Құранды жатқа білетін маңғыстаулық жігіт көлік ұтып алды

Oinet.kz 07-09-2026

Маңғыстаулық Рахымжан Ержанұлы Ақтөбеде өткен республикалық Құран жарысында жеңіске жетіп, жаңа автокөлікті қанжығасына байлады. Сайысқа ел бойынша 80 қари қатысқан.

Screenshot_2.jpgАқтөбе қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен республикалық Құран жарысы мәресіне жетті.

"Бұл байқауда тек жүлде алғандар ғана жеңіске жеткен жоқ. Құран үшін жол жүріп келген әрбір қатысушы – жеңімпаз. Күн сайын Құран жаттауға уақыт бөлген шәкірт – жеңімпаз. Баласына Құран үйретуге жағдай жасаған ата-ана – жеңімпаз. Шәкіртінің әрбір әрпін түзеп, әрбір сүресін тыңдаған ұстаз – жеңімпаз. Себебі Құран жолындағы ең үлкен жеңіс – Алланың разылығына ұмтылу. Қасиетті Құранның шарапаты баршамызға жаусын!" - деді қариларды марапаттау рәсімінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Екі күнге жалғасқан жарыста бірінші орынды маңғыстаулық қари Рахымжан Ержанұлы иеленіп, жаңа автокөлікті қанжығасына байлады.

Екінші орын (5 000 000 тг) Ұлытау облысынан келген Ахмад Махмадраджабұлына бұйырды. Үшінші орынға (4 000 000 тг) Нұртілеу Серікұлы (Қызылорда облысы) лайық деп танылды. Төртінші орынды (2 000 000 тг) Бекзат Дулатұлы (Ақтөбе облысы) иеленді. Ал жүлделі бесінші орын (1 500 000 тг) Мансұрхан Сарварханұлына (Қарағанды облысы) бұйырды.

Сонымен қатар Құранды мәнерлеп оқу және Құранның 20, 10 парасын жатқа оқу бойынша сайысқа түскен қариларға да қаржылай сыйлық берілді.

Сондай-ақ сайысқа түскен ең жас қарилар – Ахмет Нұрланұлы (ШҚО, 9 жаста) мен Әбділәзиз Әбдулбасит (Қарағанды облысы, 9 жаста) "Көрермен көзайымы" номинациясы бойынша қаржылай (300 000 теңге) сыйлыққа ие болды. Сайысқа еліміз бойынша 80 қари қатысты.

Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХV республикалық байқауын белгілі меценат, дін жанашыры Бахаридин Аблазимов қолдаған.

Қайрат Сатыбалдының "Байсат" базарын ERG бас директоры сатып алды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу