«Құшақташы, мама»: Жеке драма мен қоғамдық травманы тоғыстырған фильм

Oinet.kz 29-01-2026 56

Жалпы кей фильмдер сюжетті баяндаумен ғана шектеледі. Ал кейбірі адамның ішкі әлемімен тілдеседі. Міне, сондай картиналарды көріп шыққанда, экранда не болғанын емес, өз ішіңде не қозғалғанын ойлап ұзақ отырасың. 

Screenshot_4.png

Ал, көрерменге ой тастай алған туынды біржақты пікір ұсынбайды, керісінше көкейде сұрақ қалдырады. Сол сұрақ арқылы фильм адам санасында өмірін жалғастырады.

Біз бүгін 15 қаңтарда прокатқа шыққан «Құшақташы, ана» фильмі туралы сөз қозғамақпыз. Фильм режиссері – Нұрғиса Әлмұрат. Ол бұған дейін елімізде бірнеше телесериал түсірді. Сонымен қатар Түркияда түсірілген «Жәлаладдин» сериалының қоюшы режиссері. Ал, «Құшақташы, мама» біздің білуімізше, режиссердің тұңғыш толықметражды туындысы. 

Фильмнің продюсері – Алмат Шадмат, соңғы жылдары көрерменнің ықыласына бөленген «Әмеңгер» және «Қолыңнан келсе алып қаш» сияқты картиналардың иесі. Ал басты рөлдерді Гүлжамал Мұқажанқызы мен Мақсат Рахмет сомдайды. Сонымен қатар, Зарина Кармен, Нұрай Жеткерген, Әбілмансұр Серіков сияқты танымал актерлер де фильмде ойнайды.

«Құшақташы, мама» – бір отбасының ғана емес, тұтас бір буынның ішінде түйінделіп қалған өкпе-реніші, ықылас-лебізін шешуге ұмтылған картина десек болады. Аталған картинада басты тақырып – ала дорбаға айырбасталған аналық мейірімнің орны әлі күнге толмай келе жатқаны. Яғни фильм жеке драманы қоғамдық қасіретпен астастырады.

Әрі қарай фильм жайлы ақтарыла жазу үшін, оқиғасына тоқталуға тура келеді. Мұнда басты кейіпкер Жалғас (Мақсат Рахмет) – стамотолог. Өз клиникасын ашуға талпынып жүрген орта жастағы отағасы. Әкесіз өскен, әулеттің тізгінұстар тұңғыш ұлы. «Анасы қайтты» деген қаралы хабарды естіп, қабылдай алмай, ауылға барар ұзақ жолда галлюцинацияларға арбалып келеді. Міне, сол жолда ана мен бала арасында шемен боп қатқан талай әңгіменің түйіні тарқатылады. Жол үстінде, жан баласы жоқ кеңістікте ана мен баланың ашылуы – көп көрермен мән бере бермейтін, бірақ драматургиялық тұрғыда өте дәл табылған деталь.

Осы тұста айта кетейік, адам өмірінде ауыр соққы алған кезде, жақынын жоғалтқанда психикасы өзін қорғау мақсатында түрлі механизмдерді іске қосады. Солардың бірі – басты кейіпкер секілді қайғыны қабылдамау, жоққа шығару және өз қиялына арбалу. Яғни, адам өзіне ауыр соққыны қабылдауға дайын емес, сол себепті жағдайды өзгертіп, әлдеқашан болған оқиғаны жоққа шығару арқылы өзін уақытша қорғауға тырысады. Алайда ол уақытша механизм. О баста қайғыны жеңілдетуге көмектескендей сезілгенімен, ұзаққа созылған жағдайда адамның психикалық денсаулығына кері әсерін тигізеді. 

Screenshot_5.png

Ана мен бала арасындағы диалогқа оралсақ. Баласына еміреніп отырар уақыты болмаған бір буынның, өз сезімін ашық айта алмайтын буын тәрбиелегені, Жалғастың осы бір әңгімесінен аңғарылады: «Сіз жақсы ана болуға тырыстыңыз. Мен жақсы бала болуға тырыстым. Сөйтіп жүріп біз өмір сүруді ұмытып кеттік қой, мама!», – дейді орта жасқа келсе де ана махаббатына қанып үлгермеген Жалғас.

Баланың тамағы тоқ, көйлегі көк, ұйқысы тыныш болса деп, бірнеше жұмысты қатар алып жүрген ананың да уәжі орынды: «Баламыз жыласа, жыласын. Бастысы тірі жүрсін дедік» немесе «Біз сүйе тұра, сүйгенін білдірмейтін әйелдердің заманында өмір сүрдік», – деп ашынған ананың сөзі дұрыс емес тағы айта алмаймыз. 

Фильмдегі режиссерлік, музыкалық шешімдер жай күнде соншалықты әсер ете бермейтін диалогтарды, оқиғаларды көрермен көңіліне терең сіңдіруге күш салып-ақ бағыпты.

Бұл жерде екінші диалог аға мен қарындас арасында өрбіп отырады. Басынан құс ұшырмай өсірген ерке қарындастың, оқу оқып, сайран салар шағында некесіз бала көтеріп, ауыл баласына тұрмысқа шығуы, анасы Жалғастың емес, қарындасының сөзін сөйлеуі де өзі дұрыс деп тапқан шешімдерін быт-шыт қылып кеткен басқа да шақтар көз алдына көлбеңдеп, келеді де тұрады. Осы оқиғадан соң аға мен қарындас арасына да сызат түседі. 

Фильмдегі ең әсерлі әрекет, бәлкім деталь – сөз немесе көз жасы емес, құшақ десек болады. Режиссердің дәл осы қарапайым құшақтасуды фильмнің эмоционалдық өзегіне айналдыруға тырысқанын байқаймыз. Себебі бұл туындыда құшақ – махаббаттың емес, жетіспеушіліктің белгісі. Уақытында болмаған мейірімнің кешігіп жеткен сәті.

Ана мен баланың ғана емес, аға мен қарындастың көріскен сәттегі құшақтасуында анасыз қалған бауырлардың ортақ қасіреті жасырынып жатыр. Ал анасыз қалған екі отбасының бірге құшақтасуы фильмнің идеялық шегіне айналған көрініс секілді. Бұл құшақтасу мейірімнің жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға қажет екенін аңғартатын символ деуге де болады. 

Кез келген өнер туындысын іске алғысыз етіп тастайтын режиссерлік немесе авторлық шешім кейіпкерді жақсы, не жаман кейіпкер деп бөлу екені анық. Себебі жаны бар адамның бойында қоғам жақсы, не жаман деп танитын қасиет-қабілеттің бәрі де сыйып жатады. Бұл фильмде де солай. Кейіпкердің әрекеті, диалогі, ішкі монологі, жіберген қателігі бәрі-бәрі өмірдегідей. Кейіпкердің ішкі трансформациясы арқылы режиссер көрермен көңіліне тереңірек із сала алады. Яғни, біз экрандағы бейнеден не өзімізді танимыз, не өзімізден қашқымыз келеді. 

Театр әртістерінің көптігі диалогтерге салмақ бергенімен, кей тұста сахналық пафос сезілетіні де рас. Алайда, фильмнің музыкалық сүйемелдеуі, жарық түсірілуі, актерлердің ойнау шеберлігі секілді тағы да басқа режиссерлік шешімдерге кәсіби киносыншылары тоқтала жатар. Біз философиялық, психологиялық салмағын сөз етуге тырыстық. Сонымен қатар филолог, журналист ретінде тіліне де тоқталып өтуді жөн көрдік. Фильмнің тілі – мейлінше жатық, таза қазақша. Бұл соңғы жылдардағы отандық кинода сирек кездесетін үлкен плюс деуге болады. 

Алайда, фильмнің атауы қате жазылған. Афишасында да, титрында да «Құшақташы мама» деп жазылған. Ортасына үтір қойылмаған. Өздеріңіз білетіндей, мұнда «ана» сөзі қаратпа сөз. Ал, қаратпа сөздің алдынан да, артынан да үтір жүреді. Яғни, «Құшақташы, мама» деп жазылуы керек еді...

Әрине, фильм мінсіз деп айта алмаймыз. Осыдан екі жыл бұрын қырғыздардың «Пейіш» фильмі шыққан кезде жазған мақаламызда: «Қалай болғанда да дүниеде ешкім көкезу, қызылкеңірдек болып дауласпайтын сұлу бір тақырып болса, ол – «ана мен бала» тақырыбы ғой» деп жазған екенбіз. 

Иә, қалай болғанда да, «Құшақташы, мама» – ана мен бала арасындағы байланысы сезімге емес, жауапкершілікке айналып кеткен бір буынның жарасын ашып, көзіне жас ұялатқан туынды болды. Өйткені мұнда мәселе ананың қандай болғанында емес, уақытында айтылмаған сөздің, кешігіп жеткен мейірімнің адам өмірінде қандай із қалдыратынында.

Фильм бізге бір шындықты аңғартады. Адам жақынын жоғалтқанда, тек адамнан емес, сол адаммен әйтеуір бір айтылады деп күтіп жүрген әңгімеден, үміттен айырады. Ал айтылмаған сөз қайтып келмейтін уақыттың, сәттің, адамның қасіретін одан әрі қалыңдата түседі.

Жоғарыда айтқанымыздай бұл картина ана бейнесін қасиеттендіріп, мінсіз биікке көтермейді. Керісінше, ананы да уақыттың құрбаны, заманның салмағын көтерген адам ретінде көрсетеді. Осы арқылы фильм адам болмысының әлсіздігін айыптамайды, керісінше түсінуге тырысады. Ал түсіну – кешірудің алдындағы ең ауыр әрі ең қажетті саты.

Біз күнделікті күйбеңмен жүріп, жақын адамдармен уақыт барда айтылуы тиіс сөздерді кейінге қалдыра беретініміз бар. Ал, уақыттың бізді қашанға дейін күтетіні беймәлім. Күнделікті тіршілікте ананың барын қалыпты нәрсе ретінде қабылдайтынымыз, оның үнсіз еңбегін, айтылмай қалған мейірімін міндет сияқты көретініміз де бар. Ал фильм осы «қалыптылықтың» ең үлкен қателік екенін көрсетеді. 

Сезім МЕРГЕНБАЙ

Роза Рымбаеваның концертіне шақырту алған Баян Алагөзова бармайтынын айтты
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу