Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру

Мемлекет басшысының «Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне және оның аумақтық департаменттеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі функциялар мен өкілеттіліктер берілді.
Жемқорлық – кеңінен таралған құбылыс. Ол күрделі моральдық, экономикалық және саяси проблемаларды тудырады, тиісті басқаруға кедергі келтіреді, дамуды кешеуілдетеді және бәсекелестікті бұрмалайды.
Бұл мәселенің жаһандық деңгейдегі көрінісі де назар аударуды қажет етеді. Мәселен, 2026 жылғы 10 ақпанда Transparency International ұйымы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін жариялады. Әртүрлі елдердегі жемқорлық деңгейін бағалауға және салыстыруға мүмкіндік беретін бұл негізгі халықаралық құралдың қорытындысы бойынша, Қазақстан 2025 жылдың нәтижесімен 100-ден 38 балл жинап, 182 елдің ішінде 96-орынға тұрақтады. Елімізбен бірдей 38 баллды Эфиопия мен Суринам мемлекеттері де еншілеген. Осы орайда, индекстің көшбасшылары ретінде Дания, Финляндия және Сингапур көрінсе, ең төмен көрсеткішті Оңтүстік Судан, Сомали және Венесуэла елдері көрсеткен. Мұндай халықаралық бағалау біздің елде де жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жергілікті деңгейде күшейтудің маңыздылығын айқындай түседі.
Осыған байланысты бүгінде Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бағытында кешенді жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр.
2026 жылдың бірінші тоқсанында Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен оған қарасты медициналық ұйымдардың қызметіне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері саладағы бірқатар жүйелі мәселелерді айқындады. Талдау барысында нормативтік-құқықтық реттеу, кадр саясаты, мемлекеттік сатып алу, медициналық техникаларды жоспарлау және цифрландыру бағыттарындағы тәуекелдер зерделенді.
Денсаулық сақтау – халықтың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық сала. Сондықтан бұл бағыттағы әрбір шешімнің ашық, заңды әрі тиімді болуы аса маңызды. Жүргізілген талдау көрсеткендей, қазіргі таңда бірқатар ұйымдастырушылық және құқықтық олқылықтар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына негіз болып отыр.
Атап айтқанда, басқарманың қызметін реттейтін ережелерде заңнамада көзделген кейбір өкілеттіктер толық қамтылмаған. Сонымен қатар, ведомстволық бағынысты ұйымдар тізімінде нақты жағдайға сәйкес келмейтін мекемелердің сақталуы құқықтық айқындықтың жеткіліксіздігін көрсетті.
Талдау барысында комплаенс-қызметтердің жұмысын ұйымдастыру мәселесіне де назар аударылды. Кейбір медициналық ұйымдардың ішкі құжаттарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің функциялары нақты регламенттелмеген. Бұл ішкі бақылау жүйесінің тиімділігіне әсер етіп, заң талаптарының сақталуына қауіп төндіреді.
Кадрлық бағытта да тәуекелдер анықталды. Мемлекеттік қызметшілердің коммерциялық ұйымдардағы үлестерін сенімгерлік басқаруға беру талаптарының сақталмауы, сондай-ақ жақын туыстардың тікелей бағыныстылықта жұмыс істеуі мүдделер қақтығысының туындауына алып келуі мүмкін.
Мемлекеттік сатып алу саласында анықталған фактілер ерекше назар аударуды қажет етеді. Кейбір медициналық техникалар мен бұйымдардың нарықтық бағадан әлдеқайда жоғары бағамен сатып алынуы, техникалық ерекшеліктердің өзгертілуі және жоспардан тыс келісімдер жасау тәжірибесі бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесін күн тәртібіне шығарды.
Сонымен қатар, медициналық ұйымдарда бұрыннан бар және қолдануға жарамды жабдықтарды ескермей, қайтадан жаңа техника сатып алу фактілері анықталған. Бұл орталықтандырылған есеп пен цифрлық бақылау тетіктерінің жеткіліксіздігін көрсетеді.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында да кемшіліктер байқалды. Кейбір емханаларда азаматтарды медициналық ұйымдарға тіркеуден бас тарту кезінде заңнамада көзделмеген себептер қолданылған. Мұндай жағдайлар қызмет алушы мен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланысты күшейтіп, артық әкімшілік кедергілер қалыптастырады.
Бүгінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек жазалау шараларымен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – процестерді цифрландыру, шешім қабылдау тетіктерін ашық ету және адами фактордың ықпалын азайту. Осыған байланысты медициналық техниканың бірыңғай цифрлық базасын құру, сатып алу процестерін толық ашық форматқа көшіру және ішкі бақылау механизмдерін күшейту маңызды міндеттердің бірі болып отыр.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бюджет қаражаты әрбір азаматтың игілігі үшін тиімді жұмсалуы тиіс. Сондықтан денсаулық сақтау саласындағы ашықтық пен есептілікті арттыру – тек мемлекеттік органдардың емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін уақытылы анықтау мен алдын алу – медициналық қызмет сапасын арттыруға, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға және саланың тұрақты дамуына негіз болады.
Жүргізілген талдаудың қорытынды анықтамасы Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысына шығарылып, заңнама шеңберінде тиісті шешім қабылдау және бақылау орнату үшін құзырлы органдарға жолданып, тапсырмалар берілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат елдің орнықты экономикалық өсуі үшін жағдай жасауға және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға бағыттала отырып дамуын жалғастырады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті


