Заңсыз декреттік төлемдер бойынша тергеу жүріп жатыр
Қазақстанның 13 өңірінде декреттік төлемдерді заңсыз алу фактілері бойынша 38-ден астам қылмыстық іс қозғалды. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған істер бойынша мыңнан астам әйел жауапқа тартылды. Ал алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі шамамен 3 миллиард теңге.

“Қазірдің өзінде тоғыз қылмыстық іс бойынша осы заңсыз схемаларды ұйымдастырған тұлғаларға қатысты сот үкімдері шығарылды”, – деді Шегай.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, заңбұзушылықтар Әлеуметтік сақтандыру қоры мен Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитеті жүргізген ішкі тексерулер барысында анықталған.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, қазір бұл мәселеге қатысты министрлік ішінде ішкі аудит жүріп жатыр. Оны осы айдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.


