Шархан Қазығұл «Еңбек адамы – 2025» байқауының жеңімпазы атанды
Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы бірлесіп ұйымдастырған «Еңбек адамы – 2025» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздары Алматыда марапатталды, деп жазады Оinet.kz.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өтті. Байқаудың мақсаты – өндіріс пен инженерлік саланың беделін арттырып, еңбек адамының бейнесін көркем әдебиет арқылы насихаттау.
Салтанатты рәсімді академик Бақытжан Жұмағұлов пен Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ашты. Байқауға ел өңірлерінен 50-ден астам шығарма түсіп, оның 21-і шорт-листке енген.
Қорытынды бойынша ынталандыру сыйлықтары алты авторға (200 мың теңгеден) табысталды. Үшінші орын (1 млн теңге) Қанат Нұрмахановқа, екінші орын (2,5 млн теңге) Ғалым Қалибекұлына берілді. Бірінші орын және 5 млн теңге жүлде Қуандық Түменбайға бұйырды.
Бас жүлдені «Әулет» нон-фикшн романы үшін Шархан Қазығұл иеленді. Жеңімпазға 10 млн теңге көлемінде сыйақы табысталды.



