Жолдықараев басшы болуға лайық па?

Oinet.kz 28-05-2026

Screenshot_1.png

Әңгімені әріге созбай, күлбілтелемей турасына көшіп, мақаланың тақырыбын тарқатып айтудан бастайық. Егер Қанат Жолдықараев Шымкент қаласының спортына жетекшілік жасауға лайық десек, онда ол  неге алты айдан бері қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып отыр? Оны басқарманың басшысы қызметіне тағайындауға не кедергі?

Егер Жолдықараевтың басқарма басшысы болуға тәжірибесі жетеді десеңіз, онда ол  Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған үш жыл ішінде облыс әкімінің, елдің артқан сенімін ақтай алмай, абыройсыз жағдайда атынан неге ауып түсті? Спорт саласындағы бейберекет тірліктер мен бөлінген қаражаттардың тиімсіздігі үшін мәслихат депутаттарының сынына неге ұшырады? Ақпарат құралдарын неге ұлардай шулатты? Кеше Түркістандағы қызметінен біраз дау-дамаймен кеткен шенеунік енді бүгін Шымкенттің спортына керемет серпін алып келеді дегенге сенуге бола ма?

Сұрақ көп, бірақ жауап жоқ.

Естеріңізде болса, былтыр маусымда Шымкент спортына біраз жыл жетекшілік еткен Марат Мықтыбеков Әл-Фараби ауданының әкімі болып тағайындалды. Осыдан кейін күн тәртібіне оның орнын кім басады, дәлірегі Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына кім жетекшілік етеді деген сауал көлденең қойылды. Өйткені Шымкент қашанда спортты өрге сүйреген, спорттық базасы өте мықты өңір саналады? Ал бізде көп мәселенің бірінші басшының қарым-қабілетіне байланысты екендігі жасырын емес қой.

Күзге қарай Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына бұған дейін дәл осы қызметті Түркістан облысында атқарған Қанат Жолдықараевтың тағайындалғаны туралы мәлімет тарады. Әлеуметтік желіде жұрт құттықтап жатты. Содан бергі аралықта жарты жылдан астам уақыт өтіпті. Бізге мәлім болған мәліметтерге қарағанда, әлі күнге Жолдықараев басқарма басшысының міндетін атқарушыдан әріге аса алмаған. Оның неге басқарма басшысы бола алмағаны туралы әңгіме көп. Сол әңгіменің бірі – Жолдықараевтың кандидатурасына осы уақытқа дейін Туризм және спорт министрлігі тарапынан келісім алынбағанына қатысты.

Осы жерде айта кетейік, 2024 жылдың қыркүйегінде Туризм және спорт министрлігінің тізгінін ұстаған Ербол Мырзабосынов өте батыл бастамаларды қолға алды. Ол бірінші кезекте өңірлердегі спортқа қатысты мәселелерді орталықтандыруға кірісті. Соның ең бастысы – облыстар мен мегаполистердегі спорт басқармалары басшылығына үміткерлерге келісім беру тәртібін енгізу еді. Сол 2024 жылдың қарашасында министрлік жанынан құрылған арнайы комиссия отырысында Қарағанды және Павлодар облыстарының дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылығына ұсынылған екі үміткердің кандидатурасы қаралды.

Атап айтқанда, Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевтің, ал Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашевтың кандидатурасы ұсынылып, комиссия келісімін берді.

Министрліктің сайтында жарияланған мәліметтерге қарағанда, сол жиында министр Мырзабосынов: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІІІ жазғы Олимпиада жүлдегерлерімен кездесуінде әрбір өңір қандай спорт түрін дамыту керектігіне қатысты шешімді дербес қабылдайтынын сынға алған болатын. Осыған орай Президент спорт саласындағы барлық деңгейдегі басқару вертикалін қалпына келтіру жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берді. Енді облыстық спорт басқармаларының басшылығына ұсынылған үміткерлер министрлік жанындағы комиссияның келісімімен жүзеге асырылады», – деп қадап айтқан.

Осы жерде «басқару вертикалін қалпына келтіру» дегенді кім, қалай түсінеді? Бұл  спортқа келгенде жергілікті әкімдіктердің ықпалы әлсірейді деген сөз. Енді «қайдан құлақ шығаруды» тек әкімдік шешпейді. Мәселен, өңірде қай спортқа басымдық беру жөніндегі мәселені министрлік белгілейді. Спорт басқармасына жетекшілік ететін басшының кандидатурасына келісім береді (үміткерлерді әкімдік ұсынады).

 Біз Туризм және спорт министрлігінің сайтынан өңірлік спорт басқармаларының басшысы болуға келісім берілген кандидаттардың тізімін қарап шықтық. Соңғы рет комиссия биыл 27 сәуірде қарамағындағы қызметкерімен төбелесіп, жұмыстан кеткен, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің орнына (Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығына) Алматы облысының олимпиадалық резерв даярлау орталығының басшысы Нұркен Нұратовтың кандидатурасын мақұлдаған. Оның алдын, былтыр тамызда Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы лауазымына Жамбыл облысы әкімдігінің №7 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровқа келісім берген. Оның алдын республиканың бірнеше облыстарындағы спорт басқармалары басшыларының кандидатурасын мақұлдаған. Айталық, олардың ішінде Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына ұсынылған Ғалымжан Құдияров та бар. Тіпті былтыр наурызда министрлік белгілі таэквондошы  Әділхан Сағындықовты Солтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындауға келісім берген. Бір қызығы, осы уақыт аралығында Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының кандидатурасына келісім беру жөнінде мәселе қаралмаған. Бұл жөнінде министрліктің сайтында  ешқандай ақпарат жарияланбаған. Ал Шымкент қалалық әкімдігінің ресми сайтында Қанат Жолдықараевтың аты-жөні Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы ретінде жазылған. Ол былтыр қарашадан бастап ақпарат құралдарында басқарма басшысының міндетін атқарушы болып атала бастаған. Сонда бұл неғылған шым-шытырық, жұмбақ дүние?

Жалпы дәл қазір Жолдықараевты басқарма басшысы етіп тағайындауға министрліктің келісімінен басқа ешқандай кедергіні көріп тұрғанымыз жоқ. Тіпті бұл үшін конкурс өткізудің де қажеттілігі болмауы мүмкін. Өйткені ол бұған дейін Түркістан облыстық спорт басқармасына жетекшілік жасағанын жоғарыда айттық. Бірақ Жолдықараевтың бұл қызметтен ауырлау  жағдайда кеткені жасырын емес. 2024 жылы бұл туралы біз «Рейтинг» газетінде біршама тоқталғанбыз.

Сол жылы Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, оның нәтижелері біраз шындықтың бетін ашты. Бұл тексеру Жолдықараев жетекшілік еткен басқарманың кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруды қайта қарап, қаржыны негізінен балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық спортқа жұмсау туралы Президент Тоқаевтың тапсырмасына атүсті қарағанын көрсетті. Соңғы алты жылда облыста жоғары жетістіктер спортына 80,5 млрд теңге, ал бұқаралық спортқа небәрі 2,3 млрд теңге немесе жалпы соманың 2,8 пайызы ғана бөлінген. Ақшаның көбі футбол төңірегінен ұзамаған. Оның өзі де ақылға қонымсыз.

Соңғы үш жылда футболға бөлінген 9,3 млрд теңгенің 4,6 млрд теңгесі «Тұран» футбол клубына қаралған. Қаражат тиімсіз игерілген.

Бұдан бөлек, клуб басшылығы 2021-2023 жылдары 2,9 млрд теңгеден астам қаржыға негізсіз жоғары жалақы белгілеген. 21 ойыншы ай сайын 2-3,6 млн теңге, төрт қызметкер 1,4-тен 7,6 млн теңгеге дейін, клуб директоры 1,8 млн теңге жалақы алып отырған.

Ақша көп жерде қитұрқылықтың қатар жүретіні белгілі. Командаға өз елінде шеттетілген шетелдік ойыншылар шақырылып, оларға жоғары жалақы белгіленеді. Көп ұзамай олардың командаға «пайдасы жоқ» екені анықталып, келісімшарт мерзімінен бұрын бұзылады. Сосын қомақты өтемақы төленеді. Жалпы ырың-жырың тірліктер футбол саласына көлеңкесін түсірді десек, қателеспейтін шығармыз.  «Тұран» премьер-лигадан ұшып кетті.

 Париж олимпиадасына Қазақстанның 80 жолдама алғаны белгілі. Соның ішінде бесеуі ғана Түркістан облысына тиесілі. Әрине, мүлдем жолдама алмаған облыстар да болды. Бірақ 2 миллионнан астам халқы бар, спортқа миллиардтап қаржы бөлетін Түркістан облысы үшін бес жолдама аз.

Осылайша қызметіне көпшіліктің, оның ішінде облыстық мәслихат депутаттарының көңілі толмаған Жолдықараев 2024 жылдың күзіне қарай Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығынан кетті. Ресми өмірбаянына қарағанда, ол біраз уақыт бизнесте жүріп, кейін бір айдан астам уақыт Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» кәсіпорнының басшысы болған. Содан кейін Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқаруға кіріседі.

Осы уақытқа дейін оның кандидатурасына Туризм және спорт министрлігі тарапынан неге келісім алынбаған? Егер министрлік келісім бермесе, басқа кандидатураны ұсынуға не кедергі? Әлде Шымкент спортына жетекшілік жасауға  Қанат Жолдықараевтан басқа ешкімнің шама-шарқы, қарым-қабілеті жетпей ме?

Ал енді алты айдан бері басқарма басшысының міндетін атқару мемлекеттік қызмет туралы заңнамаларға сәйкес келе ме?

Бұған Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті не айтады?

 Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов не дейді?

Шымкент қалалық әкімдігі не дейді?

Сіз не дейсіз?

«Рейтинг» газеті, 28 мамыр 2026 жыл.



 

 

 


Спортты дамыту дирекциясы Шайдоровтың жалақысы туралы мәлімдеме жасады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу