Мәжіліс пен мәслихат сайлауы бір күнде өтпеуі керек
Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев Мәжіліс жанынан құрылған Қоғамдық палатаның отырысында мәслихатқа қатысты бірқатар ұсыныстарын білдірді. Оның ойынша, мәслихаттың маңызын барынша күшейту керек. Саясаттанушы әсіресе, мәслихат сайлауына арнайы тоқталды деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

«Мәжіліс пен мәслихат сайлауының бір күнде өтетіні саяси доданың көзге көрінбей, ың-шыңсыз өте салатынына әкелді. Нәтижелерді екі-үш күннен кейін есептейді және дауыстарды санағанда неше түрлі «қызықтар» болып жатады. Бізге сайлау туралы заңды өзгерту керек, мәслихаттар мен мәжіліс сайлауын бір күнге қоймай, әртүрлі күнге бөліп тастау керек», – дейді Әшімбаев.
Мәслихат аппаратын да күшейту қажет. Тіпті саяси партияларға өздерінің мәслихаттағы фракцияларының аппаратын құруды міндеттеу керек. Әшімбаевтың айтуынша, мәслихат депутаттарының басым бөлігі бизнеспен айналысады. Осының салдарынан мәселен, Алматы қалалық мәслихатында екі комитет төрағасының креслосы біраздан бері бос тұр. Ешкім комитет төрағасы ретінде тұрақты жұмыс істегісі келмейді. Себебі айналысатын бизнестері бар. Әшімбаев сонымен бірге Астана, Алматы, Шымкент қалаларының құрамындағы аудандардың өз мәслихаты болуы керек деп есептейді.
Жалпы, Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат сайлаулары үнемі бірге өтеді. Егер жаңылыспасақ, ол соңғы рет 2003 жылы ғана өз алдына бөлек өткен. Елімізде соңғы мәрте мәслихат сайлауы 2023 жылдың наурызында Мәжіліс сайлауымен бірге өтті. Бұл жолы аудандық мәслихат депутаттары толығымен, облыстық мәслихат депутаттары жартылай жеке мандатпен сайланды.


