«Бұл өмірде қуаныш көрмедің»: Сотта атышулы күддікті Сәрсемәлиевтің әкесі мен анасы куәлік берді

Oinet.kz 29-05-2026

Атырау облысында төрт адамның қазасына байланысты қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің әкесі Самиғұлла Сәрсемәлиев куә ретінде жауап берді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_5.png

Жантүршігерлік оқиға Жангелдин ауылында болған. Сот барысында айыпталушының әкесі марқұмдардың барлығын жақсы танитынын айтты. Оның сөзінше, қаза тапқан Мақсот Қарабалин – өзімен құдандалы адам болған. Ал Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалина сол әулеттің балалары екен.

Сот залында әкесінің сөзін тыңдап отырған Сұлтан Сәрсемәлиевтің көзіне жас алғаны байқалды. Айыпталушының адвокаты оның қатты толқығанын жеткізді.

Самиғұлла Сәрсемәлиев екі отбасының арасында ешқандай жанжал немесе араздық болмағанын айтты. Сонымен қатар ұлымен де айтарлықтай келіспеушілік туындамағанын мәлімдеді.

Әкесінің айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін екі отбасы араласып-құраласып тұрған.

Бір-біріне қонаққа барып, қарым-қатынасты үзбеген. Сондай-ақ ерлі-зайыптының бірге тұрғанын, олардың арасында көзге түсерлік жанжалдарды байқамағанын айтты.

"Қаңтар айында Сұлтан мен Ақбаянның Қазақстан шекарасынан өткенін білдім. Қалған отбасы мүшелері жоғалып кеткен еді. Сол кезде олар Түркияға немесе Өзбекстанға емделуге кеткен шығар деп ойладым", – деді Самиғулла Сәрсемәлиев.

Сот барысында ол ұлының мінез-құлқы жайлы айтты.

"Ұлым ешқашан ішімдік ішкен емес, темекі тартпайды, насыбай қолданбаған, құмар ойындарға әуес болған жоқ. Ол әрдайым отбасы мен балаларының қамын ойлайтын", – деді ол.

Адвокаттың Сұлтанның қандай да бір діни ағымға қатысы бар-жоғы туралы сұрағына әкесі ондай жайтты байқамағанын айтып, нақты жауап бере алмайтынын жеткізді. Сонымен қатар әкесі ұлын толық ақтағысы келмейтінін атап өтті.

"Сот кімнің кінәлі екенін анықтап, бұл іске нүкте қояды деп үміттенемін", – деді күдіктінің әкесі.

Әкесі әлі күнге дейін болған оқиғаны толық түсіне алмай жүргенін және ұлының мұндай қылмысқа баратынына сенбейтінін айтты. Оның сөзінше, ол немерелеріне үнемі барып тұрады. Қазір бір бала сәбилер үйінде болса, тағы төртеуі Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәрбиеленіп жатыр. Жауап беру кезінде әкесі Сұлтан мен оның бұрынғы жұбайының арасына басқа адамдар араласқан болуы мүмкін деген пікірін де айтты. Алайда судья мұның адам өлтіруге себеп бола алатынын нақтылап сұрады.

"Ешкім олай ойламайды және ешкім олай айтпайды", – деп жауап берді куәгер.

Сондай-ақ ол қазіргі кезде жас отбасылардың ата-анасынан бөлек тұруды жиі таңдайтынын, бұл қалыпты құбылысқа айналғанын атап өтті. Ұлының өткен өмірі туралы айтқан Самиғұлла Сәрсемәлиев оның балалық шағында психологиялық жарақаттар немесе ауыр күйзелістер болмағанын жеткізді. Оның айтуынша, Сұлтан мен бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева арасында да елеулі жанжалдарды байқамаған.

"Оның Ақбаянға қол көтергенін де, дөрекі сөйлегенін де ешқашан көрген емеспін", – деді әкесі.

Судья ерлі-зайыпты бұрын тату-тәтті өмір сүрген болса, кейін не өзгеруі мүмкін екенін сұрағанда, куәгер мұны қарапайым тұрмыстық келіспеушіліктермен байланыстырды.

"Қазақта "ерлі-зайыптының арасына бөгде адам түспейді" деген сөз бар", – деді Самиғұлла Сәрсемәлиев.

Одан кейін куәгер ретінде сотталушының анасы Гүлнар Азмұханова шақырылды. Ол соттың сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Осыған байланысты судья әйелдің тергеу барысында берген жауабын оқып берді. Ал Азмұханова ол көрсетулерді толық растайтынын мәлімдеді. Сот залынан шығар алдында Азмұханова ұлына тіл қатуға рұқсат сұрады. Ол Сұлтанның бес баласы бар екенін еске салып, қандай жағдай болса да олардың әкесі болып қала беретінін айтты.

"Сен бұл өмірде қуаныш көрмедің. Өмір бойы күресумен келдің. Мықты бол. Өмір үшін күрес. Мен балаларыңа олардың әкесі бар екенін айтып отырамын", – деді ол.

Еске салайық, тергеу нұсқасы бойынша Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайының туыстарын өлтірді деп айыпталған. Бұған дейін ол үш адамды қасақана өлтіргенін мойындағанымен, Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі бойынша қасақана кісі өлтіру айыбымен келіспей, оның абайсызда қаза тапқанын мәлімдеген.

Жангелдин ауылындағы отбасы 2025 жылдың қараша айында із-түзсіз жоғалып кеткен. Көршілерінің айтуынша, алдымен ұлы жоғалып, кейін бүкіл отбасы медициналық көмек алу үшін кеткен деген ақпарат тараған. Алайда 2026 жылғы 6 қаңтарда ерлі-зайыптының мәйіттері өз үйлерінің ауласындағы сарайдан көмілген күйде табылды. Туыстары ұзақ уақыт бойы полицияға жүгінбеген, себебі 32 жастағы ұлдың атынан хабарламалар келіп тұрған. 2026 жылдың ақпан айының соңында Қазақстан ІІМ Индонезияда күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Сол жерден отбасының кенже қызы да табылған. Кейін Ақбаян Мұқанғалиеваға стационарлық кешенді сот-психологиялық және сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.

Күдікті ұсталғаннан кейін кінәсін мойындап, отбасының басқа мүшелерінің мәйіттері жасырылған орындарды көрсеткен. Қайта жүргізілген тергеу әрекеттері кезінде Атыраудағы үй ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың мәйіттері табылды.

Кейін Жангелдин ауылында Мақсот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның балалары 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев пен 35 жастағы Мейрамгүл Қарабалинаны жерлеу рәсімі өтті. Олар ата-аналарының жанына жерленді. Аталған іс бойынша сот процесі Атырау қаласында 2026 жылғы 18 мамырда басталды.

Полиция келген жоқ: Алматыда автобустың кілт тоқтау салдарынан жолаушының қабырғасы сынып кеткен
Жангелдиндегі жантүршіктірерлік қылмысқа байланысты сот отырысында жаңа мәліметтер айтылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу