Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН. ҚОЙ НЕГЕ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫ?

Oinet.kz 10-09-2020 905

Қой.jpg

Бала кезімізде ақ жаулықты әжелеріміз кеш батса болды, мәнерлеп майын тамызып ертегі айтып беретін. Сол ертегінің кейіпкері Мыстан кемпірден кәдімгідей қорқатынбыз. Көзімізді тарс жұмып көрпенің астына кіріп алып, қозғалмай ұйқыға кетеміз. Әжелеріміздің ертегісіде таусылмайды. Ал тентек бола қалсақ «дамбалыма салып аламын» дегенде, ішінде құбыжық бардай ойбайлап зәре-құтымыз қалмай қораны айналып қашамыз. Қазіргінің балалары одан қорықпайды, қайта өзі кіргісі келіп тұрады.

Бүгінгі ұрпаққа ертегі айта бастаса, «әженің крышасы кеткен бе?» деп мазақтайды. Немересі ертегі айтып әжесін қорқытады. Біздер сол ертегіні естіп өскен ерке едік, мен де ертегі айтқым келіп отыр. Бірақ, балаларға емес, есі бар ересектер үшін...

Ерте, ерте ертеде, ешкі құйрығы келтеде, бір кең аулада көп жылдардан бері Қой, Шошқа, Кенгуру, Жираф және Тоты құс бірге өмір сүріп жатты. Қой момын үй шаруасын өзі тындырады. Су тасиды. Тамақ пісіреді. Аула тазалайды. Шошқа алаңсыз көше кезіп қыдырады. Кенгуру мен Жираф түнгі клубтардан қалмайды.. Ал Тоты құс ән салып, би билеп көңіл көтереді. Бұл өмірде олардан бақытты адам болмады. Басқа аңдар оларға

қызығып қарайтын. Достығы жарасқан аңдар өзге хайуандарға үлгі боларлықтай еді.

Бірде Қой Шошқаға келіп:

- Шоқа, бір шаңырақта тату-тәтті күн кешіп жатырмыз. Мен бір ұсыныс айтайын деп едім

- Қандай ұсыныс?- деді, Шошқа Қойдың сөзін бөліп.

- Тазалық бәрімізге ортақ. аулаға гүл, тал егіп көгалдандырсақ қайтеді.

- Не айтып тұрсың? Маған гүлдің керегі не, одан да шалшық суға шомылғаным жақсы, - деп, Шошқа қорс ете қалды. Мына сөз ашуына тиіп, онсызда жөндеусіз құлағалы тұрған үйдің іргесіндегі топырақты тұмсығымен аударып-аударып тастады.

Шошқадан мұны күтпеген Қой аузы ашылып аң-таң...

Ертеңіне Қой Кенгуруға тіл қатты:

- Кенеке, биыл қыс қатты болады дейді,

- Оны қайдан білесің?- деді Жираф жақтырмай.

- Аспанда ұшып жүрген Бүркіт айтты. Екеулеп шатырды жөндесек жөн болар еді.

Жаз бойы су тамшылап маза бермеді. Ертең аяз болғанда қатып қалармыз.

- Шатыр, шатыр деп, мазамды алдың ғой; менің шатырым негізі Австралияда, күн суыта бастаса еліме тайғым келіп тұр,- деді Кенгуру секеңдеп. Қалталы Кегурудың қалтасы қалың сияқты. Қойдың сөзіне пысқырыпта қараған жоқ. Қой байғұс ойланып тұрып қалды. Олардан мұндай жауап күтпеген еді. Енді Жирафқа келіп жалынды:

- Жәке, бойың бар ғой, үйдің моржасын тазалауға көмектесші.

- Немене, қара күйеге малынатын мен емес. Қарап тұрсам мұнда мен жейтін жеміс-жидек таусылды. Ертең Африкаға қайтамын.

- Осында бір жола келдім дегенің қайда?

Жираф тіл қатпастан басын жоғары көтеріп алды. Достарынан көңілі қалған Қой Тоты құсқа келді.

- Тәке, сыртқы қақпаны сырлап, жөнге келтірейік,- дей беріп еді, Тоты құс тіл қатпастан пыр етіп Отанына қарай ұша жөнелді. Ақыры аулада аузы аңқиып Қой жалғыз қалды.

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Ж.Аймауытов атындағы сыйлықтың иегері

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН. БАС (сатиралық әңгіме)
Бұйырмаған бойжеткен (әзіл әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу