Полиция келген жоқ: Алматыда автобустың кілт тоқтау салдарынан жолаушының қабырғасы сынып кеткен
16 мамыр күні Алматы қаласында қатынайтын №119 бағыттағы автобуста күтпеген жағдай болып, салдарынан егде жастағы жолаушы ауыр жарақат алды. Автобус жүргізушісі кенеттен тежегішті басқан сәтте әйел адам құлап, денсаулығына елеулі зиян келген, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, әйел сол жақтағы алтыншы қабырғасын сындырып алған. Бұдан бөлек, жамбас пен тізе аймағы қатты соғылған.
“Оқиға орынына жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер заң бойынша жол апатынан жарақат алғандықтан барлығын тіркеп, телефонграмманы полицияға жолдады. Қызықтың көкесі содан кейін басталды. Оқиға орнынан полиция келген жоқ. Арада 4 күн өтті, ешкім бізбен сөйлесуге келген жоқ. Іс қозғалмады, жүргізушіні ешкім іздемеді”, – дейді зардап шеккен тарап.
Әйелдің жақындары бейнебақылау жазбалары уақыт өте өшіп кетуі мүмкін екенін айтып, құзырлы органдардан істі жедел қарастыруды талап етті.
“Автобустардың “дрифті” қашанға дейін жалғасады? Адамдар сүйектерін сыныдырып жатыр. Автопарк жолаушылардың қауіпсіздігі үшін қашан жауапкершілікке тартылады” – деп жазды олар.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл дерек бойынша Әуезов ауданында, Шаляпин және Алтынсарин көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы тіркелгенін растады. Ведомство мәліметінше, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабы 2-бөлігі және 611-бабы 2-бөлігі бойынша хаттамалар толтырылған.
Сонымен қатар полиция “оқиға орнына ешкім келмеді” деген ақпаратты теріске шығарды.
“Полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, жол-көлік оқиғасы бойынша материал жинады. Дерек тіркелді. Зардап шеккен азаматша полиция жасағы келгенге дейін №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Қазір әкімшілік құқық бұзушылық ісі бойынша дәлелдемелерді жинап, істі толық қамту ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр”, – деп хабарлады полиция департаменті.
Қазір оқиғаға қатысты әкімшілік тергеу жалғасуда. Сараптамалар мен өзге де қажетті процессуалдық шаралар аяқталғаннан кейін түпкілікті шешім қабылданатыны айтылды.


