«Мешкей деген жақсы ат емес», Меңдіқұлов мыpза!

Байқасаңыздар, соңғы жылдары бір басында бір емес, бірнеше дипломы бар шенеуніктер көбейген. Атқамінерлердің қат-қабат шаруалардың арасында жүріп, көз майын тауысып, соншама дипломды қалай алатынына таң қалатын едік. Таң қалатын ештеңесі жоқ екен. Шымкентте қалауын тапсаң, дипломның түр-түрін, сандалып оқымай-ақ алуға болады. Қандай мамандықты қалайсыз: экономист, заңгер, қаржыгер, әлде бухгалтер ме? Дипломның «қара базарындағы» сауданың шарықтағаны соншалықты жуырда қызды-қыздымен түрмеде отырған азаматтың да университетке түсіп, диплом алғаны, әжептәуір карьера жасағаны белгілі болды. Осы фактіні тиісті органдар анықтағанымен, жергілікті басшылар, құзырлы органдар оны одан әрі қозғауға құлық танытпай отыр. Шамасы, шенеуніктер мен шенділер диплом мәселесін қозғайтын болсақ, өзіміздің де артымыз ашылып қалады деп қорқатын болса керек.
«Рейтинг» газетінде біз бұған дейін Шымкентті жылумен қамтамасыз етіп отырған «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны басшысының міндетін атқарушы Асқар Булешовке тиесілі дипломның жалған болып шыққанын жазғанбыз. Жоқ, жалпылама айтыла салған әңгіме емес. Оған ешқандай дипломның берілмегенін тиісті мекемелер растаған. Дәлірегі А.Булешов оқыды деген М.Әуезов атындағы университеттің проректоры С.Бейсенбаевтың Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловқа осы жөнінде жолдаған хатын жариялағанбыз.
Алайда хатты «Рейтинг» газетінің редакциясына арнайы алып келіп, таныстырған «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының бұрынғы қызметкері, отыз жылға жуық уақыт атқарып келген жұмысынан заңсыз босатылған Ерғали Рүстембековтің айтуынша, жалған диплом мәселесіне не тиісті басшылар, не құзырлы органдар назар аудармаған. Ешқандай қылмыстық іс те қозғалмаған. Дегенмен осы жағдайдан кейін Булешовтің өзі отырған креслосын босатқан.
29 қазанда «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны тікелей бағынатын Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азат Қайнарұлы мұны арызданушы Ерғали Рүстембековке арнайы хатпен хабарлаған.
Хатта Булешовтің жұмыстан босатылған мерзімі 16 қазан деп жазылған. Өз еркімен. Иә, Булешов жалған дипломына байланысты емес, қызметтен өз өтініші бойынша кеткен. Бұл Булешовтің өз шешімі ме, әлде әкімдіктегі «қамқоршыларының» шешімі ме, кім білсін. Кімдікі болса да осы «шешімнің» арғы жағында бір гәптің бары анық.
– Асқар Булешовтің дипломының жалған екендігі биыл маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің тексеруі кезінде белгілі болған. Тексеру қорытындысына департамент басшысының бірінші орынбасары А.Колосков қол қойған. Мен осы қорытындының көшірмесімен танысып шықтым. Оған қарағанда, А.Булешовтің жеке іс-парағында оның жоғары білімді екендігін растайтын диплом тіркелген. Дипломда жазылған мәліметтер бойынша Булешов 2004 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ға түсіп, оны 2009 жылы «Өнеркәсіп және азаматтық құрылыс технологиясы» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Алайда антикордың анықтауынша, 19.06.2003 жыл мен 13.06.2006 жыл аралығында Булешов Қарағанды облысы Долинка елді мекеніндегі ИК-41 түзету мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген. Яғни, бұл уақытта оның университетте оқуы мүмкін емес,– деді редакцияға осы аптада тағы келген Ерғали Рүстембеков.
Мәссаған! Яғни, Булешов университетке «түсерден» бір жыл бұрын сотталып кеткен. Түрмеде үш жыл отырған. Сонда бұл қалай? Бұл жағдай оның дипломды кейінірек сатып алған болуы мүмкін деген күдікті күшейте түседі.
– Булешовтің дипломының жалған екендігі анықталған соң, ол өз еркімен арыз жазып қызметінен кетеді. Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов оны жұмыстан у-шусыз, өзінің жазған арызының негізінде босатып жіберген. Алайда Меңдіқұлов бұл жерде заңды белшеден басып отыр. Өйткені дипломды қолдан жасау немесе оны пайдалану жауапкершілікке әкеліп соғады. Ал, Еңбек кодексі бойынша жұмыс беруші заң бұзған қызметкерге белгіленген тәртіппен жаза қолдануға міндетті. Алайда Меңдіқұлов Булешовті ешқандай тәртіптік жаза қолданбастан жұмыстан босатқан. Басқарма басшысының осы әрекетіне енді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті баға беруі тиіс деп ойлаймын. Президенттің «Әділетті Қазақстан», «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» бастамаларының бос сөз еместігін тым құрыса мемқызметкерлерің тәртібін қадағалайтын департамент дәлелдейді деген үміттемін, – деді Рүстембеков.
Арызданушының айтуынша, ол Булешовтің жалған дипломмен жұмыс істегеніне қатысты жәйттарды алға тартып, Шымкент қаласы әл-Фараби ауданы прокуратурасына хат жазған. Ондағылар хатты Шымкент қаласы Полиция департаментіне жолдаған. Жуырда әл-Фараби аудандық полиция басқармасының басшысы Б.Мырзагелдиевтен хат алған.
– Хатта менің жазған арызымда қылмыстық белгілердің болмауына байланысты қараусыз қалдыру жөнінде шешім қабылданғаны жазылыпты. Булешов «түрмеде отырып» алған дипломымен жұмысқа тұрды, қызметке тағайындалды емес пе?! Ал ол үшін ешқандай жауапкершілік қаралмаған ба? Менің білуімше, ол қызметтен кетіп бара жатып, әріптестеріне жақында қайтып оралатынын айтыпты. Әбден мүмкін. Жақын күндері ол энергетика басқармасына немесе соған қарасты кәсіпорындардың біріне басшы болып келсе, таңғалмаймын. Өйткені оған ешқандай кедергі жоқ, ал «түрмеде оқып» алған дипломын ешкім жарамсыз деп таныған жоқ, Булешовке осындай «кедергісіз келешекті» Меңдіқұлов жасап берді, – деді арызданушы. Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша егер адам жалған құжатты пайдаланса, бұл қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады. Ал полиция басшысы қылмыс құрамы жоқ дейді. Сонда кімге сенеміз? Заңға ма, әлде полицияға ма?
Айтпақшы, антикор қорытындысының көшірмесімен біз де танысып шықтық. Хатта Булешовтің 1998-2003 жылдар аралығында бірнеше мәрте сотталып шыққаны жазылған. «Өз бетінше билік ету», «адамды заңсыз бас бостандығынан айыру», «тонау» сияқты баптармен кінәлі деп танылған. Рас, Булешовтің бүгінде соттылығы жойылған.
Дегенмен жоғарыдағыдай «блатной» баптармен сотталып шыққан адам Шымкенттегі 800-ден астам жұмысшысы бар кәсіпорынды басқаруға қалай келді? Оны бұл орынға кім алып келді? Не үшін алып келді?
Біз бұған дейін Булешовке қатысты жазған мақалаларымызда «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнында сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен айналысатын офицер-комплаенс лауазымын бұрын прокуратура органдарында жұмыс істеп, сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталып кеткен Данияр Толыбаевтың атқарып жүргенін жазған едік. Антикор тексеру барысында көзге шыққан сүйелдей көрінген осы жәйтті анықтап, айрықша атап өткен. Хатта Толыбаевтың офицер-комплаенс қызметіне Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловтың бұйрығымен тағайындалғаны жазылған. Басқарма басшысының пайдакүнемдік пен жемқорлық қылмыс жасаған адамдарға бүйрегі бұрып қызметке тағайындағанда соларға таңдау жасауы таңғалдырады. Пайдакүнемдік пен жемқорлықты қолдаушы деген жақсы ат емес әрине. Бұл «Мешкей деген жақсы ат емес» деген халық даналығын еріксіз еске түсіреді екен. Меңдіқұлов мырзаның мұнысы коррупциямен күресті мазақ ету емей немене?!
Мегаполистегі осындай жөнсіз, адамның ақылына сыймайтын әрекеттеріне қала әкімінің коммуналдық салаға жауапты орынбасары Берік Беркімбаев не айтар екен? Бұл «сатқындықты кешірмейтін» қала әкімі Сыздықбековтің ұстанымына қаншалықты сәйкес келеді? Не де болса, әліптің артын бағып көрейік.
"Рейтинг" газеті, қараша, 2025


