«Синий кит» (Көк кит) ойыны жайлы не білеміз?
Қазір әлеуметтік желілерді қолданбайтын жастар кемде- кем шығар. Әлеуметтік желілердің тиімді байланыс құралы екені анық. Алайда өрмекшінің торындай шырмалған желілердің бүгінде пайдасынан зияны басым болып тұр. Көзге көрінбейтін байланыс құралы адам өмірін жалмайды дегенге бұрын айтса сенбес едім. Өкінішке қарай бұл ащы шындыққа айналып отыр.
Соңғы кездері БАҚ-тарда жасөспірімдерді суицидке итермелейтін «Тихий дом», «Көк кит», «Море китов» секілді қауіпті ойындардың пайда болғаны жайлы ақпараттар жан-жақты талқылануда. Қазақстанда ажал ойындарының құрбандары да бар. Батыс Қазақстан облыстық прокуратура өкілдерінің айтуынша өңірде өткен жылы «Көк киттің» кесірінен асылып қалған. Биыл тағы екі бала осы ойынның құрбаны бола жаздаған. Прокурорлар алдын алу жұмыстары кезінде "Вконтакте" желісінің өзінде 12 топтың жастарды өлімге шақыратынын анықтаған. Жамбыл облысының прокурорлары да қос бірдей оқушы қауіпті ойынның шырмауына іліккенін анықтаған. Балалар аман. Осы ойынды жеткіншектердің жаңадан ойнай бастағанын прокурорлар әлеуметтік желіге жүргізген мониторинг барысында анықтап отыр. "8-ші сынып оқушысы «Синий кит» ойынының 2-ші кезеңіне жеткен екен. Біз балаларды «ВКонтакте» желісінен анықтадық. Оларға ойын барысында 1-2 сағатқа музыка тыңдап, қолдарына қаламсаппен киттің кескінін салу тапсырылыпты. Қазір балалардың жағдайы жақсы. дейді Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі Абырой Азаматов. Шығыс Қазақстанда да екі оқушы осы ойынның торына шырмалып үгеріпті. Бір қуаныштысы олар ешбір тапсырманы орындап үлгермепті. Ал Қарағандыда ойынға тіркелген колледж студенті дер кезінде оқу орнының психологына жүгініп, қайғылы жағдайдың алдын алған. Алайда студенттің 19 жастағы жерлесінің оқиғасы «хэппи ендпен» аяқталмады. Өз-өзіне қол салған бойжеткеннің өліміне бүгінде «Көк кит» суицидттік тобы ықпал еткен деген болжам айтылуда. Туыстарының айтуынша ол ванна бөлмесінде 6 ақпанға қараған түні асылып қалған. Қайғылы оқиға барлығы ұйықтап жатқан кезде, түнде болған. Ата-аналары қызының оянып, ваннада шомылып жатқанын естіген. Ал таңғы сағат алтыда оның өліп жатқанын көрген. «Оның телефонын ашқан кезде «Көк кит» және «Тыныш үй», 4:20, мен ойындамын деген сөздерді таптық», - деді марқұмның ағасы Марат.
Алғашқы құрбан - Рина
Жастардың өмірін жалмап жатқан бұл виртуалды ойындар қайдан шықты және мақсаты не?
Ресейлік басылымдардың жазуынша 2015 жылы көрші елде 130 жасөспірім өзін-өзі өлімге қиса, жарты жылдың көлемінде 80 оқушы саналы түрде суицидке дайындалып жатқаны анықталған. Суицидттің белең алуына алаңдаған мамандар зерттеу жүргізе келе оқушылардың өліміне жабық ойындардың ықпалы жүріп жатқанын біледі. Ресейліктерді әсіресе 2015 жылдың 23 қарашасында 16 жастағы Рина Паленкованың өлімі дүр сілкіндірді. Пойыздың астына түспекші болған қызды машинист көре салысымен қатты сигнал беріп райвнан қайтармақшы болған. Бірақ темір жолдың релсіне жатып алған қыз бекінген ойынан қайтпаған. Тексеру барысында оның телефонынан «Ня.Сау бол» деген жазба табылған. Денсінің бөлшек-бөлшегі шыққан қыздың суреті лезде әлеуметтік желілерге тарап кетеді. Көп ұзамай Ринаның «ВКонтакте» желісіндегі парақшасына мыңдаған жастар тіркеліп, «Сен кереметсің. Сен менің батырымсың. Біз сені жақсы көреміз» деген сынды жазбалар көбейе түседі. Қызыл қалпақ киіп, бетін орамалмен жартылай жапқан жасөспірімнің суретін өзге жастар «пір тұта» бастады. Марқұмның анасы қызын былай деп еске алады: «Рина қарапайым ғана қыз болатын. Әлдекімдер оның өлімін әйгілеп, біздің қайғымызды шоуға айналдырды. Біреулер оның басының орнына пойыздың суретін салды, қабірі жатқан жерге барып видеолар түсірді. Мұның барлығын кім және не үшін жасап жатқандарын мен түсінбеймін» дейді. Ринаның өлімінен кейін Ресейде жасөспірімдер арасында осыған ұқсас жұмбақ жағдайдағы суицидттік оқиғалар үдей түсті. Бұл оқиғалардың жұмбағы Филипп Будейкин есімді азамат тұтқындалған кезде барып шешілді.
