Түркістанда әлімжеттік кесірінен 9-сынып оқушысы ажал құшты
Зар илеген Мейіржан Нұржанұлының жақындары әділдік іздейді. Қаралы отбасы қаршадай баланы құрдастары мазарат маңына алып барып ұрып-соққан айтады. Жүрек тұсынан алған ауыр соққыдан жеткіншек дәл мола маңында жан тапсырған дейді қара жамылған жанұя.

Несіпгүл Тұтқабекова арқалап өсірген немересін апта бұрын жер қойнына тапсырған. Ұлымның көзі болып қалған Мейіржанымды құрдастары жауыздықпен өлтірді дейді. Қаралы күнді егіліп отырып еске алған әжей 9-сынып оқушысын достары кешке қарай сұрап алып кеткенін айтады. Сол кеткеннен оралмаған жеткіншектің жансыз денесі мола маңынан табылыпты.
"Бұлар 3-4 баланы қойып қойған шеттерінен. Сөйтіп жаңағы төртеуі ұрып шыққан ғой. Екі рет айналдырып шыққан 4 бала. Екі соққыдан есептегенде 8 соққы екен. Менің інімнің жүрегінен ұра берген. Тек жүректен ұрған. Жүрегінен ұра берген соң сол жерде тоқтап қалған жүрегі. Жүрегі жарылып кеткен. Ұйқы безі езіліп кеткен. Ол да жарылып кеткен. Сол кезде тіл тартпай кеткен. Бұлар маған алдап талып қалды деп айтып тұрды. Мен жетсем 40 минут бұрын жүріп кеткен екен інім”, – дейді марқұмның ағасы Бауыржан Нұржанұлы.
Мейіржан Нұржанұлы үйіндегі үш баланың кенжесі. Ол өмірге келгенде әкесі бақилық болыпты. Анасы, әжесі мен ағасының тәрбиесінде өскен жеткіншек физика мен математикаға құмар еді дейді жақындары. Тіпті ажалының алдында байқау жеңімпазы атаныпты. ҰҚК маманы болуды армандаған ол мектептегі әлімжеттік туралы ешкімге тіс жармаған екен.
"Бастық балалары айтады екен. "Бүгін сағат пәлен уақытта 15 мың жина немесе 20 мың жина” дейді. Жағдай енді әр түрлі ғой. Біреуде бар, біреуде жоқ. Сол бір бала әкелмесе бәрін ұрып шығады екен. Осыдан 10 күн бұрын шай ішіп отырсақ мына жері көкбеңбек. "Әй, әшейін ұрып алдым" дейді. Менің баламды қорқытып жүргеніне 3-4 ай болыпты", – дейді Мейіржанның әжесі.
Мейіржанның жақындары әлімжеттік көрсеткен жеткіншектердің әрқайсысы әр түрлі мектеп оқушылары екенін айтады. Тіпті оның арасында Мейіржанның сыныптасы да болған дейді. Алайда бұл туралы мектеп әкімшілігі ақпарат беруден бас тартты.
"Қазір қылмыстық іс тіркелді. Сол себепті қосымша ақпаратты беруге болмайды", – дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.
Қара жамылған отбасы Мейіржанды ұрып өлтірген қатігез құрдастар жазасыз қала ма деп қорқады. Сондықтан тергеудің әділ өтуін, күдіктілердің қамалуын талап етіп отыр.


