Ипподром қала меншігіне қайтарылды
Алматы ипподромы қайтадан қала меншігіне өтті. Президенттің тапсырмасымен ол коммуналдық меншікке қайтарылып, қазір билік кешенді қалпына келтіріп, оған бұрынғы толыққанды спорттық қызметін қайтаруды жоспарлап отыр.

Ипподромның тарихи және спорттық мақсатын өзгертпей, ол біртұтас кешен ретінде сақталмақ. Алматының 2040 жылға дейінгі бас жоспарында бұл аумақ тиісті функционалдық аймаққа бекітіліп қойған, ал оның нысаналы мақсаты өзгертілмейді.
Әрі қарай даму тұжырымдамасы әзірленеді. Трибуналарды, қораларды, спорт жолақтары мен инженерлік желілерді жаңартып, қалалық және республикалық жарыстарды өткізуге жағдай жасалады.
Қазір кешен әбден тозып кеткен. Сондықтан жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Алматы ипподромы 1930 жылы ашылған және ол Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең көне жылқы шаруашылығы мен ат спорты нысандарының бірі. Оның аумағы – 39,1 гектар. Бастапқыда бұл жер шамамен 3 мың көрермен мен 300 жылқыға арналған.
Ипподромда күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 1965 және 1985 жылдары жүргізілген. 1990 жылдары ипподромды жекешелендіріп, 2001 жылы "Ипподром" АҚ банкрот болғаннан кейін мүлік кешені жеке меншік құрылымдарға сатылды.