Бәрі де Будейкиннен басталған
2016 жылдың 15 қарашасында Мәскеу қаласының тұрғыны Филипп Будейкин тұтқындалып, екі айға қамауға алынды. Ол әлеуметтік желі арқылы оқушыларды өлімге итермелегені үшін айыпталып отыр. Журналистерге берген сұхбатында Будейкин бар қылмысын бүкпесізайтып берді.
Филлип Вышний Волочек қаласында көп балалы отбасында дүниеге келген. 2000 жылы оның жанұясы Ухти* қаласына қоныс аударады. Мұғалімдер мен сыныптастарының айтуынша Филипп өте тұйық, мінезі шатпақтау, ашушаң болған. Ешбір ортаға сыйысып, тіл табысып кете алмайтын бала сабақты да нашар оқыған. Достары да болмаған. Жыл сайы сыныптан сыныпқа қала бергесін ұстаздары ата-анасына баланы үйде оқытуға кеңес берген екен. Әупірімдеп жүріп мектепті аяқтаған соң Филипптің отбасы Мәскеуге көшіп келеді. Ағалары жұмыс бабымен басқа қалада қалады да, Филипп анасымен бірге өмір сүреді. Жұмыс іздеген әрекетінен еш нәтиже шықпаған ол кейіннен окулист болып жұмыс істейтін анасының есебінен күн көреді. Күні бойы пәтерінен шықпайтын бала сол күннен бастап компьютерге байлана бастайды. Іші пысқан оның ойына кенеттен түрлі жоба, ойындарды ашу келе бастайды. Әлеуметтік желі арқылы шынайы өмірде болмаған достар жинап, сөйлесіп, сырласа бастайды. Осылайша Филипп Лис деген лақап атпен виртуалды әлем арқылы жасөспірімдердің өміріне ене бастайды. «Көк кит» ойыны осылайша басталып кетеді. Алдымен ол оқушылардың назарын түрлі шок-контент, мистикалық символдар мен ребустар арқылы өзіне аударады. Кейіннен мистикаға жақын, аңқау тіркелушілерді іріктеп алады да, ойынға қосады. Бірінші қадам бойынша ол достарына қарапайым тапсырмалар береді. Мәселен дүкеннен бір зат сатып алу, селфи жасау. Одан кейін ойыншы жануарларды өлтіру, жүріп бара жатқан көліктің астына түсе жаздау, тамырын кесіп көргуе талпыну секілді әрекеттерді жасап, дәлел ретінде суретін жіберуді тапсырады. Ойынға тіркелген күннен бастап әр адамға 50 күн беріледі. Осы уақыт аралығында Филипп барлық ойыншыны өзі бақылап, күнін есептеп отырған. Соңғы тапсырма, яғни елуінші күні орындалады. Ол – нақты суицид. Будейкин құрбандарының әлсіз тұстарын білген. Егер соңғы тапсырманы орындамайтын болса мен сен туралы барлық ақпаратты білемін, сені аңдып жүрмін, өз-өзіңе қол салмасаң ата-анаңды, бауырларыңды өлтіремін деп қорқытқан. Әке-шешесін, жақындарын өлімнен құтқарамын деп жалған ерлікке барған оқушылар осылайша өмірімен қош айтысып отырған. «Мен расымен де жастарды өлімге итермелеп отырдым. Уайымдамаңыз, олар бақытты сезініп барып о дүниеге аттанды. Мен оларға шынайы өмірде болмаған жылуды, ұғынысуды, байланысты сыйлай білдім»,- дейді айыпталушы. Анықталғандай ажал құшқан оқушылардың барлығы қайғылы қадамға түнгі 4:20-дан кейін барған. Филлип мұның да себебін түсіндірді. «Құрбандарымды түнде ұйықтатпауға тырысамын. Тәртіп бойынша балалар сағат тоғызда жатып, таңғы 8-де оянуы тиіс. Егер осы қағиданы бұзсаң балалардың психикасы бұзыла бастайды. Ал жүйкесі бұзылған баламен жұмыс жасау оңай болады»,- депті ол сөзінде. Тілші админнен неліктен мұндай қадамға барғанын сұрағанда «Қоғамда адамдар мен биоқоқыстар бар. Биоқоқыстар қоғамға еш пайда әкелмейтін, керісінше зиянын тигізетін адамдар. Мен ортаны осындайлардан тазарттым» депті. Сұхбат барысында Будейкин жоғарыда айтылған Рина Паленкова оның алғашқы құрбаны болғанын мақтанышпен жеткізген. Оның айтуынша «Көк киттен» 17 жасөспірім өмірімен қоштасып, тағы 28-сі суицид жасауға дайын тұр. Сөз соңында ол түрмеге қамалудан қорықпайтынын мәлімдепті. Мамандар «өлім тобының» администраторының ақыл есін дұрыс деп таныды.
Неліктен «Көк кит»?
Қауіпті ойынның атауы да кездейсоқ қойылмапты. Көк кит - суицид жасаушылардың символы екен. Себебі көк киттер көбіне теңіздің жағаларына шығып қалып, өздерін өлтіріп алады дейді. Ойыншылар китті қадір тұтып, соларға ұқсауға тырысқан. Мұны суицидке барған 12 жастағы Эляның «ВКонтакте» парақшасындағы жазбасынан байқауға болады. «Киттер адамдардан әлдеқайда ақылды. Олар тамаша. Мен олардың ұшып жүргенін көрдім. Киттер неліктен жағаға шығып қалды дейсіздер ме? Жабырқағаннан».
Суицид жағынан әлемдегі 4-ші ел Қазақстан
Қазақстанда өзін өлімге итермелегендердің саны артпаса да, азаймай отыр. Статистика бойынша, еліміз 5-14 жас аралығындағы балалар суициді жағынан әлем бойынша 9 орында. Ал, 15-29 жас аралығындалар бойынша 4 орында тұр. Жастар өмірінің қыршынынан қиылуына түрлі факторлар әсер етуде. Соның ішінде ғаламтордағы ойындардың да ықпалы аз болмай тұр.
Маманнан кеңес
ІТ-маманы Нұрлан Жанай балаларды қауіпті ойындардан құтылудың жолын көрсетіп, ата-аналарға мынадай кеңес береді.
1. 18-20 жасқа толмаған балаларыңызды үйде немесе интернетпен жалғыз қалдырмаңыздар. Мектептегі, сабақтағы жағдайын күнде сұрап, балаларыңызбен жақын дос болыңыздар. Сырласып, бүкіл іс-әрекетін, мінез-құлқын бақылап жүріңіз.
2. Ресейдің сайттарынан аулақ болайық деп жүргеніме қанша болды. ВКонтакте деген сайтты қолданбасын, не үшін қолданатынын сұраңыздар. Қолданған жағдайда да қандай топтар мен пабликтерге жазылғанын, қандай фотолар, картина бөлісетінін тексеріп тұрыңыздар.
3. Түнде қай уақытта ұйықтап, таңертең қаншада тұратынын бақылауда ұстаңыз. Түнде жатпас бұрын интернетін өшіріп тастаңыз, телефонды пайдаланбаса да, көп нәрсе жоғалтпайды. Оның орнына балаңызбен бірге ТВ қараңыздар, шаxмат, шашка ойнап, журнал, кітап оқыңыздар.
4. Ең бастысы балаға ұрыспай, көбірек араласу керек. Бүкіл ойларын, арман-мақсаттарын ата-анасымен бөлісу керек. Сонда ешқандай көк киттер баланы азғырмайды.
5. Интернетті орнымен дұрыс пайдалансаң - жақсы мүмкіндік, орынсыз, мақсатсыз, күні-түні қолдана берсең – қауіпті құрал!
Мұрағаттан, 2017 ж