қаржысын талан-таражға салудың мекеніне айналып бара жатқандай. Кемтар жандарға шарапаты тиеді деген мекемедегі көптеген мәселелер әлі күнге шешімін таппаған. Бұл жолы ерекше қайырымдылықты, қамқорлықты қажет ететін жандардың шырылдауына не себеп?
«Қоғамның ізгілігі қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілген қамқорлықпен өлшенеді» деген ұғым көп айтылғанымен, іс жүзінде мүгедектігі бар азаматтардың мұңын мұңдап жатырмыз, алақанымызға салып аялап отырмыз деп айту қиын. Әсіресе, Түркістан облысында. Соңғы жылдары облыстың әлеуметтік мекемелерінен дау-дамайлар мен төтенше оқиғалардың шығуы әдетке айналып бара жатқан сияқты.
Алдымен 2024 жылы ашылған «Самғау» орталығы туралы аз-кем мәлімет бере кетейік. Құрылысы бірнеше жылға созылған нысанның жобалық құны – 2,5 миллиард теңге. Жалпы аумағы – 12,8 мың шаршы метр. Бір мезгілде 200 адамға қызмет көрсетуге есептелген мекеме жылына шамамен 2,5 мың азаматты оңалтуы тиіс. Мұнда 180-ге жуық штат бөлінген. Осының өзінен-ақ, орталықтың әлеуетін, мүмкіндігін байқаған шығарсыз. Алайда дәл қазір бұл әлеует мүгедектердің сұранысын, қажетін қаншалықты дәрежеде қанағаттандырып отыр?
Жуырда Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында қызмет атқаратын қоғамдық бірлестіктердің бір топ өкілдерін, атап айтқанда «Ақниет» мүгедектер мен зағип жандардың қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Д.Орынбасарды, қор мүшесі Е.Ибрагимовты, «Түркістан облыстық Көзқарас мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Р.Шахаповты, «Шапағат» қауымдастығының төрағасы Е. Шалтановты, облыстық мәслихат депутаты Б. Сүлейменовті қабылдап, олардың талап-тілектерін тыңдады. Осы кездесуде облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Шапағат» мүмкіндігі шектеулі азаматтар қауымдастығының төрағасы Еркін Шалтанов та сөз алып «Самғау» орталығында бір емес, бірнеше күрделі мәселе барын, олардың бәрімен танысып, қалыптасқан жағдайға анализ жасау үшін мәселеге депутаттар, жауапты шенеуніктердің араласуы керектігін алға тартқан болатын. Бұл өтініш аяқсыз қалмай Н. Әбішев бастаған бірнеше депутат «Самғауға» барып көкейкесті мәселені көзбен көріп, проблемаларды көкейге түйіп қайтқан.
– Екі жыл бұрын пайдалануға берілді деп сүйінші сұралған орталықтағы шу әлі басылған жоқ. Түсінбеймін, жауапты шенеуніктер мүмкіндігі шектеулі жандарды қашанғы шырылдатады? Менің анық білетінім және маған мұң-мұқтаждарын жеткізген мүгедектердің айтуынша, орталықтағы ең өзекті мәселе – су. Орталықта су шығару үшін скважина қазылған. Бірақ оның тым саяз қазылғаны байқалады. Суды айдаған кезде топырақ бірге сорылып, скважинаның фильтрлерін бітеп тастайды. Соның салдарынан скважина жұмыс істемей тұр. Қазір орталық қалаға кіретін ауыз су жүйесінен су алып отыр. Бірақ ол су ішуге және жуынуға ғана әрең жетеді. Ал оңалту орталығында суды көп қажет ететін процедуралар бар. «Шарко душы», грыжаны созуға арналған ванналар және басқа да емдік процедуралар суға тәуелді. Олардың бір бөлігі осы себептен жұмыс істемейді, – деді Еркін Шалтанов.
Жалпы, нысандағы инженерлік инфрақұрылымның бастапқыда қаншалықты дұрыс есептелгені сұрақ туғызады. Орталықтағы септиктің көлемі де қажеттілікке сай емес. Су көп пайдаланылса, тез толып қалады.
– Электр мәселесі де оңып тұрған жоқ. Орталық алдындағы трансформатор ғимараттың жүктемесін көтере алмайды. Мұндай кезде генератор қосады. Бірақ оның да күші жетпейді. Жаздың күні бірнеше кондиционер қосылса, қайтадан өшеді. Жарықтың жиі сөнуінен лифтте адамдар қалып қойған жағдайлар кездеседі. Өздігінен жүре алмайтын азаматтар үшін бұл өте ауыр. Жазда генератордың күші жетпей, тамақты далада от жағып, қазанға пісіреді. Мұндай нәрсе 2,5 миллиард теңгелік заманауи оңалту орталығында болмауы керек қой. Қыста да жағдай мәз емес. Орталық дизель отынымен жұмыс істейтін жеке қазандықпен жылытылады. Ал қазандықтың қуаты бүкіл ғимаратты толық жылытуға жетпейді деген шағым бар. Әсіресе екінші, үшінші қабаттарда қыста салқын болады. Жанармайдың шығыны көп. Неге орталықты жақын жерге келіп тұрған газға қоспайтыны түсініксіз. Бассейннің мәселесі өз алдына бөлек әңгіме. Орталықтағы екі бассейн осы күнге дейін іске қосылмаған. Жақында облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов барып, бассейндердің жағдайын көрген. Оның бірі жертөленің үстіне салынған, астында тиісті тіреу конструкциясы жоқ дейді. Тіпті қазір бассейнді іске қосудың орнына көміп тастау туралы сөз болып отыр. Сонда бұл жобалауда кеткен қателік пе, әлде мердігердің қателігі ме? – дейді қоғам белсендісі.
Орталықтың орналасқан жеріне қатысты да сұрақ көп. «Самғау» Оранғай ауылына жақын болғанымен, іс жүзінде елді мекеннен оқшау орналасқан. Негізгі тас жолдан шамамен бір шақырымдай жерде. Айналасында дүкен де, дәріхана да жоқ.
– Ең қиыны – мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өздері келеді. Қала жақтан бір бағытқа такси 5 мың теңге сұрайды. Мүгедек адам үшін бұл аз ақша емес. Өздігінен жүре алмайтын азаматтар бар. Негізі, инватакси қызметі әр ауданнан осындай адамдарды орталыққа апарып, қайта әкелуі керек. Әйтпесе орталықтың қызметін қажет ететін адам оған жете алмайды. Орталықтың орналасқан жерінің өзі де түсініксіз. Ғимарат төбеге салынған, маңында бейіт орналасқан. Жақын жерде тауық фермасы бар. Жазда жағымсыз иіс орталыққа дейін жетеді деген шағым айтылады. Осының бәрі «мұндай нысанды неге инфрақұрылымы дайын, елді мекенге жақын жерге салмады?» деген сұрақ туғызады,– деді Е.Шалтанов.
Тағы бір түсініксіз жайт – 200 орындық орталықтың толық қуатында жұмыс істемеуі.
– Бір кезеңде кейде 50-70 адам ғана болады екен. Ал орталық 200 орынға есептелген. Бір жағынан біз сияқты азаматтар «бара алмаймыз» деп отырмыз. Екінші жағынан әлеуметтік сала басшылары «адамдарды толықтыра алмай жатырмыз» дейді. Бұл парадокс емес пе? – деді Еркін Шалтанов.
Қоғам белсендісінің айтуынша, орталыққа жолдаманы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері береді. Бір келген азамат 28 күн ем алады. Негізінде жылына екі рет ем алуға мүмкіндік бар. Бірақ кейбір адамдар жылына бір рет те бара алмай жүр. Себебі орталыққа бару үшін көптеген тексеруден өту керек. Құжат жинау мен медициналық тексеруден өту процедурасы қиын. Жеке көмекшісіз жүріп-тұра алмайтын бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтардың мәселесі тіпті күрделі.
– Бұрын Шымкентте біз сияқты адамдар жеке көмекшісімен бірге барып, жатып емделетінбіз. Қазір министрлік қаулысына байланысты жеке көмекшісімен бірге баруға мүмкіндік берілмей отыр. Бұл – үлкен мәселе. Кейбір адамдарды жеке көмекшісі көтеріп түсірмесе, төсектен тұра алмайды. Екі-ақ санитар қанша адамға көмектеседі? – дейді Е.Шалтанов.
Біз мәселенің мән-жайын білу үшін кешегі күні облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлымен хабарласқан едік. Ол «Самғау» орталығындағы проблемалардың бәрін білетінін және оны шешу үшін жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
– Менің орынбасарым, Сауран ауданы әкімінің орынбасары сол жерде жүр, – деді ол. Басшы бұл ғимараттың салынғанына әлі бес жыл толмағанын, сол себепті онда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің мүмкін еместігін білдірді. Бірақ мәселелерді шешу жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін бюджеттен қаражат бөлу қажет. Алдағы уақытта бәрі шешімін табады. Алайда басқарма басшысы бассейн мәселесінің қиынырақ екенін жасырмады.
– Бассейнге қатысты мәселе сәл күрделірек болып тұр. Қазір бұл мәселені заңгерлермен және басшылармен бірігіп қарастырып жатырмыз. Оған қанша қаражат қажет, сметасы қандай болады, мәселені қалай шешуге болатынын есептеп, тиісті құжаттарды әзірлеудеміз, – деген М. Қозыханұлы бассейннің проблемасын келесі жылы шешуге болатынын мәлім етті.
Ендігі мәселе – мердігерге қатысты. Осыншама кемшілік үшін олар жауапқа тартылмады ма, мойнында ешқандай міндеттеме алған жоқ па? Басқарма басшысының айтуынша, құрылысты жүргізген компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалып, жауаптыларға сот үкімі шығып қойған. Яғни заң алдында тиісті жазасын алған. Ал, компанияның өзі банкрот болып кеткен. Сондықтан дәл қазір одан бір нәрсені талап ету қиындық туғызып жатқан көрінеді.
М.Қозыханұлынан орталықтың не себепті, қандай мақсатпен елді мекеннен жырақ салынғанын да сұрағанбыз. Ол бастапқыда нысанның жобасы осылай жасалғанын алға тартты. Бұл кезде басқа басшылар отырған. Бір басшының жасаған тірлігіне кейінгі басшы жауап бермейді. Мемлекеттік қызметтің ащы да болса шындығы осы.
Алайда бәрін жылы жауып қоя салуға бола ма? Әсіресе, мүгедектердің мәселесіне келгенде. «Самғау» оңалту орталығының құрылысы мен қазіргі жағдайына толық тексеру жүргізуге не кедергі? Нысанның жобасын, құрылысын, пайдалануға қабылдануын, оған бөлінген және кейін қосымша қарастырылған қаржыны, мердігерлердің жұмысын, инженерлік жүйелердің жағдайын және орталықтың бүгінгі қызметін түгел зерделеуі тиіс. Бұл біз сөйлескен Еркін Шалтановтың ғана емес, оның артында тұрған мүгедектігі бар азаматтардың талабы.
Не де болса, әліптің артын бағып көрейік.
«Рейтинг» газеті, 16 қыркүйек 2026 жыл.


