Маңғыстауда Джеки Чан түсетін фильмнің түсірілімі басталды

Oinet.kz 15-06-2026

Қазақстан тағы бір мәрте халықаралық киноиндустрияның назарын өзіне аударды. Маңғыстау облысында әлемге әйгілі актер Джеки Чан түсетін «Доспехи бога 4: Ультиматум» атты халықаралық киножобаның түсірілімі басталды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_1.png

Фильмнің алғашқы көріністері өңірдің қайталанбас табиғатымен танылған көркем аумақтарында таспаға түсірілуде.

Түсірілім жұмыстарының негізгі алаңдарының бірі ретінде Маңғыстаудың визиттік картасына айналған Бозжыра шатқалы таңдалған. Маусым айының 7-сі мен 12-сі аралығында 35 адамнан тұратын шығармашылық топ осы аумақта жұмыс жүргізіп, фильмнің алғашқы эпизодтарын түсірді.

Өңір басшылығы халықаралық жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін мәлімдеді. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, өңірдің табиғи ерекшеліктері мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктері ірі киножобаларды қабылдауға толық негіз бола алады.

– Маңғыстау табиғи ландшафттарының бірегейлігімен ерекшеленеді. Мұндай жобалар креативті экономиканы дамытуға, мәдени мұраны халықаралық деңгейде танытуға және туристік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан біз осындай бастамаларға әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімі.

Мамандардың пікірінше, әлемдік аудиторияға арналған фильмнің Қазақстанда түсірілуі елдің кино өндірісіндегі мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашады. Сонымен қатар, Бозжыра секілді табиғи нысандардың халықаралық кинода көрініс табуы өңірге туристер ағынын көбейтіп, инвестициялық тартымдылықты арттыруы ықтимал.

Жоба отандық кино саласы үшін де маңызды оқиға саналады. Халықаралық деңгейдегі фильм өндірісіне қазақстандық мамандардың қатысуы кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, елдің шығармашылық индустриясының дамуына оң әсер етуі мүмкін.

Түсірілім жұмыстарын биыл толық аяқтау көзделіп отыр. Ал фильмнің әлемдік прокатқа шығуы 2027 жылдың ақпан айына жоспарланған.

Айта кетейік, өткен жылы күзде Джеки Чан Алматы қаласына арнайы келген болатын. Кейін оның Қазақстанға сапары жаңа киножоба үшін түсірілім орындарын таңдауға байланысты екені белгілі болды. Жобаға қазақстандық актер әрі сценарист Рүстем Омаров та қатысып жатыр. Шығармашылық топ Маңғыстаудың табиғаты мен инфрақұрылымын жоғары бағалап, фильмнің негізгі түсірілім алаңы ретінде осы өңірді таңдаған. Сарапшылардың бағалауынша, бұл жоба Қазақстанның халықаралық кино кеңістігіндегі беделін нығайтып қана қоймай, туризм мен креативті индустрияның дамуына да жаңа мүмкіндіктер ашады.

Мәдениет министрлігі Қыз Жібектің қамзолына қатысты тексеру жүргізуде
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу