«Пейіш 2: Анама хат»: Мейірім – ұлтқа, дінге, әлеуметтік мәртебеге тәуелді емес

Oinet.kz 25-02-2026

Биыл прокатқа шыққан фильмдердің дені – отбасылық драмалар. Соның ішінде ана тақырыбын арқау еткен туындылардың салмағы басым. «Құшақташы, мама», «Тастамашы, ана», «Пейіш 2: Анама хат» секілді картиналар бірінен кейін бірі үлкен экранға жол тартты. Ал біз сөз еткелі отырған туынды – қырғыз режиссері Руслан Акун түсірген «Пейіш 2: Анама хат» фильмі.

Screenshot_3.jpg

Аталған фильмнің бірінші бөлімі «Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында» шыққан кезде де алғашқылардың бірі болып тамашалап, көрермен ретінде пікірімізді «Рейтингте» жариялаған едік. Мұндағы фильм оқиғасы сол бірінші бөліммен жалғаса өрбиді...

Әділ анасы екеуінің ең үлкенін арманын орындап, сол арман сапарында анасын Аллаға тапсырып (Райхан апа көз жұмады), ауылына жалғыз оралады. Ауыл адамдары анасына көңіл айтып, Әділдің сонау Меккеден жаяу алып келген зәмзәм суын теңдей үлестіріп алады. Ол ауылда Әділдің анасынан кейінгі жақын досы Самир қалған еді. Қайтып келіп Самирдің де ауылдан кетіп қалғанын естиді. Самир – ата-анасы ажырасып, анасы Мәскеуге тұрмысқа шығып кетіп, нағашы ағасы мен жеңгесінің қолында тұрып жүрген жетімкөңіл өскін еді. Бірақ Әділ ауылға оралғанда Самирді таппайды. Оны бәрі «Самир Мәскеуге (анасына) кетіп қалды» деп алдайды. Шын мәнінде, оны аға-жеңгесі жетімдер үйіне өткізіп жіберген еді.

Осыдан кейін Әділ Самирмен бірге оның анасын табу үшін Мәскеуге жолға шығады. Тағы да ұзақ жол. Тағы да қаражаяу екі жолаушы. Оның бірі – әлі кәмелетке толмаған бала Самир. Енді бірі психикалық дамуы 8 жасында қалып кеткен «ересек» Әділ. Фильмнің негізгі драмасы алғашқы бөлімдегідей дәл осы сапар үстінде біртіндеп ашылады. Алғашында күмәнмен қараған жол үстіндегі адамдардың кейін қолда барымен аямай көмектесуі – режиссер айтқысы келген гуманистік ойдың өзегі десек болады. Бұл эпизодтар түсінем деген адамға мына өмірде адамгершілік пен ізгіліктен жоғары ештеңе жоқ екенін енді бірде сыбырлап, енді бірде айғайлап жеткізуге тырысып-ақ бағады. 

Картинадағы көркем детальдардың бірі – зәмзәм суы. Әділ сол судың Самирге деген сыбағасын ешкімге қимай сақтайды. Самир болса, оны Мәскеуге жеткізіп, анасына беруді армандайды. Алайда жол үстінде жолығып, шарапаты тиген жандарға ұлтына, дініне бөлмей ризашылық ретінде бір жұтымнан болса да үлестіріп құйып беріп отырады.

Әрине, алдыңғы бөлімдегідей бұл әрекеттер дінді сауатты түрде насихаттау амалы сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, меніңше мұны дидактикалық ұстанымнан гөрі гуманистік универсализм белгісі ретінде қабылдауға болатын секілді. Яғни зәмзәм суы бұл жерде діни символ ғана емес, адамдарды «мейірім» атты кеңістікте тоғыстыратын метафоралық құрал қызметін атқарады. Себебі, жақсылық белгілі бір қауымға ғана тиесілі құндылық емес. Адамгершіліктің шекарасы болмайды. 

Screenshot_2.jpg

Сосын меніңше, фильмнің шарықтау шегі Самирдің анасымен қауышу сәтінде емес сияқты. Нағыз кульминация – Әділдің қазасы. Дәл осы тұста фильм өзін де, көрерменді де эмоциялық биігіне көтеріп ала жөнеледі. Фильм басталғанда Самирдің рөлі алдыңғы планға шығып, Әділ көлеңкеде қалады деп күткен едім. Бірақ режиссер негізгі салмақты бәрібір Әділдің өзіне артады. Оның бұл жолғы сапары ішкі тазару жолы. Оның сол ұзақ сапарда асқа тәбеті бұрмай бейсаналы түрде ораза ұстағандай болғаны, ерекше адам бола тұра ең жақынан айырылған Әділдің терең депрессияға түскенін білдірсе керек деп топшыладым. Және бір мән беретін дүние – басты кейіпкерге үнемі сары түсті костьюмдер таңдалған. Бұл да кездейсоқ емес. Визуалды семиотика тұрғысынан сары түс екіұдайы мағынаға ие. Бір жағынан үміттің, жарықтың, рухани серпілістің символы болса, екінші жағынан ішкі мазасыздық пен психологиялық тұрақсыздықтың белгісі ретінде сипатталады. Міне, Әділ бейнесінде осы амбиваленттілік анық байқалады. 

Фильмнің көтеріп отырған тақырып аясы тек ана мен бала қарым-қатынасымен шектеліп қалмай, бүгінгі әлеуметтік-демографиялық контекстпен тығыз үндеседі. Соңғы жылдары түрлі даму ерекшеліктері мен неврологиялық диагноздары бар балалар санының артуы қоғамда инклюзия, ата-аналық жауапкершілік және психологиялық қолдау мәселелерін алдыңғы қатарға шығарғанын білеміз. Осы тұрғыдан алғанда, аталған картинаны заманауи әлеуметтік шындыққа көркем рефлексия жасауға тырысқан туынды ретінде де бағалауға болатын секілді. Фильм ерекше балалардың ішкі әлемін тікелей медициналық белгілер арқылы емес, гуманистік перспектива арқылы ашып, көрерменнің ерекше адамдарға деген эмпатиялық сезімін оятуға тырысатындай...

Айтқандай, сиквелде қырғыз актерлерімен бірге ресейлік танымал әртістер – Станислав Бондаренко, Павел Майков, Алексей Щербаков және Омар Алибутаевтың қатысуы фильмнің ТМД кеңістігіне таралуына әсер еткені сөзсіз. Әсіресе стендап-комик ретінде белгілі Щербаковтың діни реңкі бар драмада көрінуі желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.

Фильм Қазақстанда прокатқа шыққан соң небәрі төрт күн ішінде 548 миллион теңге жинап, бокс-офисте көш бастады. Көрермен көзайымына айналып үлгерген отандық «Ғашықпын саған» фильмі бұл цифрларға жете алмады. Бұған дейінгі алғашқы бөлім (Қазақстанда) 1 миллиард теңгеден астам табыс жинап, кең аудиторияның ықыласына бөленген еді.

Әлеуметтік желілердегі пікірлердің де басым көпшілігі оң. Жылап шыққан көрерменнің қарасы мол. Өзіміз де көз жасымызды сығып-сығып қайттық. 

Кез келген фильмнің көркем шешімдері негізгі идеяға қызмет ететіні белгілі. Мұндағы артық музыкадан бас тарту, ұзақ паузалар – бәрі де ішкі жалғыздық атмосферасының бояуын қалыңдата түседі. Кей тұста экрандағы тыныштықтың өзі диалогтан гөрі әсерлі сөйлейді. Әрине, динамика іздеген көрермен үшін бұл фильм ауыр көрінуі мүмкін. Ал, киносыншы, өнертанушы, талғамы "жоғары" көрермен үшін ішпыстырарлық, "өнер" деп айтуға келмейтіндей көрінуі тағы мүмкін.

Screenshot_9.png

Фильмнің идеялық өзегін түйіндейтін басты мотив – сөзсіз Самирдің анасына жазған хаты. Жол бойы ол күнделігін қолынан тастамай, анасына айта алмаған, ішіне түйінделе берген сезімдерін біртіндеп қағазға түсіреді. Бұл хат – жай эпистолярлық тәсіл емес, баланың ішкі күйзелісін вербалдандыруға бағытталған психологиялық акт. Яғни, жазу арқылы ішкі жүкті жеңілдетуге тырысу. 

Философиялық тұрғыдан алғанда, дәл осы хат – фильмдегі ең жинақы метафора деуге болады. Осы тұста фильмнің көрермен травмасын қайта қозғауға себеп болуы мүмкін екенін де айта кеткен жөн. Ата-анасынан жырақта өскен не айырылып қалған бала үшін; сондай-ақ, баласын жоғалтқан не ерекше бала өсіріп отырған ата-ана үшін аталған картина әртүрлі әсер қалдырады. Яғни, әлдекім үшін жүрекке салмақ салатын ауыр естелік болса, енді біреуге іштегі түйінді тарқататын катарсис болуы да мүмкін мүмкін.

Сондықтан «Пейіш 2: Анаға хат» көрерменді тек жылатуды мақсат ететін мелодрама деуден аулақпыз. Әр адамның өз тәжірибесіне қарай әрқилы қабылданатын, әрқилы ойға жетелейтін гуманистік туынды ретінде бағалауға болады. Соның ең біріншісі өзге түгілі, өзіңе де сенуден қалған мына заманда бейтаныс адамға сену, оған қолұшын созу, жақсылық жасау сияқты қарапайым, бірақ барған сайын сиреп бара жатқан адамгершілік қасиеттердің қадірін білуге шақырса; Жол үстіндегі кездейсоқ кездесулер арқылы мейірімнің ұлтқа да, дінге де, әлеуметтік мәртебеге де тәуелді емес екенін дәлелдеуге тырысып бағады. Міне, осы сюжеттер «адамды адамға жақындататын – ортақ қуаныш немесе трагедия емес, МЕЙІРІМ екен ғой» деген гуманистік ойға жетелей бастайды.

Қадірлі оқырман, бұл кәсіби кинотанушының немесе киносыншының емес, қарапайым көрермен пікірі екенін ескерерсіз.

Сезім МЕРГЕНБАЙ

Ерболат Құдайберген жайлы видеоға қатысты менеджері пікір білдірді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу