Жалған куәгер сот алдында тиісті жазасын алды
Биыл Шымкентте полковниктер сотталған жыл болды десек, артық айтқандық емес. Бір емес, екі бірдей аудандық полиция басқармасының басшысы сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша бас бостандығынан айыру жазасын алды. Мегаполис тарихында бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған шығар.

Солардың бірі – Тұран аудандық полиция басқармасының бастығы, полковник Нұржан Тілеуов. Биыл ақпан айында оған пара алды деген айыппен 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Шым-шытырық оқиға сол кезде ақпарат құралдарында кеңінен талқыланды. Алайда бұл істің төңірегінде жауапсыз сұрақтар қалды. Мәселен...
Бұған дейін де жазғанымыздай, Тілеуов тергеу барысында 6 миллион теңге пара алғанын мойындаған. Алайда сотта ол бастапқы жауаптарынан бас тартады. Бірақ қайта жауап бермеген. Параны алу-беру барысында 6 миллион теңгенің 3 миллионы жоғалып кетіп, сол күйі табылмаған. Ең қызығы, Тілеуовтің пара сұрағаны туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арызданған Ақтоты Узбекова да сотта бұрынғы сөзінен айнып, полковниктің өзінен ешқандай ақша сұрамағанын мәлімдейді. ҰҚК қызметкерлері арандатты деген мағынада жауаптар айтады. Тіпті осы жұмысы үшін 980 мың теңге көлемінде сыйақы алғанын да жасырмаған. Осыдан кейін кімге сенуге болады?
Жуырда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Ақтоты Узбековаға қатысты үкім шығарды. Сот актісі осы оқиғаның біз білмейтін тағы бір қырын ашып берді.
Сот үкімінде көрсетілгендей, Узбекова былтыр тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне арызданған. Ол Тұран аудандық полиция басқармасының сол кездегі бастығы Нұржан Тілеуовтің өзінің бұрынғы күйеуі М.Абдраховқа қатысты қылмыстық істі жеңілдету үшін 6 миллион теңге пара сұрағанын мәлімдеген. ҰҚК қызметкерлері Узбековадан куә ретінде жауап алып, ол арызда көрсетілген жайттарды егжей-тегжейлі баяндаған. Жауап алу хаттамасына қол қойып, сөзін растаған.
Ал енді оқиғаның екінші кезеңіне назар аударайық.
2025 жылдың қарашасында Нұржан Тілеуовтің ісі сотта қаралып жатқан кезде, оның әпкесі Л.Тілеуова Ақтоты Узбековамен кездесуге әрекет жасаған. Мақсаты – Узбековадан кешірім алып, інісіне жеңіл жаза тағайындалуына ықпал ету болғанға ұқсайды. Ол Узбековамен ортадағы адамдар арқылы желтоқсанның басында жолыққан. Кездесуде Тілеуовке кешірім беру және оны арыз ретінде жазып беру туралы әңгіме болған. Үкімде Узбекованың бұл өтініштен пайда алуды көздегені жазылған. Ол Тілеуовтің кінәсіз екенін, өзінен 6 миллион теңге пара сұрамағанын айтып, сотта жалған куәлік беруге келіскен. 13 желтоқсанда ол Л.Тілеуовадан 700 мың теңге қаражатты туысының есепшоты арқылы алған.
25 желтоқсанда Нұржан Тілеуовке қатысты қылмыстық іс қаралған сот отырысында Узбекова тергеу кезінде берген жауабынан бас тартады. Бұған дейін полковниктің 6 миллион теңге пара сұрағанын айтқан әйел енді оның өзінен ешқандай ақша талап етпегенін мәлімдейді. Бастапқы арызды ҰҚК қызметкерлерінің арандатуы салдарынан жазуға мәжбүр болғанын айтады. Қысқасы, полковниктің пайдасына жалған айғақ береді.
Алайда сот оның жауаптарына күмәнмен қараған. Узбекованың осы әрекетіне қатысты сот жеке қаулы шығарады. Ақыр аяғында Узбекованың үстінен Қылмыстық кодекстің 420-бабының 2-бөлігімен (көрінеу жалған айғақ) іс қозғалып, іс сотта қаралады.
Бұл жолғы сотта Узбекова өзіне тағылған айыптарды толық мойындаған. Жалған куәлік бергені үшін 700 мың теңге алғанын ашық айтқан. Ал сотқа дейінгі тергеу кезінде берген алғашқы жауабының дұрыс екенін растайды. Яғни, Нұржан Тілеуовтің бұрынғы күйеуінің қылмыстық жауаптылығын жеңілдету мақсатында өзінен 6 миллион теңге сұрағанын тағы да қайталаған. Жасаған әрекетіне өкінетінін айтып, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұраған.
Сотта Л.Тілеуова да жауап берген. Оның айтуынша, Узбековаға жолыққан кезде ол жылап өзінен кешірім сұраған, бәрі арандатушылық екенін мәлімдеген. Ол Узбековаға 700 мың теңге бергенін де растаған. Дәлірегі, оған жұмысқа шықпаған күндері мен емделу шығындарын өтеуге дайын екендігін білдірген. Артынша Узбекова 700 мың теңге сұраған. Ол ақшаны өздері айтқан есепшотқа аударып берген. Оқиғаның барысы осы ғана.
Сот Ақтоты Узбекованы Қылмыстық кодекстің 420-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, рақымшылық актісі қолданылғаннан кейін жаза мерзімі 3 жыл 4 айға қысқартылды. Сот бұл жазаны шартты деп есептеген.
Сонымен, полковниктің ісіндегі басты куәгердің өзі жалған жауап бергені үшін сотталды. Бұл жағдай Тілеуовке қатысты істің төңірегіндегі күмәнді сейілте алды ма? Бұған дейін осы іске қатысты әлеуметтік желіде түрлі әңгімелердің өрбігені рас. Алайда жоғарыдағы сот үкімі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау, тергеу амалдарын Президент айтқан «Заң мен тәртіп» аясында жүргізгенін дәлелдейді.
Қолымыздағы мәліметтерге қарағанда, Нұржан Тілеуов өзіне қатысты сот үкімімен келіспей, апелляциялық және кассациялық тәртіппен шағым түсірген. Алайда сот үкімі өзгеріссіз қалдырылған. Соңғы рет іс кассациялық сатыда 26 тамызда қаралған.
Ал Ақтоты Узбековаға қатысты үкімге апелляциялық шағым берілген жоқ.


