Түлкібастық мектеп түлектері баспана сыйлады

Oinet.kz 25-05-2026

Қайырымдылық – адам бойындағы асыл қасиет. Жүректерді жылытатын қайырлы әрекет. Мұқтаж жанға үміт сыйлап, тіршілігімізге сәуле беретін ізгі іс. 

image.png

Бүгін Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов ауылында Абай, М.Ломоносов, Б.Садықов  және Пушкин   атындағы төрт мектептің 2006 жылы бітірген  түлектері мұқтаж отбасыға  үй сыйлады. Бұл игі дәстүр ауданымыздағы түлектер арасында 9-ыншы рет жалғасын тауып отыр.  

Салтанат  Тұрсынбай үш қызды өсіріп отырған жалғызбасты ана, әрі І – топ мүгедегі. Қыздарының алды Аделя он төрт жаста, екінші қызы Сая 3 – сыныпты тәмамдады. Ал кенжесі төрт жастағы Сафия денсаулығында ақауы бар  (дцп), ерекше перзент. Мұқтаж отбасы осы күнге дейін пәтер жалдап, тұрмыстың қиыншылығын көріп келген еді.   Бүгінгі күні бұл отбасы 20 жылдық түлектер сыйлаған төрт бөлмелі жайлы пәтердің кілтін иемденіп, қуанышқа бөленді.  Кілт табыстау рәсімі аудан әкімі А.Естібаев бастаған зиялы қауым өкілдері, түлектердің қатысуымен салтанатты түрде өткізілді. 

image.png

Аудан әкімі Асқар Естібаев алғы сөзді сөйлеп, баспаналы болған отбасын құттықтады. Сонымен бірге игі  шараны ұйымдастырған мектеп түлектеріне алғыс білдірді. Үйдің кілтін С.Тұрсынбайға салтанатпен  табыстап, өз атынан компьютер сыйға тартты. Мұнан соң бірқатар қайырымдылық іске ұйытқы болып жүрген түлектерді Алғыс хатпен марапаттады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Сәтбай Қасымбек ауданымызда осындай сауапты іс бірнеше жылдан бері  жалғасып келе жатқанын айта келіп, түлектерге ризашылығын білдіріп, батасын берді. Аудандық мәслихаттың хатшысы С.Сәрсенбаев та шаңырақ иелерін құттықтап, ізгі тілегін арнады.  Баспана беру  іс шарасын ең алғашқылардың бірі болып бастаған Тілемісов Руслан қайырымдылық бастаманың  арты осылайша ауызбіршілікпен жалғасып, жерлестердің арасында мейірімділік салтанат құрып жатқанына қуанышты екенін айтты. «Баспаналарың құтты болсын, іші жақсылыққа толсын! Жақсы дәстүр жалғасын таба берсін!» деді  ол.  Мәдениет қызметкерлерінің салтымызға сай шашуы, қуанышқа ортақтасқан әсем әндері бүгінгі тамаша сәттің шырайын ашып тұрды. Баспананың лентасын қию рәсімінен соң қонақтар үй ішін аралап көрді. Заманға сай жөндеуден өткен, қажетті жиһаздармен жабдықталған жайлы үй. Түлектер үй жабдықтарымен де қамтамасыз етіп, шаңырақ иелерінің қуаныштарын еселеген. Жайлы баспанаға қолы жеткен Салтанат өзінің қуанышымен бөлсіп, «Алла разы болсын, жақсылықтарың еселеніп қайтсын!» деп   түлектерге, өзіне тілектес боп келген көпшілікке шексіз ризашылығын білдірді.  Түлектер қауымы жиылған көпшілікті ақ дастархан басына шақырды. Құран бағышталып, ақ баталар ақтарылды.  Жақсы лебіз, әдемі ән дастархан басында жалғасын тапты.  Бүгінгі жақсы істің ұйытқысы болып отырған түлектер оқыған мектептің бұрынғы басшылары да әдемі естеліктерін айтып, жақсы тілектерін жаудырды. Түлектер көпшілікке естелік ретінде имани кітаптар таратты.

«Кім бір бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді» деген екен ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде. «Қайырымдылық  жасасаң, қайырын өзің көресің» деген даналық сөз бар қазақта. Демек, түлкібастық  түлектердің қайырымдылық істері өздеріне шапағаты тиіп, сауабын арқалайтыны анық. Разышылыққа бөленіп, берекелеріңіз арта берсін дейміз. Істеріңіз кейінгі жастарға үлгі болып, жақсылық жалғасын  таба берсін!   

Актер Қажет Смағұл өзінен 25 жас кіші қызға үйленді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу