Нұрайды өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймахан апелляциялық шағым түсірді
Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың отбасы өмір бойына бас бостандығынан айыру үкіміне қарсы шағым түсілгені туралы ресми хабарлама алды. Жәбірленуші тарап сотталғанның шағымы негізінде қарсылық дайындауға ниетті.

Апелляциялық шағымның берілгені туралы марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай мен жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров хабарлады. Олардың айтуынша, хабарлама “Сот кабинеті” арқылы келіп түскен.
“Іс аяқталып, үкім шыққалы бері екі аптадан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде екінші тарап апелляциялық шағым түсіруге құқылы болды. 28 тамызда біз тиісті хабарлама алдық, олардың адвокаттары апелляциялық шағым түсірді. Апелляциялық сатының өкілеттіктері жеткілікті. Ол бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін толық жойып, жаңа шешім шығара алады. Соның ішінде айыптаудың жекелеген баптарын алып тастауға, жаңаларын қосуға немесе жазаны жеңілдетеді”, – деді Сұлтан Серікбай.
Адвокат Аянхан Омаров істі қайта қарау кезіндегі ықтимал процессуалдық әрекеттер туралы айтты.
“Қылмыстық-процестік кодексі 430-бабының 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес, апелляциялық сот алқасы қылмыстық іс бойынша сот-психиатриялық немесе өзге де сараптама тағайындауға құқылы. Бұл жолы мұндай шешімнің қабылданатыны істі апелляциялық сатыда қарау барысында белгілі болады”, – деп атап өтті Аянхан Омаров.
Жәбірленуші тарап өкілдері жаңа сот процесіне дайындалып жатыр. Адвокат шағымды зерттеп, оған қарсылық дайындайтынын, жақында істі апелляциялық сатыдағы сот қарайтынын жеткізді.
Сондай-ақ Қаратау аудандық полиция басқармасының бұрынғы тергеушісі Әбілғазы Артықбайға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Артықбай бұған дейін қызды өлтіру ісі бойынша сотта жауап берген еді. Дәл осы қызметкер 2025 жылдың күзінде Нұрай ұрланғаннан кейін туыстарының шақыртуымен оқиға орнына барған.. Сот барысында бойжеткеннің полиция бөлімінде жазбаша келісімінсіз видеоға түсіріліп алынғаны, бірақ тергеуші бұл видеожазба фактісін процессуалдық хаттамада көрсетпегені анықталды. Полицей видеотіркеуіштің қуаты таусылып қалғандықтан жазбалардың жоқ екенін айтты. Қаза тапқан қыздың ағасы сотта тергеушінің Нұрайға қысым көрсеткенін мәлімдеді.


