Шымкентте тағы 40 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды

Oinet.kz 03-09-2026

Бүгін Шымкент қаласының 40 тұрғыны мен олардың отбасылары үшін көптен күткен қуанышты күн болды. Олар жаңа пәтерлердің кілттерін алып, қоныс тойын қарсы алуға мүмкіндік алды. Салтанатты шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жаңа баспаналы болған тұрғындарды құттықтады.

image.png

Жаңа қоныстанушылардың қатарында ұзақ уақыт бойы баспана кезегінде тұрған азаматтар бар. Олардың арасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ халықтың басқа да әлеуметтік осал санаттарының өкілдері бар.

Баспанаға ие болған тұрғындардың әрқайсысы үшін жаңа пәтердің орны бөлек. Бірі үшін бұл – жылдар бойы күткен өз үйіне қол жеткізу болса, енді бірі үшін балаларына қолайлы орта қалыптастырып, тұрақты тұрмысқа қадам басудың мүмкіндігі. Жаңа үйдің кілтін қолына алған отбасылар үшін бұл күн қуанышпен қатар, алдағы жоспарларға жаңа серпін беретін маңызды сәтке айналды.

Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қопжан Төлебаевтың айтуынша, қала тұрғындары «Отбасы банк» АҚ-ның жеңілдетілген несиелік бағдарламалары аясында «Асар-2» шағынауданында орналасқан жаңа үйлерден пәтерлерге ие болды. Жаңа қоныстанушыларға 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер берілді.

Тұрғын үймен қамтуда әлеуметтік санаттағы азаматтарға қолдау көрсетуге басымдық беріліп отыр. Жеңілдетілген бағдарламалар арқылы баспаналы болу мүмкіндігі азаматтарға тұрғын үй мәселесін өз мүмкіндіктеріне сай шешуге жол ашады. Бұл ретте жаңа үйлердің салынуы мен тұрғындарға қолжетімді тетіктердің ұсынылуы қаладағы тұрғын үй саясатының маңызды бөлігі саналады.

Қалада халық санының өсуі мен тұрғын үйге деген сұраныстың артуына байланысты баспана мәселесі өзектілігін сақтап отыр. Сондықтан тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Бүгінгі қоныс иелері үшін жаңа пәтерлердің есігі тек жаңа үйге емес, жаңа өмір кезеңіне ашылды. Әсіресе ұзақ уақыт баспана күт¬кен азаматтар үшін бұл – көптен бері аңсаған арманның жүзеге асқан күні.

Шымкентте Республика күніне арналған мерекелік іс-шара өтті
​В Шымкенте еще 40 семей получили ключи от новых квартир
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу