Астанада Данияр Мейірханға қатысты сот жабық режимде өтуде: Оған қандай айып тағылған
Астана сотында уақытша қызметінен шеттетілген Ішкі істер министрлігі (ІІМ) Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірханға қатысты қылмыстық іс қаралуда.

Астана қалалық сотының баспасөз қызметі істің жабық режимде қаралып жатқанын хабарлады.
Данияр Мейірханның адвокаты Алия Жаманбаева өзінің қорғауындағы азаматқа "жыныстық қатынасқа және өзге де сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеу" бабы бойынша айып тағылғанын мәлімдеді.
"Бұл – лас, негізсіз айыптау. Жәбірленуші тараптың өзі сот процесінің жабық өтуін сұраған. Қоғамдық резонансқа байланысты Мейірхан жұмыстан шеттетілді. Ол есірткі қылмыстарына қарсы белсенді күресіп, зертханаларды жапқан. Оны өзіне айтылған сын мен ескертулерді ұнатпаған қызметкер айыптап отыр", – дейді заңгер.
Айта кетейік, 8 сәуірде Данияра Мейірханның 2025 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келген есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы қызметінен шеттетілгені белгілі болды. ІІМ оған қатысты әріптестерінің шағымы бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Ал 13 мамырда Данияр Мейірханға қатысты сталкинг дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Алайда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сотта "жеке айыптау" тәртібімен қаралып жатқан материалдар бар екенін айтқан.
Сонымен қатар Данияра Мейірханға қатысты телефон сатып алуға байланысты арыз бойынша да тексеру жүргізілген.
"Тергеу органы қылмыстық қудалауды тоқтатты. Оның бұрынғы қарамағындағы қызметкер Данияр Мейірханға арнап телефонды бөліп төлеу арқылы сатып алғанын айтқан. Алайда мұны ол Данияр Мейірханның өз қаражатына жасаған. Мұның бәрі 2024 жылы болған. Сол кезде Данияр оған маңызды тапсырма жүктеп, ІТ-мамандар тобымен бірге спутник арқылы бүкіл зертханалардағы химиялық шығарындыларды бақылап, елдегі “синтетикалық” есірткі өндірісін тоқтатуды тапсырған. Алайда біреулер бұл жоспардың жүзеге асқанын қаламаған секілді", – деп жазды Жаманбаева Facebook парақшасында.


