Тоқаев неге Балаеваға таңдау жасады?
Қазақстан билігінде бір кезеңнен екіншісіне сүрінбей өтетін, ескі Қазақстанмен де Жаңа Қазақстанмен де тіл табысқан шенеуніктер көп емес. Аида Балаева – солардың бірі.
Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында Алматы, Астана қалалық әкімдіктерінде жұмыс істеген, Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болған. Осы кезден бастап Балаева Ақордадағы маңызы бар фигуралардың біріне айналды десек, қателеспейміз.
Балаева 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып орнығу кезеңінде де билік жүйесінен шет қалған жоқ. Керісінше, Президент көмекшісі болды. Кейін министрлік креслосына отырды. 2025 жылдың соңында Үкімет басшысының орынбасары атанды. Енді міне, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары.
Бір қарағанда, бұл – ұзақ мемлекеттік қызмет жолының заңды жалғасы. Билік жүйесінде қанша өзгеріс болса да, Балаеваның позициясы неге әлсіремейді? Ол неге керісінше күшейіп келеді?
Бұл сұрақтың жауабы оның қызметтік тәжірибесінде ғана емес сияқты. Балаева – ақпарат, ішкі саясат, қоғамдық көңіл-күй, идеология және коммуникация салаларын жақсы білетін кадр. Яғни биліктің қоғаммен қалай сөйлесуі керегін, қоғамдағы қандай процестердің саяси тәуекелге айналуы мүмкін екенін түсінетін шенеунік. Бұл қасиет қазіргі кезеңде ерекше маңызды.
Ал Қауіпсіздік Кеңесіне мұндай кадрдың келуі нені білдіреді?
Қауіпсіздік ұғымы бүгінде тек әскер, шекара немесе арнайы қызметтермен шектелмейді. Қоғамдық тұрақтылық, ақпараттық қауіпсіздік, әлеуметтік шиеленіс, идеологиялық қақтығыстар, цифрлық кеңістік – ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі. Сондықтан Қауіпсіздік Кеңесі жұмысының саяси-коммуникациялық қырының күшеюі заңды құбылыс болуы мүмкін.
Тоқаевтың Балаеваны дәл осы орынға таңдауының бір себебі де осында жатуы ықтимал. Президентке күштік құрылымдарды ғана емес, қоғамның көңіл күйін де терең түсінетін кадр қажет.
Балаеваның тағы бір ерекшелігі – билік транзиті кезінде жүйеден шығып қалмай, жаңа саяси кезеңге бейімделе білуі. Бұл – кез келген мемлекеттік қызметшіде кездесе бермейтін қасиет.
Сондықтан Балаеваның жаңа тағайындауын бір ғана кадрлық ауыс-түйіс деп қарау аздық етеді. Бұл – Қауіпсіздік Кеңесіне қандай функция жүктеліп отырғанын аңғартатын саяси белгі болуы да мүмкін.
Ең қызығы, енді Балаева биліктің ақпараттық және қоғамдық күн тәртібін ғана емес, мемлекеттің қауіпсіздіктің күн тәртібін қалыптастыруға қатысатын деңгейге көтерілді.
Балаеваның ескі жүйемен де, жаңа жүйемен де тіл табыса білуі – оның жеке қабілетінің көрсеткіші ме? Әлде билікке осындай кадрлар көбірек қажет пе? Ол расында да қарым-қабілеті мықты кадр ма әлде жай ғана жолы болғыш шенеунік пе? Бұл сұрақтың жауабын Балаеваның келесі қадамымна қарап беруге болады.
Ал, Президенттің қауіпсіздік саласындағы орынбасары болған Балаеваның жаңа қызметі енді оның бұрынғы тәжірибесіне мүлде басқа қырынан қарауға мәжбүрлейді. Ақпарат пен ішкі саясатта жинаған тәжірибесі енді ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен тоғысады. Демек, Балаеваның алдында бұрынғыдан да ауқымды міндет тұр.


