Тағы бір тілге ресми мәртебе беріле ме? Үкімет жауабы жарияланды

Oinet.kz 14-06-2026

Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова мен оның партияластарының сауалына жауап берді. Бұған дейін олар ымдау тілін Қазақстандағы ресми қарым-қатынас тілі ретінде тануды сұраған болатын.

Screenshot_2.jpg

Жауапқа сәйкес, үкімет ымдау тілін дамытуға және оны заңнамалық деңгейде тануға қатысты сауалды қарастырды. Қазақстанның шетелдегі мекемелерін тарта отырып, әлемде ымдау тілдерін ресми танудың халықаралық тәжірибесі зерделенді.

"Бірқатар елде (Германия, Ресей, АҚШ, БАӘ, Қытай, Түркия және т.б.) бұл норма мүгедектігі бар адамдардың тең құқығын қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты қарастырылады. Кейбір елдерде (Болгария, Жапония, Испания, Корея, Словакия және т.б.) ымдау тілін дамытуға бағытталған жеке норматив құқықтық актілер қабылданған. Ал өзге мемлекеттерде (Португалия, Хорватия, Швеция, Эстония және т.б.) бұл мәселе салалық норматив құқықтық актілер арқылы реттеледі", - делінген жауапта.

Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін әлеуметтік қорғау шаралары, әлеуметтік оңалту, арнаулы әлеуметтік қызметтер, сурдоаударма қызметтері, инклюзив білім беру және қолжетімділікті қамтамасыз ету тетіктері қарастырылған.

Бұдан әрі премьер-министр өз жауабында есту қабілеті бұзылған балаларды оқыту бойынша өзекті статистиканы келтіріп, еліміздің жоғары оқу орындарында білікті сурдопедагогтарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту бойынша жүйелі шаралар туралы баяндайды. Бектенов инклюзив қоғамды дамыту үшін цифрлық сервистер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу барысын егжей-тегжейлі сипаттайды — бұған электрон бейне сөздік пен нысандардың интерактив қолжетімді картасын іске қосудан бастап, арнайы ЖИ-ассистенттерді құру және телехабарларды автомат түрде сурдоаударма жасау жүйесін әзірлеуге дейінгі шаралар кіреді.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы ымдау тілі мамандарының қызмет көрсету көлемін одан әрі кеңейту мәселесі жаңа әлеуметтік бастамаларға қосымша бюджет қаражатын бөлуге 2028 жылдың аяғына дейін қолданыста болатын мораториймен шектеліп отырғанын атап өтті.

Олжас Бектеновтің айтуынша, Қазақстанда қабылданған Инклюзив саясаттың 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен Жасанды интеллектіні дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы да депутаттар көтерген мәселелерді қамтиды.

"Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік органдар мен үкіметтің тұрақты бақылауында", - деп түйіндеді премьер.

Қазақстанның барлық өңірінде "Әділет" партиясының филиалы ашылады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу